Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:10

Қырғызстанда 34 кандидат "ОПГ"-мен байланысы бар" деген күдікпен сайлауға жіберілмеді

1
Фото: g.akipress.org

Қырғызстанда парламент сайлауына 34 кандидат жіберілмеді. Себебі кейбір үміткерлер ұйымдасқан қылмыстық топтармен байланысы бар деген күдікке ілінді

Қырғызстанның Орталық сайлау және референдум өткізу жөніндегі комиссиясы (ОСК) Жогорку Кеңештің кезектен тыс сайлауына қатысуға өтініш берген 34 азаматтың кандидатурасын тіркеуден бас тартты. Бұл туралы 7 қараша күні ОСК баспасөз қызметі хабарлады.

Негізгі себептер – жарнаның толық төленбеуі мен заң бұзушылықтар

Комиссияның мәліметінше, кейбір азаматтар сайлау жарнасын толық төлемеген және сайлау қорын заңда белгіленген мерзімде құрмаған.

Бұдан бөлек, ОСК Конституциялық заңның 61-бабының 11-тармағына сілтеме жасап, бірқатар үміткерлерге ұйымдасқан қылмыстық топтармен байланысы бар деген себеппен қатысуға рұқсат бермегенін мәлімдеді.

Аталған бапқа сәйкес, егер азамат қылмыстық ұйымдармен немесе қарулы топтармен байланысы бар тұлға ретінде профилактикалық не жедел есепте тұрса, оны депутаттыққа тіркеуге тыйым салынады.

Сайлау мерзімдері мен үміткерлер құрамы

Кезектен тыс парламент сайлауына кандидат ұсыну мерзімі 30 қазанда аяқталды.
Жалпы 589 адам ниет білдірген, олардың ішінде 365 ер адам және 224 әйел бар.

Жогорку Кеңеш сайлауы 30 қарашаға белгіленген. Ал сайлауалды үгіт жұмыстары 10 қарашада басталады.

Еске салайық, Жогорку Кеңеш 25 қыркүйекте өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдаған. Бұл шешімнен кейін елде парламенттің жаңа құрамын сайлау қажеттігі туындаған болатын.

Тегтер: