Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Қырғызстанда енді төңкеріс болмайды – Садыр Жапаров

Садыр Жапаров
Фото: ашық дереккөз

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров әлеуметтік желідегі ресми парақшасында мемлекеттегі саяси тұрақтылық пен билік жүйесінің нығайғанын айтып, «Қырғызстанда енді ешқандай төңкеріс болмайды» деп мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, елде билікті күшпен өзгертуге талпыныс жасайтын «бүлікшілердің» әрекеттері сәтсіз аяқталады, өйткені «мемлекет бұрынғыдай әлсіз емес, халық та кімге сену керегін біледі».

«Төңкерістер болмайды. Біріншіден, біз бұған жол бермейміз. Екіншіден, бұрынғы әлсіз мемлекет енді жоқ. Біздің мемлекетіміз күшті. Үшіншіден, халық кімді қолдау керегін жақсы біледі», - деп жазды ол Facebook-те.

«Бүлікшілер» мен «ескі элита» туралы

Жапаров кейбір «жаман ниетті топтардың» қоғамдағы проблемаларды әдейі ушықтырып, сайлау кезінде дүрбелең туғызуға тырысатынын атап өтті. Оның сөзінше, бұл топтар құрамында:

  • Сот шешімімен мүлкі мен қаржысы мемлекетке өткен бұрынғы шенеуніктер мен жемқорлар;

  • Бұрын «көлеңкелі схемалармен» табыс тапқан кәсіпкерлер;

  • Қызметінен айырылып, кек қайтаруға тырысып жүрген саясаткерлер бар.

«Бұдан былай төңкеріс тек түсіңізде ғана болады. Мародерлік, талан-тараж, билікті басып алу мен байлыққа ұмтылу – енді тек артта қалды», — дейді Жапаров.

Қырғызстан тәуелсіздік алғаннан бері үш рет төңкеріс болды:

  • 2005 жылы президент Асқар Акаев биліктен шеттетілді;

  • 2010 жылы биліктегі Құрманбек Бакиев тақтан тайдырылды;

  • 2020 жылы Сооронбай Жээнбеков наразылықтардан кейін отставкаға кетті.

Осы оқиғалар елдің саяси жүйесіне тұрақсыздық әкеліп, бірнеше жыл бойы Қырғызстан аймақтағы ең көп төңкеріс болған мемлекет ретінде аталды.