Қырғызстанда мерзімінен бұрын парламент сайлауы 30 қарашаға белгіленді

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров мерзімінен бұрын парламент сайлауын 2025 жылғы 30 қарашада өткізу жөнінде жарлыққа қол қойды.
Бұл науқанды ұйымдастыру және қашықтан дауыс беруді қолдану міндеті Қырғызстанның Орталық сайлау және референдум өткізу комиссиясына жүктелді.
Парламенттің өзін-өзі таратуы
25 қыркүйекте Жогорку Кенеш 32 депутаттың бастамасымен өзін-өзі тарату туралы қаулы қабылдаған болатын. Инициаторлардың айтуынша, бұл шешім екі ірі саяси науқанның мерзімдерінің қатар келуіне байланысты қабылданды.
Негізгі жоспар бойынша парламенттік сайлау 2026 жылғы қарашада, ал президенттік сайлау 2027 жылғы қаңтарда өтуі тиіс еді. Депутаттар екі сайлауды қатар өткізу билік тармақтарының тұрақты жұмысына кері әсер етіп, қаржылық және адами ресурстарды шамадан тыс қажет етеді деп санайды.
Айта кетейік, 2025 жылғы маусымда Садыр Жапаров «Сайлау туралы» заңға өзгерістер енгізген болатын. Жаңа жүйеге сәйкес, елде 30 көпмандатты сайлау округі құрылады, әр округтен үш депутаттан сайланады. Осылайша, Жогорку Кенеш бұрынғыдай 90 депутаттан тұрады.