Қырғызстанда колониядан тікұшақпен кеткен азамат қайта ұсталды
Қырғызстанда президенттің рақымшылығымен босап шыққан Даниэль Ажиев қайтадан ұсталды.
Kaktus.media басылымының мәліметінше, бұл туралы күштік құрылымдардағы дереккөздер хабарлаған.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, 6 наурыз күні Ажиевті милиция қызметкерлері Тоқмақ қаласында достарымен бірге жүрген жерінен ұстаған. Басылым дереккөздерінің айтуынша, тінту кезінде одан есірткі табылған болуы мүмкін, алайда қайта ұсталуына нақты не себеп болғаны әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Еске салайық, Даниэль Ажиев 2023 жылдың маусымында ұсталған. Оған вебкам-студиялар желісін ұйымдастырды деген айып тағылған. Сонымен қатар іс материалдарында ақша бопсалау туралы шағым да болған.
Кейін сот Ажиевтің мүлкіне бұғат қойып, оны мемлекет пайдасына тәркілеу туралы шешім шығарған. Оның активтерінің жалпы құны 262 млн сом деп бағаланған.
Сот шешімімен Ажиев 9 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Алайда 18 ақпанда Қырғызстан президентінің жарлығымен оған рақымшылық жасалғаны белгілі болды.
Бұған дейін БАҚ Ажиевтің Петровка ауылындағы №8 түзету колониясынан тікұшақпен ұшып кеткенін хабарлаған.
Қазір оның қайта ұсталуына байланысты мән-жайлар нақтыланып жатыр.