Қырғызстанның экс-президенті Атамбаев мемлекеттік наградаларынан айырылды
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров бұрынғы мемлекет басшысы Алмазбек Атамбаевты барлық мемлекеттік наградаларынан айыру туралы жарлыққа қол қойды.
Шешім 2025 жылғы 3 маусымда Бішкектің Первомай аудандық соты шығарған үкімін орындау аясында қабылданған.
Құжатқа сәйкес, елдің экс-президенті Қырғыз Республикасының бұған дейін берілген мынадай мемлекеттік марапаттарынан айырылды:
-
Қырғыз Республикасының ең жоғары ерекшелік белгісі — «Қырғыз Республикасының Батыры» атағы;
-
«Манас» ордені (II дәрежелі);
-
«Данакер» ордені;
-
«Данк» медалі.
Сонымен қатар, осы наградалар берілген президент жарлықтарының күші жойылды.
Қырғыз Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Сот орындаушылар қызметіне мемлекеттік наградалар мен оларға қатысты құжаттарды заңда белгіленген тәртіппен алып қою, кейін оларды мемлекеттік наградалар қорына тапсыру жөнінде тапсырма берілді.
Еске салайық, 2025 жылғы маусымда Бішкектің Первомай аудандық соты 2019 жылғы тамызда Кой-Таш ауылында болған оқиғаларға байланысты Алмазбек Атамбаевты сырттай 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және мемлекеттік наградаларынан айыру туралы үкім шығарған болатын.
Бұған дейін экс-президент Алмазбек Атамбаев Қырғызстан билігін елдегі энергетика саласындағы жағдайды сынға алғаны да хабарланған.