Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:07, 05 Желтоқсан 2024

Қырық жамау Сириядағы төрт жылдан кейінгі бүлік

Сирия
Фото: bbc.com/Getty Images

Төрт жылдан бері Сирия азаматтық соғыс дегенді ұмытқандай болып еді. Бірақ өткен аптада қайтадан соғыс оты бұрқ ете қалды.

 Көтерілісшілер коалициясы Алеппо қаласын басып алды. Израиль мен «Хезболла» арасында бітім болуы мүмкін шақта, Ресей мен Украина соғысы жаңа аяқ басқан кезде неге Сирия көтерілісшілері бас көтірді? Бұл конфликтідегі Ресейдің рөлі қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеп, шолу жасап көрсек.

Қалай басталды?

27 қараша күні «Хайят Тахрир аш-Шам» тобы бастаған көтерілісшілер коалициясы Башар Асад үкіметі бақылап отырған аймаққа шабуыл жасады. Олар Алеппо провинциясының солтүстік-батысындағы әскери база мен 15 елді мекенді жаулап алғандарын мәлімдеді. Сосын көтерілісшілер елдегі екінші үлкен қала Алеппо мен ел астанасы Дамаск қаласын жалғап тұрған магистральды жауып тастады. Жұма күні Алеппо қаласының өзіне кіріп, Башар Асад әскерінің 2012-2015 жылдары алынбас қамалы болған қаладан суреттер жариялай бастады. Жексенбі күні қаланы түгел өз бақылауларына алған.

Сириядағы азаматтық соғыс

2020 жылдан бері Сириядағы азаматтық соғыс туралы ақпараттар әлем жаңалықтарына шықпап еді. Таяу Шығыстағы ХАМАС, «Хезболла» қимылдары Сирияның жағдайын көлеңкеде қалдырған. Журналистер де бұл елге бара алған жоқ. Бірақ конфликт түбегейлі жойылып та кетпеген.

Сириядағы азаматтық соғыс 2011 жылы «Араб көктемі» кезінде басталған. Үкіметке қарсы әртүрлі топтардың демонстрациясы билік әскерімен үлкен қақтығыстарға түсті. Көтерілісшілердің идеологиясы әртүрлі болғанымен, бәрінің ортақ мақсаты бар еді – Асад режимін құлату.

Көтерілісшілерді Түркия, Сауд Арабиясы, БАӘ, «Аль-Каида», «Ислам мемлекеті» қолдаған. Ал Башар Асад үкіметі Ресейден, Ираннан, «Хезболладан» қолдау тапқан.

2014 жылы «Ислам мемлекеті» аймақтағы негізгі күшке айналды. Сол кезде конфликтіге АҚШ бастаған халықаралық коалиция араласты. Коалиция негізінен «Ислам мемлекетінің» содырларымен соғысты. Бірақ Асад режиміне тиіскен жоқ. Күрдтерден құралған Сирияның демократиялық күштері АҚШ-тың қолдауымен «Ислам мемлекетін» жеңді. 2020 жылға дейін Ресейдің көмегіне сүйеніп, Башар Асад Сирия шекарасының 70 пайызын өз бақылауына алды.

Көтерілісшілердің бақылауында Сирияның солтүстігі мен солтүстік-батысындағы жерлер қалды. Бұл Түркиямен шектесетін аймақ болатын. Ал Сирияның шөл даласында «Ислам мемлекетінің» шашыраған топтары сол күйі қала берді. Солтүстік-шығысы күрдтердің билігінде болғанымен, таза шекаралық аймақтары Түркия әскері мен солар қолдайтын сириялықтардың бақылауында болған.

Түркия мен Ресейдің араласуымен атыс-шабыс тоқтағанмен, Сирия соңғы төрт жылда біртұтас мемлекетке айнала алмаған. Дегенмен елде оқ атылмай, тыныштық орнағандай болып еді.

Сирия
Фото: Reuters

Бұл көтерілісшілер кімдер?

Көтерілісшілердің жаңа коалициясын «Хайят Тахрир аш-Шам» тобы басқарады. 2011 жылы құрылған. Басында «Жабхат ан-Нусра» деп аталған топ «Аль-Каиданың» бір тармағы болып есептелді. Негізін қалағандардың бірі – Әбу Бәкір әл-Бағдади. Ол «Ислам мемлекеті» тобын басқарған адам ретінде белгілі.

Азаматтық соғыс кезінде «Хайят Тахрир аш-Шам» Асадқа қарсы белсенді топ ретінде көзге түскен. Бірақ оның негізгі идеологиясы жиһадтық еді. Бұл коалициясының ұстанымына қайшы болды. 2016 жылы топ лидері Әбу Мұхаммед әл-Жулани «Аль-Каидамен» байланысын үзіп, «Жабхат ан-Нусра» тобын тарқатып жіберді. Сөйтіп жаңа топ құрып, ол «Хайят Тахрир аш-Шам» аталды. Бұл топқа идеологиясы ұқсас бірнеше топ қосылды.

2020 жылы «Хайят Тахрир аш-Шам» де-факто Идлибті бақылауында ұстады. Бұл аймақта 4 миллионға жуық адам тұрады. Идлибта олардың өз үкіметі де бар. Соңғы көтеріліске шыққанда «Хайят Тахрир аш-Шамға» тағы бірнеше топ қосылды. Сол үшін коалиция деп аталады. Олардың ішінде бұрын жауласып жүретін «Ахрар аш-Шам» тобы да бар. Байқағандарыңыздай, Сирияда бұндай топтар аз емес. Олар Башар Асад режимін құлату үшін тез бірігіп кете береді.

Екінші үлкен күш – Сирия ұлттық әскері. Бұл топ көбіне елдің солтүстігіндегі күрдтермен соғысып келеді. Түркия қолдауына арқа сүйеген топтың құрамында бұрынғы әскерилер көп. Алепподағы әскери әуежайда нақ осы СҰӘ тобы басып алған. Түркия БАҚ бұл топты күрдтердің террористік құрылымдарымен соғысады деп жиі жазады.

Бұл коалицияға тағы қандай топтардың кіретінін айту қиын. Нақты ақпарат беретін көздер де жоқ. Би-би-си сияқты ақпарат құралдары көбіне өз сарапшыларының пікіріне сүйенеді. Бірақ бір нәрсе анық. Бұлардың бәрі – Асад режиміне қарсы біртұтас күш ретінде өздерін көрсеткілері келеді.

Шабуыл неге осы уақытта басталды?

Таяу Шығыстың тыныштығын бұзған оқиғалар өткен жылдың 7 қазанында ХАМАС-тың Израильге шабуылынан басталды. Израильдің реакциясы да қатты болды. Бұл аймақтың көңіл күйін бір жола бұзды.

Иран мен ливандық «Хезболла» да Израильдің соққыларының астында қалды. Сөйтті де, Сирия үкіметіне баяғы көлемде көмектесе алмай қалды. «Хезболланың» әскері Израильдің қоймай шабуылдауынан кейін көп адамын, ресурсын жоғалтты. Ресей де Украинадағы соғыспен әуре. Осының бәрі көтерілісшілердің ойламаған жерден шабуыл жасауына мүмкіндік берді.

Бұл оқиға бәрі үшін күтпеген қимыл болды. «Аль-Каидамен» байланысын үзгеннен кейін идеологиясын жұмсартқан «Хайят Тахрир аш-Шам» басқа жиһадты қолдайтын топтарға шабуыл жасаған. Сонысымен тұрғындардың қолдауын тапқан.

NPR агенттігінің жазуы бойынша «Хайят Тахрир аш-Шам» аймақтағы христиан азшылығын да қолдап, қорғайды. Шіркеулердің ашылуына мүмкіндік жасаған. Идлиб провинциясында БҰҰ агенттіктерімен бірігіп жұмыс істеп, халықтың басқа аймақтарға көшуіне жәрдемдескен. Осы арқылы өзге ұлт, өзге діндерді де қорғайтын топ ретінде репутация қалыптастырған.

Имиджбен қатар, бұл топ әскерін жасақтап, қару жинап, ұзақ уақыт Асад режиміне қарсы дайындалған. Тіпті кей ақпарат құралдарына қазан айында Сирияның солтүстігінде көтерілісшілер шабуылға дайындалып жатқаны туралы ақпарат шыққан.

Кімді кім қолдап отыр?

Көтерілісшілер Алеппо қаласымен бірге Хаманы да басып алғандарын хабарлады. Сирия үкіметінің ақпарат құралдары Хаманың солтүстігіндегі соғыс фронтын ұстап тұр деп жазды. Асад әскері көтерілісшілерді Хаманың оңтүстігіне өткізбеуге күш салып жатыр. Бұл аймақтағы күрд сарбаздары көтерілісшілермен келісіп, шегініп кетіп жатыр. Және өздерімен бірге тұрғындарды да алып кеткен. Себебі олар Түркия қолдап отырған тағы бір топпен қақтығысқылары келмейді.

Батыс елдері Сириядағы жағдайға қалай қарайтыны әзірге белгісіз. АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания жексенбі конфликтіні деэскалация жасау керек деп ортақ мәлімдеді жасады. Көтерілісшілердің жеңісін тілеп отырған бір мемлекет – Түркия. Алепподан тараған суреттер мен видеолардан Түркия қолдап отырған Сирия Ұлттық әскерінің белгілерімен қатар Түркия туын да көп кездестіресіз. Протүріктік әскерді де, ішкі топтарды да қолдамайтын Израиль Иранның Асад әскеріне көмектесуіне жол бермейтіні анық.

Асадтың негізгі одақтасы – Иран. Бірақ Тегеран әзірге әскер жіберуге оқталып отырған жоқ. Reuters агенттігінің ақпаратына сәйкес, Сирияға Иран қаржыландыратын ирактық сарбаздар барған. «Бұл біз үшін тың күш. Олар біздің солтүстіктегі әскерімізге көмектеседі» деген Сирия армиясының өкілі. Reuters-тің Ирактағы ақпарат көздері кемі 300 сарбаз Сирия жеріне жасырын шекаралық жолдармен кіргенін растаған. Ирактың ресми билігі бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.

Сирия
Фото: REUTERS/Mahmoud Hasano

«Хайят Тахрир аш-Шамның» шабуылына Ресей де реакция көрсетті. Сирияның әуе күштерімен бірге Ресей де көтерілісшілердің Идлиб, Хама провинцияларындағы позицияларына соққы жасады. Бұрынғы азаматтық соғыс кезінде қирап қалған Алеппоның орталығына да бомба түскен. Кремль де, Тегеран да ресми түрде Асадты қолдайтындарын айтты. Асадтың бұрынғы одақтасы «Хезболла» көмек беретіндерін жоспарламағанын хабарлады.

Көтерілісшілер Алеппоны ұзақ ұстап тұра ала ма деген сұрақ бар. Өйткені оларда авиация жоқ. Бірақ олардың қолында дрондар бар. Соның көмегімен Сирия әскерінің барлау қызметінің бір офицері көз жұмған.

Сириядағы Ресей әскерінің контингентінің саны биыл күзде 7,5 мың адам болған. Негізінен екі үлкен базасы бар. Бірі – Хмеймимде орналасқан авиация күші мен Тартустағы материалдық көмек көрсететін база. Бірақ қазір ондағы ресейлік сарбаздарды қару-жарақпен қамтамасыз ету қиын болып отыр. Әскери кемелер бұрынғыдай Түркия арқылы жүзе алмайтын болған. Сондықтан Ресей бұл азаматтық соғысқа тек авиация арқылы ішінара көмектеспесе, толық араласып кететін мүмкіндіктері жоқ. Украинаға ашқан соғысының өзі оларға қымбатқа түсіп жатыр.

Бұл азаматтық қақтығыстың соңы не болары әзірге белгісіз. Онсыз да тұралап жатқан Сирияның жағдайы одан ары нашарлай түспек. Тек Түркияның Сирияның солтүстігіндегі ықпалы күшейе түседі. Әзірге тыныш жатқан «Ислам мемлекеті» де бас көтеріп жүрмесе болды.

Қасым Арықбай

Тегтер: