Қырғызстанда Ташиев басқарған ҰҚМК қызметкерлеріне қатысты жемқорлық іс қозғалды
Қырғызстанның әскери прокуратурасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) жекелеген қызметкерлеріне және олармен байланысты тұлғаларға қатысты жемқорлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер заңсыз баюдың тұрақты схемасын ұйымдастырған. Олар кәсіпкерлерден және қылмыстық істер бойынша өтіп жатқан тұлғалардан мемлекет пайдасына беріледі деген желеумен алынған ақша мен мүліктік құқықтарды жүйелі түрде жеке мақсаттарына пайдаланып отырған.
Тергеу мәліметінше, заңсыз әрекеттерге арнайы қызметтің қазіргі қызметкерлері де, азаматтық тұлғалар да тартылған. Іс аясында рөлдері бөлінген ұйымдасқан топ болған деген нұсқа қарастырылып жатыр.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында ҰҚМК жүйесіндегі жемқорлық фактілері туралы хабарланған еді. Атап айтқанда, бірқатар істер бойынша бірнеше адам ұсталып, ішкі тексерулер нәтижесінде кей қызметкерлер жұмыстан босатылған.
Арнайы қызмет қызметкерлерін ұстау Камчыбек Ташиевтің отставкасынан кейін басталды. Кадрлық өзгерістерден соң құқық қорғау органдарына бизнес өкілдері мен мемлекеттік құрылымдардан ведомство қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты жүздеген шағым түскен.
Осы жағдай аясында қоғамда бірқатар қылмыстық істерді қайта қарау және соңғы жылдардағы күштік құрылымдардың қызметін терең тексеру туралы талаптар күшейді.
Ал ҰҚМК бұған дейін ақпараттық кеңістікте таралып жатқан сын пікірлер біржақты болуы мүмкін екенін және ұлттық қауіпсіздік органдарын қаралау мақсатында жасалуы ықтимал екенін мәлімдеген.