Қыркүйекте полиция самокат мінген 500-ден аса жасөспірімді ұстады
Қазақстанда ереже өзгерген соң 18 жасқа толмаған адамға электросамокат мініп жолға шығуға тыйым салынды.
Бірақ бұл талапты көбі елемей жүр. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі үкімет отырысында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев қыркүйекте елде кәмелетке толмағандар электросамокатпен жолға шыққан 562 факті тіркелгенін мәлімдеді. Ал жаңа ереже күшіне енген бір айда полиция жол ережесін бұзған 1700-ден аса самокатшыны анықтады.
«Бұл мәселені тек полицияның күшімен шешу мүмкін емес. Әкімдіктер инфрақұрылымды дамыту бойынша шара қабылдауы қажет:
- бөлінген жолақтар сызу;
- жеке веложол салу;
- қалада электросамокат пайдалануға тыйым салынған аймақтарды белгілеу», — деді министрдің орынбасары.
Kolesa.kz редакциясы электросамокат мінген адамдар жаяу жүргіншілер жолында жылдамдықты шектен асыратынын байқады. Ережеде жаяу жүргіншілер жолында жылдамдықты сағатына 6 км-ден асырмау керек деп жазылған, бірақ бұл талапты сақтайтындар аз.
Жүргізушілер электросамокат мініп баяу жүру қиын екенін айтады, өйткені тепе-теңдікті сақтау мүмкін емес. Ал тұрғындар заң нормасы сақталуын талап етіп отыр. Бірақ электросамокат тротуарда қандай жылдамдықпен жүргенін анықтау қиын, демек самокатшылардың санасына сенуден басқа амал жоқ.
Тротуар мен жаяу жүргіншілер жолында электросамокат жылдамдығын мәжбүрлеп шектеу мүмкін емес екенін кикшеринг компаниялары да растап отыр.
Тағы бір мәселе — самокатқа екі, тіпті үш адам мінгесіп жүретіндердің көп болуы.