Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:08, 18 Маусым 2024

Қырық кісі – бір жақ, қыңыр Путин – бір жақ

Саммит
Фото: ашық дереккөз

Швейцарияның Бюргеншток курортында Украинаның «Бейбітшілік формуласы» аясында ұйымдастырған саммиті аяқталды. Сенбі-жексенбі, екі күнге созылған жиында нақты үш мәселе қаралып, қатысушы 100-ге жуық ел өкілдерінің басым бөлігі құжатқа қолын қойып, мөрін басты. Қатысушылардың көбі саммитті «Бейбітшілікке жасаған бір қадам» деп бағалады.  

Ресейдің Украинаға басқыншы соғыс ашып, күн сайын екі жақтан мыңнан аса адам опат болып жатқанына екі жарым жылға жуықтады. Майданда әлі де орыстардың десі басым. Соңғы бірнеше ай барлық шепте шабуылға шығып, мысықтабандап болса да алға жылжып келеді. Ауыз толтырып айтарлықтай, шаттанып қуанарлықтай болмаса да күніне 50-100 қадам, кейде жарты шақырым ілгерілейді. Бірақ осы санаулы метрге Кремль сандаған адамның қанын, мыңдаған ата-ананың көз жасын төгіп жатыр. Аяушылық танытатын нышан байқалмайды. Ал дипломатиялық майданда Украинаның бәсі жоғары. Халықаралық Гаага сотының тұтқындау туралы ордерінен кейін жарты әлемге жолы жабылған Владимир Путинге қарағанда Батыс пен Шығысты еркін шарлап, қалаған жеріне барып кездесу өткізіп жүрген Владимир Зеленский аттас дұшпанынан көш ілгері. Маусымның 15-16 күндері Швейцарияда өткен «Бейбітшілік формуласы» саммитінде де Украина басшысы Ресей президентінен оқ бойы озып шықты.  

Сәл арыдан баяндасақ, Украина «Бейбітшілік формуласы», кейде «Зеленский формуласы» деп аталатын құжат төңірегінде «Жаһанның бейбітшілік саммиті» жиынын ұйымдастыруды 2022 жылдан бері ойластырған. Соғыс бастала сала Беларусь пен Түркия ұйымдастырған Украина-Ресей келіссөзінен нәтиже болмаған соң Украина тыңнан сүрлеу салып, жаңа жол табуға әрекеттеніп-ақ келеді. Киевтің логикасы өте қарапайым – «көп қорқытады, терең батырады». Сондықтан Кремльдің тоң мойнын жібітіп, айтқанға көндіру үшін саммитке барынша көп мемлекеттің қатысқаны жақсы. Осы жолда Владимир Зеленский алдымен Батыстағы серіктестерін көндірді. Екіншіден, Украинаның қазіргі билігі 2014 жылғы «Минск келісімін» қателік деп есептейді және оны қайталағысы келмейтінін ашық айтады. Ол кезде Беларусь астанасында Ресей мен Украина арасындағы келіссөзге Франция мен Германия ғана араағайын қызметін атқарған. Бірақ «Минск келісімі» арада 8 жыл өткенде үлкен соғыстың басталуына тосқауыл болмады. Сондықтан Зеленский Путинмен жасалуы мүмкін ендігі келісімді тұтас әлемнің қолымен, дүниежүзі елдерінің мөрімен бекітіп алуға бейіл.

Саммит орны есебінде Швейцарияның таңдалуы да тегін емес. Жаһандық соғыстардан үнемі өзін бейтарап ұстап үйренген елдің аумағында тыныштық туралы ақылдасу ақылға сыйымды екенін ешкім жоққа шығармайды. (Дегенмен Ресей сыртқы істер министрі былтыр Швейцарияны «бейтарап ұстанымнан тайып кетті» деп кінәлаған.) Батыс көнгенмен, шартараптың өзге қиырындағы кейбір жұрттың тілін табу оңай болмады. Қасарысып баққаны – Қытай мен Бразилия. Бірі – Азияда, бірі – Оңтүстік Америкада орналасқан экономикасы үлкен, халқының да саны көп бұл екі елдің қолдауына Украина аса мұқтаж. Әсіресе экономикасы мен әскери әлеуеті жағынан Вашингтонның өзі санасатын Пекиннің жылы сөзі Киевке ауадай қажет қазір. Бірақ Владимир Путинге құшағын ашып, арқадан қағып ардақтайтын Си Цзиньпин әзірше Владимир Зеленскийге жылы қабақ танытпады. Танытпағаны сол – Швейцариядағы саммитке өзі де келмеді, шабармандарын да жібермеді. Пекиннің әуел бастағы талабы айқын: саммитте Ресейдің өкілдері де отыруға тиіс. Бірақ ұйымдастырушы жақ бұған келіспейді. «Алдымен жер жаһан Ресейдің басқыншы соғысының зардабы бәріне ауыр тиіп отырғанын мойындап, ортақ пікірге келуі керек» дейді Киев. Сол себепті де Швейцарияға Ресей шақырылмады. Тағы бір айта кететіні, Зеленский бұған дейін арнайы шақырту жолдағанын мәлімдесе де саммитте Орталық Азиядан ешкім көрінбеді. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстан биліктері Швейцарияның «ауа райын» қолайсыз көре ме, әйтеуір ешкімді аттандырмады.

Бюргеншток курортына 92 мемлекет пен 4 халықаралық ұйым өкілдері келді. 57 елден президент немесе премьер-министрлер қатысты. Германия, Франция, Ұлыбритания бастаған Еуропа елдерінің басшылары түгелге жуық үстел басында отырды. БҰҰ, НАТО, Еуропа Одағы, Еуропа парламенті сынды ірі ұйымдар да қалыс қалмады. Қалай болғанда да маусымның 15-16 күндері өткен жиынның «Халықаралық саммит» деген статусқа сай болғанына дау жоқ.

АҚШ делегациясын вице-президент Камала Харрис бастап жетті. Джо Байден сол күні таңертең Еуропада жүрсе де Швейцарияға бармады. Одан бір күн бұрын ол Италияда өткен «Үлкен жетілік» елдері саммиті аясында Украина президентімен жеке кездесіп, АҚШ-Украина арасында қауіпсіздік келісіміне қол қойған. Алайда қарашадағы сайлауға байланысты Байден өз еліне кетуге, сайлауалды кампаниясын жүргізуге мәжбүр. Оған қазір Путиннен гөрі Трамп қауіпті. «Байтал түгіл бас қайғы». Күздегі сайлауда жеңіліп қалатын түрі бар.

Украина «бейбітшілік формуласы» деп атаған құжатта екі жыл бұрын ең негізгі он пункт болатын. Онда Ресей әскерін Украина аумағынан толық әкету, Ресейдің Украинаға қарсы қылмысын тергеу, Ресейді Украинаға компенсация төлеуге мәжбүрлеу, қайта соғыс ашпауға көндіру секілді талаптар да болған. Алайда Швейцариядағы саммитте бұлардың ешбірі талқыланбады. Ядролық қауіпсіздік, азық-түлік тасымалына еркіндік және тұтқындарды түгел босатып, Украина жерінен күшпен Ресейге алып кеткен балаларды қайтару туралы үш мәселе сарапқа салынды. Үшеуі де бейбітшілікті жақтайтын әлемнің ешбір елі бас тарта қоймайтын тақырыптар. Оның үстіне Ресейді әлдебір тығырыққа тірейтіндей немесе аса қатты шамына тиетіндей мәселе емес. Қорытынды коммюнике осы үш мәселе негізінде әзірленді. Бірақ бар-жоғы екі парақ құжаттың «Ресей Федерациясының Украинаға қарсы жүргізіп жатқан соғысы жалпы адамзатқа азап шектіріп, тұтас әлемге жаһандық дағдарыс тудырып отыр» деген алғашқы сөйлемінде Кремльге жақпайтын мазмұн бар. Сонда да коммюникеге 80-ге жуық ел қол қойған. Оншақты мемлекет мөр баспаған. Қол қоймағандар қатарында Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Бразилия, Үндістан, Мексика бар. Италия үкіметі қос қолдап қуаттаса да Рим папасы билік құратын Ватикан бейтарап қалған. Бұлардың ең басты уәжі – бейбітшілік мәселесін талқылауға екінші тарап Ресейді шақыру. «Соғысты тоқтату үшін соғысушы тараптардың бәрі келіссөзге қатысуы керек» деген ұстанымда. Украина бұдан үзілді-кесілді бас тартпайды. Екінші саммитке Кремль өкілдерін шақыруға қарсы емес. Зеленский сөзіне қарағанда, ендігі саммит АҚШ-тағы президент сайлауына дейін ұйымдастырылады.

Швейцария саммитіне бір күн қалғанда Зеленскийдің «бейбітшілік формуласына» қарсы Путин өзінің «нағыз бейбітшілік ұсынысын» жария еткен. Оның ұсынысы бойынша, Украина Луганск, Донецк, Херсон мен Запорожье облыстарынан түгелдей кетуге, Қырыммен бірге осы аумақтың бәрін Ресейдікі екенін мойындауға, Киев НАТО-ға мүше болу идеясынан бас тартуға және Батыстың Ресейге қарсы санкцияларының бәрі алынуға тиіс. «Осы талаптың бәрі орындалса, соғыс аяқталады, ал ұсыныстан бас тартса соғыстың ары қарай жалғасуына Украина мен Батыс кінәлі болады» деген Путин. Путиннің ұсынысы бейбітшілікті қалаған адамның сөзіне ұқсамады. Халықаралық қауымдастық Кремль қожасының айтқандарын «ұсыныс емес, ультиматум» деп қарады. Швейцариядағы саммитте сөз алған АҚШ вице-президенті Камала Харрис: «Шындығын айтайық: Путин келіссөзге емес, капитуляцияға шақырады. Америка Украинаны қайырымдылық мақсатында емес, біздің стратегиялық мүддемізге сай келген соң қолдап отыр» деді. Германия канцлері Олаф Шольц Путин ұсынысына «назар аударатындай ештеңе емес» деп баға берді. Оның сөзінше, дәл қазір бейбітшілікті Украинадай қатты қалап отырған ел жоқ. Италия премьер-министрі Джорда Мэлони Путиннің әрекетін «пропаганда» деп есептесе, Польша президенті Анджей Дуда «асқынған империализм» деп бағалайды. Франция президенті Эмманюэль Макрон Украинаға көмекті бұдан да көбірек, молырақ жөнелтуге шақырады. Нидерланды премьер-министрі Марк Рюттенің пікірінше, «қазір үрей құшағындағы Путиннің саммит алдында осылай далбасалауы жақсылықтың нышаны». Саммит соңындағы баспасөз конференциясында журналистердің сұрағына жауап берген Украина президенті Путиннің ұсынысын жиынға қатысқан әріптестерінің көбі, тіпті бұған дейін Ресейге іш тартып келген кейбір саясаткерлердің өзі «соғысты аяқтауға құлықсыздық деп түсініп, пікірлерін өзгерткенін» айтты. «Кейде дұшпанның қателігі – зор жеңіс» деді Зеленский.

«Бейбітшілік саммитінің» екінші кезеңі қашан және қайда өтетіні белгісіз. Бұған дейін екінші жиынға Ресейді шақыру көзделсе, екі тарапқа да бұра тартпайтын, бейтарап ел таңдалуы керек екені хабарланған. Оның бірі Сауд Арабиясы болуы мүмкін деген Украина сыртқы істер министрлігі. Бірақ сенбі-жексенбі күнгі жиынға араб елінің королі мен ханзадасы емес, сыртқы істер министрінің ғана келуі Сауд Арабиясының келесі саммитке мұрындық болуға аса құлықты емесін байқатқандай. Арабия ат-тонын ала қашса, саммиттің келесі кезеңі осы Швейцарияда жалғасын табуы да ғажап емес. Мұны ел президенті Виола Амхредтің сөзі аңғартады. Ол халықаралық Гаага сотының тұтқындау туралы ордеріне қарамастан екінші отырысқа Ресей президенті Владимир Путиннің алаңсыз қатысуына барлық жауапкершілікті алуға дайын екенін білдірді. Оның сөзін растаған Швейцария сыртқы істер министрі Иньяцио Кассис «Біздің заңымыз бойынша да оның келуіне бөгет жоқ. Әрине, Гаага сотымен ақылдасамыз. Дегенмен саммитті ұйымдастырушы ел ретінде шешімді жеке-дара өзіміз қабылдауға хақымыз бар» деді. Бұл Батыстың «келіссөзден қашпаймыз» деген мағынада Кремльге жолдаған сигналына ұқсады. Ендігі жүріс – Путиндікі.

Айгүл Баба