«Қырғызстандағы ресейлік компаниялар саны үш есеге көбейді» – Жапаров
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2025 жылы республика аумағында жұмыс істейтін ресейлік компаниялардың саны алдыңғы жылдарға қарағанда үш есе өскенін мәлімдеді.
Бұл туралы ол Бішкекте ресейлік президент Владимир Путинмен мемлекеттік сапар аясында өткізілген келіссөздерден кейін айтты.
2025 жылғы қарашадағы ресми мәлімет бойынша, Қырғызстанда Ресей қатысқан 1800-ден астам компания тіркелген. Бұл елдегі барлық шетелдік компаниялардың үштен бірін құрайды.
Кремль «достық ниеттегі» елдер деп атайтын мемлекеттерде ресейлік компаниялар саны 2022 жылы ақпанда Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін Батыс санкциялары енгізілген соң күрт көбейген.
Ресейлік компаниялар жанама санкциялардан сақтану мақсатында «достық ниеттегі» елдерде жұмыс істеп, сондай-ақ Ресейге тауарларды үшінші елдер арқылы тасымалдауға мүмкіндік беретін параллель импортпен айналысады.