Қырғызстаннан кейін Түрікменстанда да ұлттық қауіпсіздік басшысы ауыстырылды
Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхаммедов ұлттық қауіпсіздік министрі Назар Атагараевты қызметінен босатты.
Тиісті шешім Мемлекеттік қауіпсіздік кеңесінің отырысында қабылданған.
Хабарға сәйкес, Атагараев басқа жұмысқа ауысуына байланысты лауазымынан кеткен.
Оның орнына майор Довлетгелди Мередов Түрікменстанның ұлттық қауіпсіздік министрі болып тағайындалды. Бұған дейін ол президенттің қауіпсіздік қызметін басқарған.
Түрікменстанның Ұлттық қауіпсіздік министрлігі елдің қауіпсіздігі мен барлауына жауапты негізгі орган саналады. Мемлекеттік қауіпсіздікті қорғау, терроризмге қарсы күрес жүргізу және стратегиялық салаларды бақылау – министрліктің басты міндеттері. Бұл құрылым Түрікменстанның саясаты мен күштік блогында маңызды рөл атқарады.
Еске салсақ, 10 ақпанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамчыбек Ташиевтің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойған еді.
Сонымен қатар, оның орынбасарлары – Даниэл Рисалиев, Құрбанбек Авазов, Элизар Сманов және Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Рустам Мамасодиков та қызметінен босатылды.
Бұдан бөлек, Қырғызстан парламентінің спикері мен бас прокурордың бірінші орынбасары да отставкаға кеткен.