Қырғызстанда Жапаровқа үндеу жасаған үш азамат ұсталды
Қырғызстан Ішкі істер министрлігі жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру ісі бойынша үш адам ұсталғанын хабарлады.
Олар 9 ақпанда президент Садыр Жапаров пен Жогорку Кеңеш төрағасы Нурланбек Тургунбек уулуна президенттік сайлау өткізу туралы үндеу жолдаған 75 азаматтың қатарында болған.
Ведомство ұсталғандардың аты-жөнін толық атамады, тек Т.Б., У.Э. және Д.К. деген есімдерді келтірді. Қырғыз қызметі Радио Азаттықтың жазуынша, бұл – қоғам қайраткері Бекболот Талғарбеков, Қырғызстанның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі Эмилбек Узақбаев және бұрынғы депутат Құрманбек Дыйқанбаев.
75 адам ІІМ-ге жеткізілген
Министрлік мәліметінше, үндеуге қол қойған 75 азаматтың барлығы ІІМ-ге жеткізіліп, олармен тергеу әрекеттері жүргізілген. Үш ұсталған азамат «қылмыстың бастамашылары және белсенді қатысушылары» деп көрсетілген.
Үндеуде не айтылған?
Президентке жолданған хатта Садыр Жапаров 2021 жылы ескі Конституция бойынша сайланғаны, ал сол жылдың сәуірінде Конституция жаңартылғаннан кейін президенттік мерзімнің ұзақтығына қатысты құқықтық түсіндірмелерде келіспеушіліктер туындағаны айтылған.
Құжат авторларының пікірінше, жақын арада сайлау өткізу «әртүрлі түсіндірмелерді, қосымша түсіндірулерді, қоғамдық дауларды және Конституциялық сотқа жүгінулерді болдырмауға мүмкіндік береді».
Министрлер кабинетінің төрағасының орынбасары Эдиль Байсалов Facebook парақшасында соңғы айларда «жауапсыз элементтер», «саяси банкроттар» Камчыбек Ташиевтің атын жамылып, билік ауысуы туралы қауесет таратқанын жазды.
Оның айтуынша, дәл осындай әрекеттер қоғамда «екі билік бар» деген әңгімелердің таралуына, мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы талаптардың күшеюіне және қазіргі биліктің легитимдігіне күмән туғызуға себеп болған.
Айта кетейік, Қырғызстанда келесі президент сайлауы 2027 жылдың қаңтарында өтуі тиіс.