Қырғызстанда Конституциялық сот келесі президент сайлауының мерзімін нақтылады
Қырғызстан Конституциялық соты келесі президент сайлауы 2027 жылдың қаңтар айының төртінші жексенбісінде өтетінін мәлімдеді.
Бұл шешім 17 ақпанда қазіргі президент Садыр Жапаровтың өтініші қаралғаннан кейін қабылданды.
Сот 2010 жылғы Конституция аясында сайланып, 2021 жылдың 28 қаңтарында алты жылдық мерзімге қызметіне кіріскен Жапаровтың өкілеттік мерзімі мәселесін қарады.
2021 жылы қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес, президент енді 5 жылға сайланады және қатарынан екі мерзімге сайлануға шектеу енгізілген. Ал 2010 жылғы Конституция бойынша президенттің өкілеттік мерзімі 6 жыл болған және бір адам екінші мерзімге сайлана алмайтын.
Конституциялық сот Жапаров қызметіне кіріскен кезде бұрынғы Конституция нормалары күшінде болғандықтан, оның 6 жылдық өкілеттік мерзімі сақталады деген қорытындыға келді. Яғни, 2021 жылғы жаңа Конституциядағы 5 жылдық мерзім оған қатысты қолданылмайды.
Сонымен қатар, 6 жылдық мерзім екі мерзімге шектеу туралы норма аясында бірінші мерзім ретінде есептеледі.
Сот атап өткендей, қазіргі президенттің өкілеттік мерзімін жаңа Конституцияға сәйкес қысқарту құқықтық сабақтастық қағидатын бұзу болар еді, себебі бұл заң нормаларын кері күшпен қолдануды білдіреді.
Мерзімінен бұрын сайлау тек 2021 жылғы Конституцияның 72-бабында көрсетілген нақты негіздер болған жағдайда ғана өткізілуі мүмкін. Атап айтқанда:
президенттің өз еркімен отставкаға кетуі,
қызметінен босатылуы,
денсаулық жағдайына байланысты міндетін атқара алмауы,
немесе қайтыс болуы жағдайында.
Осылайша, сот сайлауды 2026 жылдың 24 қыркүйегінен кешіктірмей тағайындау, ал дауыс беру күнін 2027 жылдың 24 қаңтарына белгілеу туралы шешім қабылдады.
Жапаровтың өтініші оған және Қырғызстан парламентінің спикеріне жолданған хатқа байланысты жасалған. Бұл хатқа 75 қоғам қайраткері, оның ішінде бұрынғы премьер-министрлер мен депутаттар қол қойған. Хатта жаңа Конституция қабылданғаннан кейін президенттің өкілеттік мерзіміне қатысты құқықтық белгісіздік бар екені айтылып, ықтимал құқықтық даулардың алдын алу үшін мерзімінен бұрын сайлау өткізу ұсынылған еді.