Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:12, 04 Сәуір 2024

Қырық кісі бір жақ, Шарлапаев бір жақ

Шарлапаев
Жас Алаш

Утиль алымы – Қазақстан үкіметі шеше алмай жүрген күрделі проблемалардың бірі. 2016 жылы утилизация бағдарламасы енгізілгеннен бері бұл мәселе күн тәртібінен түспей келеді.

Сарапшылар утиль алымына қатысты екі үлкен сұрақ бар екенін айтады. Біріншісі, алым мөлшері өте жоғары, тіпті ақылға қонбайды. Екіншіден, жиналған ақша жеке монополист компанияның қалтасына түседі. Ал олар қаржыны қайда жұмсап жатқаны белгісіз, ешкім ашық есеп бермейді. 

Қазақстанда шетелден әкелінетін автомобильдерді болашақта жою үшін утиль алымы алынады. Билік бұл жүйенің пайдасы ұшан-теңіз екенін айтудан жалыққан емес. Шенділер утиль алымы шетелден ескі көліктің кіруін тежеп, экологияны жақсартады, отандық автоөндірісті дамытады, соның арқасында халық жаңа машина мініп, жақсы өмір сүреді деп уәде берген.

Бірақ биліктің ойлағаны орындалған жоқ. Тіпті бәрі керісінше болды. Халық әу баста қарсы болған утилизация бағдарламасының кемшілігі күн өткен сайын көбейіп барады. Ең алдымен, автоөндіріс мүлде дамыған жоқ, елде құрастырылған көліктердің локализация деңгейі өте төмен. Автобөлшектердің 86%-ы Ресей, Қытай, Өзбекстан сынды көрші елдерден келеді. Оның үстіне бұл саланы монополистер жайлап алған, 7 жылдан бері жұмыс істеп тұрған екі-ақ зауыт бар. Оларға мемлекет субсидия төлейді, салық бойынша да жеңілдік берілген. Оның сыртында утиль алымынан түскен қаржының көбі осы «автоөндірушілерге» беріледі.

Автопарк та жаңармады. Қазақстандағы автомобиль саны 2005-2016 жылдар арасында 1,2 миллионнан 4 миллионға артқан. Ал утилизация жүйесі іске қосылғаннан бергі 8 жылда автопаркке 500 мың ғана машина қосылды. Оның үстіне елдегі 4 миллионнан аса жеңіл көліктің көбі ескі. Атап айтқанда, 49%-ының зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан, 21%-ына 10 жыл толған. «Жасы» 3-тен аспаған жаңа машиналар үлесі 6% ғана. Бұл шенділердің жұртқа жаңа көлік мінгізе алмағанын анық көрсетеді.

Жолда ыңыршағын сүйреткен ескі көліктер жүргенде экологияны жақсарту жайлы айтудың өзі артық. Негізі аты айтып тұрғандай, утиль алымы істен шыққан техниканы жинап, утилизацияға жіберуге арналған. Бірақ Қаңтар оқиғасынан бері ескі машинаны ешкім қабылдап жатқан жоқ. Осы іспен айналысатын Қарағандыдағы RecyclingCompany зауыты екі жылдан бері жабық тұр. Әлия Назарбаеваға тиесілі делінетін зауытқа талас жүріп жатқанын жазған едік. Жақында ғана сот шешімімен мекеме мемлекет меншігіне өтті.

Жұрт арасында «утилизация бағдарламасы Ә.Назарбаеваға арналған» деген сөз жүр. Өйткені утиль алымын жинайтын «ӨКМ операторы» да Назарбаеваға тиесілі. Қаңтар оқиғасынан кейін бұл мекеме жабылып, оның жұмысы «Жасыл даму» АҚ-ға жүктелді. Бірақ бұл бір монополистің орнын екінші монополист басқандай ғана болды. «Жасыл даму» да есігін ішінен іліп алып, өз білгенінше жұмыс істеп жатыр. Халықтан жиналған қаржының есебі әлі белгісіз. Басқаша айтқанда, бұл саладан «ӨКМ операторының» өзі кеткенмен, көзі қалды. 

Ақылға қонбайтын ақы

Утиль алымының мөлшері көлік қозғалтқышының көлеміне байланысты. Қаңтар оқиғасына дейін азаматтар елге жеңіл көлік кіргізу үшін 450 мыңнан 3 млн 500 мыңға дейін ақша төлейтін. Ал ірі жүк көлігін әкелгендер 6 млн 200 мың теңге санап беретін. 2022 жылғы мамырдан бастап билік алым мөлшерін 50%-ға азайтты. Бірақ ол әлі жоғары. Жеңіл автомобиль үшін – 229 мыңнан 1 млн 828 мыңға дейін; жүк көлігі үшін – 536 мыңнан 3 млн 139 мыңға дейін; ауыл шаруашылығына арналған трактор, комбайндар үшін – 6 млн 891 мыңға дейін ақы төлеуге тура келеді.

Ең қызығы халық мұнша ақшаны не үшін төлейтінін түсінбейді. Логикалық тұрғыда түсіндіруге келмейтін осы соманы кім, неге сүйеніп белгілегені белгісіз. Яғни белгілі бір цифрлар бар, бірақ оның қайдан шыққанын ешкім білмейді. Бұл сұраққа бағаны белгілеген өнеркәсіп және құрылыс министрлігі де жауап бере алмайды. Жиналған ақша не үшін керек, қайда жұмсалады деген сұраққа да жауап жоқ. Егер адамдар утиль алымын төлеген кезде оның нақты механизмін білсе, пайда-зиянымен танысса онда кішкене әділ болар еді.

Сарапшылар бұл бағдарлама бірнеше отандық «автоөндірушінің» мүддесіне негізделгенін айтады. Яғни автоөндірісті қолдаймыз деген желеумен қарапайым адамдардың шетелден көлік әкелуіне әдейі шектеу қойылған. Отандық «автоөндірушілер» машинаның барлық компонентін шетелден әкелетінін айттық, олар дайын жинақты құрастырумен айналысады. Демек, шетел көлігін жеке адамдар әкелсе утиль алымын төлейді, ал «автоөндірушілер» әкелсе төлемейді. Бұл нарық заңына қайшы, монополияға жол ашатын әрекет екені анық.

Мемлекет ашықтан ашық отандық «автоөндірушілердің» сойылын соғып отыр. Соған қарамастан елде құрастырылған машиналар шетелдегіден қымбат. Әрине, автожинақты доллармен сатып алғандықтан, баға өсетінін білеміз. Бірақ барымызды беріп «бағып» отырған «автоөндірушілер» неге кей бөлшекті өзімізде өндіріп, бағаны түсірмейді? Егер елде шыққан машина локализациядан жұрдай болса, оны отандық өнім деп қалай айтамыз? Сұрақ көп, жауап жоқ...

Автомобиль импорттауға утиль алымынан өзге де шектеулер көп. Мысалы, алғашқы тіркеу ақысы мен түрлі кедендік алым-салықтар бар. Шыққанына 3 жылдан асқан техниканы елде бастапқы тіркеуге қою үшін 1 млн 846 мыңнан 9 млн 230 мыңға дейін ақы төлеуге тура келеді. Осындай ақылға қонбайтын алымдардың кесірінен елде жеңіл автомобиль ғана емес, жүк көлігі, автобус, трактор сынды техникалар да тапшы болып отыр. Бұл ел экономикасына орасан зор шығын әкелетіні анық. 

Депутаттар атқа қонды

Ескі көлік мініп, еңсесі түскен жұрттың утиль алымын жоюды талап етіп жүргеніне көп болды. Бірақ халықтың үніне құлақ асқан үкімет жоқ. Әсіресе Қанат Шарлапаев басқаратын өнеркәсіп және құрылыс министрлігі утиль алымын төмендетпейміз деп, тістей қасарысып отыр.

Кейінгі кезде іске депутаттар араласа бастады. Былтыр желтоқсанда мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев сол кездегі премьер-министр Әлихан Смайыловқа сауал жолдап, утиль алымын төмендетуді ұсынған. Осыдан кейін депутат бірнеше әріптесін және белсенді азаматтарды шақырып, осы салаға қатысты бар министрлік өкілдерімен жиын өткізді. Оған экология, экономика, қаржы, ауыл шаруашылығы, көлік, ішкі істер және өнеркәсіп министрлігінің мамандары қатысқан. 

Депутаттар мен белсенділер министрлік өкілдерінен «утилизация жүйесі енгеннен бері сіздердің салада нақты не өзгерді» деп сұраған. Бірақ 7 мекеменің ешбірі утиль алымының жетістігін көрсететін аргумент ұсына алмапты. Тіпті ауыл шаруашылығы министрлігі «осы жүйеге біз әу баста қарсы болғанбыз» деп, бір сырдың бетін ашқан. Ал көлік министрлігі мен ІІМ елде, керісінше, ескі көлік көбейіп кеткенін дәлелдеп берген. Сонымен Шарлапаевтың министрлігінен басқасы утиль алымын төмендетуге қарсы болмаған.

Бірақ Шарлапаев не үшін қарсы екенін түсіндіре алмады. Депутаттарға да жауап берген жоқ. Бар айтқаны, елде екі автозауыт салып жатырмыз, сонда шығатын өнімді және онда істейтін жұмысшыларды қорғауымыз керек деп отыр. Ал Сәрсенғалиев мәселені министрмен жеке кездесуде талқылайтынын айтты.

«Шарлапаевқа мәжілісте сұрақ қойдым. Ол жеке кездесіп, жауап беруге уәде еткен. Бірақ одан бері министрдің көлеңкесін де көрген жоқпын. Осы апта кездескісі келетінін айтыпты, бірақ елдегі су тасқынына байланысты аймақтарда жүрмін. Алдағы апта кездесетін шығармыз. Нақты ұсыныстарымды дайындап қойдым, министрмен кездесіп, халықтың жанайқайын жеткізуге ниеттеніп отырмын. Шарлапаев мәжілісте жауап беруден тайсақтады, бірақ сыртқа шыға салып журналистерге утиль алымы төмендемейді деп мәлімдепті. Мұндай анық позициясы болса, неге мәжіліс мінберінде айтпағанын түсіне алмадым. Бұл сұрақты да тіке өзіне қоямын. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» дегендей, бір министрліктің қарсы шығып отырып алғаны дұрыс емес деп ойлаймын. Қасымда бір топ әріптесім бар, елге ескі көлік қаптағанына қарсымын. Автопарк жаңарса дейміз. Сол үшін алымдарды төмендетіп, керек болса, кейбірін алып тастау керек», – дейді депутат. 

Утиль алымы әлемнің көп елінде жоқ, бар болса да 100-200 еуродан аспайды. Қазақстан ғана миллиондап ақша жинап отыр. Бұған дейін ҚР Жоғары аудиторлық палатасы мен Ұлттық банк утилизация бағдарламасы тиімсіз болғанын айтқан. Халық әу бастан наразылық білдіріп жүр, енді ол қатарға депутаттар қосылды. Яғни бағдарламаны ерінбегеннің бәрі сынға алып жатыр. Ендеше, утиль алымы не үшін керек, сомасы неге мұнша жоғары деген сұрақтарға Шарлапаев не деп жауап беретінін күту ғана қалған сияқты. Уәжі қандай болса да, «утиль алымы жойылмайды» деп кесіп айтқан Шарлапаевтың сөзі көптің көңілін баса қоймайтынына тағы күмән жоқ.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: