Қырғызстан Ұлттық банкінің экс-төрағасы үйқамаққа алынды
Қырғызстан Ұлттық банкінің бұрынғы төрағасы Мелис Тургунбаевқа қатысты бұлтартпау шарасы өзгертіліп, ол үйқамаққа жіберілді.
24.kg мәліметінше, Бішкек қалалық соты Мелис Тургунбаевты үйқамаққа алу туралы шешім шығарған. Сондай-ақ экс-басшының сыбайлас жемқорлық ісі бойынша тергеліп жатқаны айтылды.
Еске сала кетейік, Мелис Тургунбаевтың ұсталғаны 25 наурыз күні белгілі болды. Ол кезде БАҚ өкілдері Қырғызстан ІІМ тергеу қызметі оны «Қырғызмұнайгаз» (ОАО «Кыргызнефтегаз») компаниясына қатысты іс бойынша куәгер ретінде жауап алуға шақырғанын хабарлаған. Алайда тергеу әрекеттерінен кейін ол ұсталды.
Ақпаратқа сәйкес, Мелис Тургунбаев мұнай-газ саласында бірқатар басшылық қызметтер атқарған. Атап айтқанда, «Қырғызмұнайгаз» компаниясында басқарма төрағасы және директорлар кеңесінің төрағасы болған.
Сондай-ақ ол табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрі қызметін атқарып, кейін Қырғызстан Ұлттық банкін басқарған.