Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:42, 13 Қараша 2024

Қырғызстанда билікті басып алуға дайындалған жеті адам қамауға алынды

1
Фото: mvd.gov.kg

  Қырғызстан Ішкі істер министрлігі елдегі жаппай тәртіпсіздіктер мен билікті күшпен басып алуды ұйымдастырды деген күдікпен жеті адамның ұсталғанын хабарлады.

Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 17 қарашада Қырғызстанда жергілікті кеңестер депутаттарының сайлауы өтеді.

«Бішкек қаласының маңында спорт ойындары мен түрлі жарыстар өткізу жоспарланған болатын. Осы сылтаумен олар (қамауға алынғандар) сайлау күні зорлық-зомбылыққа шақыру, конституцияға қайшы талаптар қойып, билікті басып алу мақсатында жағдайды тұрақсыздандыруды көздеген.

Ведомствоның мәліметінше, қамауға алынғандар арасында шетелдіктермен қатар Қырғызстан азаматтары да бар. Тінту кезінде олар тұрған жерден  граната, тапанша, үш квадрокоптер, сондай-ақ жиналға халыққа беріледі деген мың бөтелке арақ, бір тонна күріш пен бір жылқы табылды.

Қырғыз үкіметі 2024 жылдың басынан бері үшінші рет билікті басып алу әрекетін жариялады. Қаңтар айында республика президенті Садыр Жапаров мемлекеттік төңкерістің алдын алғанын мәлімдеді. Шілде айында елдің арнайы қызметі тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, билікті басып алуды көздеген бір топ адамды тұтқындаған болатын.