Қырғызстан жаңа әнұранға байқау жариялады

Байқауға композиторлар, музыканттар, ақындар, жазушы топтар, шығармашылық бірлестіктер қатыса алады. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Қырғызстанда мемлекеттік әнұранның жаңа сөзі мен музыкасына байқау жарияланды, деп хабарлайды «Кабар» агенттігі.
Қырғызыстан мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің хабарлауынша, байқау қырғыз халқының тарихи мұрасын, мәдени дәстүрін және ұлттық бірлігін көрсететін жоғары көркемдік және музыкалық туынды жасау мақсатында өткізіліп жатыр.
Байқауға композиторлар, музыканттар, ақындар, жазушы топтар, шығармашылық бірлестіктер қатыса алады.
Жобалар отансүйгіштік, салтанаттылық, әдеби стандарттарға сәйкестігі бойынша бағаланады. Байқау жеңімпазын құрамында Жогорку Кенеш депутаттары, жазушылар, композиторлар, мәдениет қайраткерлері бар комиссия анықтайды.
Ведомство байқауға тек жаңа туындылармен ғана емес, авторлық құқық сақталған жағдайда бұрын орындалған музыкалық туындылармен де қатысуға болатынын атап өтті. Байқау жеңімпаздары ақшалай сыйлыққа ие болады.
Естеріңізге сала кетейік, Қырғызстанның мемлекеттік әнұраны елдің Жоғарғы Кеңесінің 1992 жылы 18 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген. Бастапқыда ол үш шумақ пен қайырмадан тұрды. Алайда Жогорку Кенештің 2012 жылғы 27 желтоқсандағы шешімімен екінші шумақ алынып тасталды.
Айта кетейік, Қырғызстан да 2023 жылдың 22 желтоқсанында мемлекеттік туын өзгерткен болатын. Ондағы күн сәулесінің толқынды пішіні түзу сызықты пішінге ауыстырылды.