Киркті өлтірген күдікті оның өшпенділік таратып жатқанын айтқан

Консервативті блогер және белсенді Чарли Киркті өлтірді деп айыпталған Тайлер Робинсон Кирк тым көп өшпенділік таратып жатқаны үшін осындай қадамға барғанын айтқан.
Юта штатында Киркті өлтіру ісі бойынша алғашқы тыңдау өтті. Юта округінің прокуроры Джефф Грей Робинсонға бірнеше айып тағылып отыр, соның ішінде бірінші дәрежелі кісі өлтіру, атыс қаруымен бірінші дәрежелі шабуыл, сот төрелігіне кедергі жасау, куәгерлерге қысым жасау және баланың көзінше зорлық-зомбылық жасау.
Сот құжаттарына сәйкес, Робинсон ата-анасына Киркті атқан өзі екенін және түрмеге түспеу үшін өзін өлтіруді жоспарлағанын мойындаған. Оның себебі ретінде ол: «Зұлымдық тым көп, бұл жігіт тым көп өшпенділік таратып жатыр» деп жауап берген.
Көршісінің айтуынша, Робинсон кісі өлтіруді бір аптадан астам уақыт бойы жоспарлаған.
Сонымен қатар, көршісімен хат алмасу кезінде Робинсон хабарламаларды өшіруді және полициямен жұмыс істемеуді сұраған, сонымен қатар әкесі АҚШ президенті Дональд Трамптың сенімді жақтаушысы болғанына наразылық танытқан.
Айта кетейік, Трамптың негізгі одақтасы болған, оның жеңісіне үлес қосқан 31 жастағы Чарли Кирк сәрсенбі күні Utah Valley университеті кампусында сөз сөйлеп тұрған сәтінде оққа ұшты.
АҚШ президенті Кирктің өлімі үшін «радикалды солшылдарды» айыптады. Себебі Кирк – елдегі консервативті қанаттың ең танымал өкілдерінің бірі әрі көптеген жас консерваторлардың кумирі еді.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, Киркке қарсы атылған жалғыз әрі өлімге әкелген оқ университет ауласын анық көруге болатын Losee Center ғимаратының шатырынан атылған. Мерген Кирк отырған жерден шамамен 130 метр қашықта болған.