Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 13:00

Қырық штат бір жақ, қыңыр Трамп бір жақ

Трамп
Фото: zhasalash.kz
Демократияның символы саналатын АҚШ-та былтыр 5 қарашада өткен президент сайлауында Дональд Трамп жеңіске жеткен. 

Америка жұрты мың жерден әділет сүйгіш болса да миллиардер Трамптың «4 жылда АҚШ-ты қайта ұлы елге айналдырамын» деген уәдесіне елітіп кеткені рас. Оның 2016 жылдан бері ұстанып отырған «America First» саясаты да көп америкалықтың көңілінен орын тапқан. 

Трамп былтырғы сайлауалды бағдарламасында да осы ұранды алға тартып, ең алдымен ел халқының жағдайын жасаймын, шатқаяқтаған экономиканы өрге сүйреймін, салықты азайтып, отандық өндірушілерді қолдаймын деп уәде берді. Оның ішкі жағдайды реттеймін дегені сайлаушыларға майдай жаққанымен, мигранттарға тосқауыл қою, сырттан келетін тауарға баж алымын көбейту сияқты ұстанымдары үлкен дауға ұласып, өздеріне таяқ болып тиерін сол кезде көп ешкім ескермеген еді.

Трамп 2016–2020 жылдардағы алғашқы президенттік мерзімі тұсында да осындай ұстанымда болған. Ол кезде де шетелдіктерге АҚШ азаматтығын тартуды тоқтатып, елді мигранттардан тазартуды көздеген. Бірақ тәжірибесі мен уақыты жетпей, бұл армандарын орындай алмаған. Төрт жылдық үзілістен кейін жақтастарының сөзімен айтқанда, «2016 жылғыдан да күшті болып оралған» Трамп көп мәселені тізеге басуға тәуекел етті.

Биыл 20 қаңтарда президент қызметіне кірісе сала АҚШ-тың саяси ықпалын және территориясын кеңейтуге ынталы екенін аңғартты. Оның Гренландияны, Панама каналын АҚШ қарамағына алу жөніндегі ұсынысы әлем жұртына ұнай қойған жоқ. Сондай-ақ шетелдік тауарларға көп мөлшерде баж салығын енгізді. Бұл халықаралық деңгейде сауда соғысының өршуіне әкеп соқты. Өзге мемлекеттер де қарап қалмай, Вашингтонға қарымта салық салды. Кейін АҚШ-тың халықаралық сауда жөніндегі соты Трамп енгізген кей сауда тарифін заңсыз деп тауып, олардың күшін жою жөнінде шешім шығарды.

Лос-Анджелес
Фото: REUTERS

Лос-Анджелесте не болып жатыр?

Кедендік алым-салықтарға қатысты дау жоғары лауазымды шенділер мен мемлекеттер арасында шешіліп жатыр. Оған халық көп араласа қойған жоқ. Ал иммиграцияға қарсы саясат бұқаралық сипат алып, жаппай наразылыққа ұласты. 6 маусымда Лос-Анджелес қаласында бастау алған наразылық акциялары ушығып, тәртіпсіздікке, қақтығысқа ұласты. Трамп диктаторларға тән тәсілге басып, наразылықты әскер қуатымен басып-жаншуға тырысып жатыр. Бұл Қазақстан сияқты елдерге таныс жағдай, митингке шыққан жұртты аяқ-қолын матап алып кетуге біздің ел таңғала қоймайды. Бірақ қақтығыс болып жатқан Калифорния штатының губернаторы халықты қолдап, президентке қарсы шығып отыр. Ол тіпті Ақ үй басшысын сотқа беруден тайынған жоқ. Міне, бұл Қазақстан халқы үшін таңсық жағдай.

Трамп қызметке кірісе сала елде заңсыз жүрген мигранттарға «өз еркімен елден кетуді» ұсынды. АҚШ үкіметі тіпті оларға ұшаққа билет сатып әперіп, 1 000 доллар төлеуге дайын екенін айтты. Өзбекстан, Қытай, Армения, Түркия, Ауғанстан, Ресей, Грузия, Вьетнам, Әзербайжан, Иран, Иордания, Қазақстан және Гана азаматтары депортациялана бастады. Бірақ өз бетімен кетуге де, депортациялауға да көнбей жүрген мигранттар көп. Әсіресе АҚШ-қа жақын мемлекеттерден, Латын Америкасынан келген азаматтар өз еліне қайтуға ниетті емес.

Ақ үй өз еркімен кеткісі келмейтіндерді күштеп шығаруға тәуекел етті. Трамп әкімшілігі ел аумағында жіті тексеріс жүргізіп, күніне 3 000 адамды ұстау туралы бұйрық берген көрінеді. Осы бұйрық аясында 6 маусым күні Лос-Анджелес қаласында иммиграциялық қызмет заңсыз мигранттарға қарсы рейд жүргізіп, оларды жаппай ұстаған. Бұған жергілікті халық наразы болып, демонстрациялар басталды. Бейбіт наразылық соңы тәртіпсіздікке ұласты. Адамдар көліктерді өртеп, дүкендерді тонаған, наразы топ жолдарды жауып тастады. Тіпті кейбірі АҚШ туын өртеген.

Осыдан соң шерушілер мен полицейлер арасында қақтығыс басталды. Полиция резеңке оқ, жарық-дыбыс гранаталары мен көзден жас ағызатын газ қолданған. Халық бұған жауап ретінде полиция көліктеріне шабуыл жасап, түрлі заттар лақтырды. Қақтығыс күшейіп, қала ортасында қауіпсіздік жағдайы қиындай түсті. Трамп мигранттарды айыптай сөйлеп, наразылықты «жаппай бүлік» деп атады. Әрі қалада қылмыскерлердің «тамыр жайып алғанын» айтты. «Бір кездері Американың ұлы қаласы болған Лос-Анджелесті заңсыз мигранттар мен қылмыскерлер басып алған» деген ол «заңсыздықты тоқтату» үшін Лос-Анджелеске 700 теңіз жаяу әскері мен 2 000 Ұлттық гвардия әскерін жіберді.

Гэвин Ньюсом, Дональд Трамп
Гэвин Ньюсом, Дональд Трамп. Фото: Mark Schiefelbein / AP

Президент пен губернатор тартысы

Трамптың қалаға әскер кіргізгені Калифорния штатының губернаторы Гэвин Ньюсомға мүлде ұнамаған. Ол Ақ үй басшысын «Лос-Анджелеске Ұлттық гвардияны кіргізбес бұрын жергілікті билікпен ақылдасқан жоқ» деп айыптады. Ол Трамптың бұл шешімі қаладағы ахуалды одан бетер ушықтырды деп санайды.

Лос-Анджелес мэрі Карен Басс пен Калифорнияның бас прокуроры Роб Бонта да Трамптың шешімін сынға алды. Бонта бұл шешім «Губернатор Ньюсомның Калифорния Ұлттық гвардиясының бас қолбасшысы ретіндегі рөліне нұқсан келтіреді әрі штаттың Ұлттық гвардияны бақылау жөніндегі егеменді құқығын бұзады» деп санайды. Ол дүйсенбі күні Трампты сотқа беріп, «президент өз саяси мақсаты үшін хаос пен дағдарыс туғызуға тырысты» деп мәлімдеді. Прокурор Ұлттық гвардияны орналастыру туралы заңсыз шешімнің күшін жоюды талап етіп отыр. Федералды заңға сәйкес, президент Ұлттық гвардияны елге басқыншылық жасалғанда, бүлік шыққанда немесе заңды орындауға жергілікті құқық қорғау органдарының қауқары жетпеген жағдайда ғана қолдана алады. Жергілікті шенділер Калифорнияда мұның бірі де болған жоқ деп есептейді.

Дауы мен дақпырты қатар жүретін Трамптың мұндайда үнсіз қалмасы анық. Ол Калифорния губернаторы мен Лос-Анджелес мэрін ахуалды реттеуге қауқарсыз деп айыптап, олардың қауіп-қатерді жете бағаламай отырғанын айтты. Оның айтуынша, Ұлттық гвардия болмағанда Лос-Анджелес жермен-жексен болар еді. «Губернатордың не істеп отырғанына қараңыздар, ол біздің ұлы штаттарымыздың бірін құрдымға жібере жаздады. Егер біз гвардияны жібермегенде жағдай тіпті қиын болар еді. Елде тәртіп пен қауіпсіздік болуы тиіс», – деді Трамп.

Наразыларды жақтап, президентке ашық қарсы шыққан соң губернатор Гэвин Ньюсомның саяси абыройы бірден артып кетті. Ол осы оқиғадан кейін былтырғы сайлаудан республикашылдардан оңбай ұтылған демократтар үшін келесі президент сайлауында таптырмас кандидат болуы әбден мүмкін. Бірақ Трамп болашақ қарсыласының беделі өскенін қаламайды. 10 маусымда ол Ньюсомды тұтқындауды қолдайтынын мәлімдеді. Бұл екі саясаткердің арасындағы шиеленісті одан әрі күшейтті. «Гэвин көптің назарында болғанды ұнатады, бірақ менің ойымша, оны тұтқындау тамаша шешім болар еді», – деді Трамп. Ал Ньюсом бұл мәлімдемені «авторитаризмге бастар қадам» деп айыптады.

Трамп Лос-Анджелесті «азат етпек»

Өткен аптаның аяғына қарай басталған наразылық әлі басылған жоқ. Митингіге өзге өңірлер де үн қосып жатыр. Мысалы, 10 маусымда Техас штатының Остин және Даллас қаласында да мигранттарды күштеп елден шығаруға қарсы тұрғындар наразылыққа шықты. Техас губернаторы Грег Эбботт «бейбітшілік пен тәртіпті» қамтамасыз ету үшін штаттың барлық жеріне Ұлттық гвардия жасағын орналастырғанын хабарлады. Сондай-ақ Джорджия штатының Атланта қаласында тәртіпсіздік болып, жүзеген адам полициямен қақтығысты. Нью-Йоркте бірнеше мың адам Манхэттеннің төменгі жағында шеруге шығып, көлік қозғалысы тоқтаған. Ондаған адам қамауға алынды. Бұдан бөлек, Сиэтл, Бостон, Вашингтон, Филадельфия, Чикаго және Сан-Францискода наразылар көшеге шықты.

Лос-Анджелестегі наразылықтар
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Лос-Анджелестегі наразылықтар кезінде бірнеше кәсіпорын тоналып, көліктер өртеніп, орындықтардан, қоқыс жәшіктері мен жол белгілерінен тосқауылдар тұрғызылған. / REUTERS

Жағдай ушығып кеткендіктен сейсенбі күні сағат 20:00-де (Астана уақытымен сәрсенбі күні 08:00) Лос-Анджелесте коменданттық сағат күшіне енген-ді. Полиция халықты тарату үшін резеңке оқ атып, қала орталығындағы аудандарды аралап шықты. Лос-Анджелес полициясының басшысы Джим Макдоннелл коменданттық сағат наразылықты басу үшін емес, тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғау үшін қажетті шара екенін айтты.

Осыдан кейін Лос-Анджелесте жаппай тұтқындау басталды. Макдоннеллдің айтуынша, 4 күнде 378 адам қамауға алынған.

Трамп Лос-Анджелесті «сыртқы жаулар» басып алғанын айтып, қаланы «азат етемін» деп ұрандатып жүр. Яғни Трамп халық наразылығын сыртқы күштердің әрекеті деп санайды. Оның «сыртқы жау», «ақша алып, митингіге шыққандар» деген сөздері бізге таныс естіледі. Шамасы «өркениетті әлемнің диктаторы» атанған Трамп авторитарлы елдердің халықты басып-жаншу үшін қолданатын әдіс-тәсілін меңгеріп алған сияқты.

Бірақ көптеген америкалық бұл наразылыққа Трамп билігінің миграцияға қарсы қатал шешімдері әсер етті деп санайды. Лос-Анджелес мэрі Басс Ақ үй жүргізген рейдтер тәртіпсіздікке себеп болғанын айтты. «Қаламызда тыныштық орнағанын көргіміз келсе, әкімшілікті рейдтерді тоқтатуымыз керек», – дейді ол. Ал штат губернаторы Ньюсом дауды тұтатып, өршітіп, арандатып отырған Трамптың өзі екенін алға тартты. Ақ үй шешіміне қарсы сарапшылардың айтуынша, мигранттар қылмыскер емес, еңбек етіп, салық төлеп жүрген қарапайым адамдар. Заң бұзбаса, оларды қудалаудың қажеті жоқ. Заңға бағынған адам АҚШ-та алаңсыз өмір сүруге құқылы. Трампқа дейін ел тәртібі осылай болған, президент ауысқалы бәрі өзгеріп кетті.

Наразылық Лос-Анджелес
Фото: REUTERS/David Ryder

Калифорниялық шенділердің бастамасын демократтар бірден қолдап, Трампқа қарсы кампанияның негізгі қаруына айналдырып әкетті. Демократиялық партия өкілдері басқаратын 22 штат Ақ үй шешімін сотқа беруге дайындап отыр. Егер осы наразы күй үдей берсе, жағдай Трампқа импичмент жариялауға дейін жетуі мүмкін. 11 маусым күні Ньюсом Трамп ғасырлар бойы қалыптасқан жүйені бұзып, бар билікті Ақ үйге шоғырландырғысы келеді деп айыптады. Бұл импичментке бастайтын үлкен айып. Бұған дейін Трамп сайлау алдындағы негізгі серігі, миллиардер Илон Маскпен ат құйрығын кесіскен еді. Егер, бұл дауға Маск араласса жағдай тіпті ушыға түсуі мүмкін.

Қуаныш Қаппас