Бүгін, 14:41
Қырғызстанда ұсталған қазақстандықтың жары Тоқаев пен Жапаровқа үндеу жасады

Қырғызстанда қамауға алынған қазақстандық азамат Ануар Жетібаевтың жұбайы Зәуре Телемисова Тоқаев пен Қырғызстан Президенті Жапаровқа ашық хат жолдады.
Бұл туралы КаzTAG хабарлады.
Телемисованың айтуынша, оның күйеуі 6 тамыз күні Қазақстан–Қырғызстан шекарасынан өткен кезде Қырғызстанның ҰҚК қызметкерлері тарапынан ұсталған. Оған ұйымдасқан қылмыстық топқа (марқұм Камчы Көлбаев пен Жаппасовтың тобы) қаржылай көмек көрсетті деген айып тағылған.
– Менің күйеуім Асымбек Көлбаевпен мүлде таныс болмаған. Ал Жаппасовты біздің ауылдың барлық тұрғыны біледі, ол сегіз жылдан бері Қазақстанда жазасын өтеп жатыр. Соған қарамастан, еш дәлелсіз, еш айғақсыз күйеуімді екі айдан астам уақыт бойы Бішкектегі СИЗО-да ұстап отыр. Жақында тағы екі айға қамауда ұстау мерзімін ұзартты. Бұл қалай? Президенттерден осы іске назар аударып, әділдік орнатуды сұраймын», - деді ол.
Еске салсақ, 13 тамыз күні Телемисова күйеуінің шекарадағы «Қордай – Ақжол» бекетінде негізсіз ұсталғанын айтқан еді. Оның сөзінше, Жетыбаев туыстарымен Ыстықкөлге демалысқа бармақ болған, бірақ қырғыз тарапы оны ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландыру ісіне байланысты айыптап отыр.