Кішкентай ауылдағы үлкен дау
Тоғызбұлақ деген ауыл бар. Алматы облысының Кеген ауданына қарайтын елдімекен. Сол ауылдан бір топ азамат хабарласты.
Әңгімелерінен түсінгеніміз, екі күн бойы ауыл іші алатайдай бүлініп жатқан көрінеді. Ағайын арасындағы әңгіме емес, қордаланған мәселе.
Тоғызбұлақ – Жалаңаш ауылдық округіне қарайды. Сол Жалаңаш ауылында тұратын жасы тоқсанға таяп қалған Әріп Сыбанбаев деген ақсақал Тоғызбұлақтың егінін, шабындығын суаратын бірнеше шақырым су құбырын қаздырып, ауыл арасын аткөпір қылып жатыр екен. Бізге қоңырау шалған Тоғызбұлақ тұрғындарының айтуынша, 1987 жылы тартылған құбырды Сыбанбаев сыртынан меншіктеніп жүрген, бірер жыл бұрын бір бөлігін қаздырып сатқан, енді қалғанына қол салыпты.
Құбырдың басы Шет Меркі өзенінен басталады. Жуандығы бір метр құбырмен 13 шақырымнан келген су ауыл іргесіне жеткенде екіге бөлінеді. Бөлінгеннен кейінгі тармағының өзі 7 шақырым. Сыбанбаев сыбайластарымен бірге бұдан бұрынғы қазып алып сатып жібергені сол жеті шақырымның бір бөлігі екен. Қараусыз қалған екі бөлігінде де су жоқ қазір, әр жері тесіліп су атқылап, арнасы әбден тозған. Колхоз тарағанға дейін, яғни 1995 жылға дейін құбырдан су ағып тұрған. Колхоз тараған соң қараусыз қалыпты. 2002-2003 жылдары қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген, көп өтпей баяғы күйіне түсіпті...
Су құбырын қазуға бірнеше техникамен Шымкенттен арнайы адамдар келіпті. Айдың-күннің аманында ауыл тұрғындарының игілігіне жарап келген құбырды қазып, әр жерінен қиып жатқан жұмысшылардың айтуынша, ақсақал мұны 6,5 млн теңгеге бағалап, сатып жіберіпті. Темір де ақша қазір. Бірақ ауыл азаматтары бірнеше шақырым жерге тартылған құбырдың құны одан бірнеше есе көп екенін айтады.
Ал елдің игілігіне жарап келген мемлекеттің мүлкін Сыбанбаевтың сатуға қандай заңды құқығы бар? Мұны бізге хабарласқан азаматтардан да сұрадық. Олар да аң-таң. Ауыл халқы игілігін көрген су құбырын жекеменшікке өткізіп алуға Сыбанбаевтың ешқандай хақы жоқ дейді. Жер де, су құбыры да Сыбанбаевтың жекеменшігі емес деп отыр.
Құбырды қаздырып жатқан қарияның қолында құжат бар көрінеді. Оның қандай құжат екенін ауыл азаматтары анық білмейді. Ал суды сыртынан иемденіп жүрген ақсақал әкімнің рұқсатын алып, соттың шешімімен әрекет етіп жатқанын, бәрі заңды екенін айтып міз бақпайды екен.
Бізге хабарласқан азаматтар аудан әкімін шақыртқан, бірақ Кеген жақтан тырс еткен ақжағалы болмапты. Тұрғындар Сыбанбаевтың ауыл тұрғындары алдында сөйлеген сөзін видеоға түсіріп алып, бізге жіберді. Ел қариясы жасындағы кісі бәрін заңға сүйеніп жасап жатқанын, бұған ешкімнің тосқауыл бола алмайтынын айтып, өз әрекетін дәлелдеуге тырысуда. Сонда ол қандай заң? Су құбыры қалай жекеменшікке өтіп кетеді? Жарайды, парақор әкімдердің біреуіне парасын беріп, меншігіне өткізіп алды дейік. Сонда ауыл халқы жерін, малын суарып келген құбырды қазып, оп-оңай сатып жіберуге бола ма? Бұл қандай бассыздық?
Әріп Сыбанбаевқа қоңырау шалдық. Бірақ қарияның телефоны «байланыс аясынан тыс жерде» болып тұрды. Мәселені жақсы білетін басқа да ауыл азаматтарына хабарластық. Олардың айтуынша, құбыр дауы Сыбанбаевқа қатысты әңгіменің бергі беті ғана екен.
– Сыбанбаев колхоздар мен совхоздардың тарауының алдында біздің колхозға уәкіл болып келді де, екі жылдан кейін колхозды таратып тынды. «Аңқау елге арамза молда болыпты» дегендей, қария бәрінің түбіне жеткені аздай, ұзақ жылдар бойы ауылдың малшылары мен шаруаларын әбден ығыр қылды. Қара суды сыртынан иемденіп, малшылардан бір-бір қойдан алып келді. Жерін суаратын шаруалардан да ақысын алып, ақшасын төлемесе, су бермей қояды. Қысқасы, қызметін, мансабын пайдаланып, біраз жыл білгенін қылды. Ешкім қарияға қарсы келіп, мұның не дей алмайды» – деді, өзінің аты-жөнін жарияламауымызды өтінген ауыл тұрғыны.
Мәселенің мән-жайын білейік деген оймен Алматы облысының әкімдігіне хабарластық. Әкімдіктегілердің бұл даудан хабары болмады. Олар бізді Кегенге сілтеді. Одан кейін, Кеген ауданы әкімдігінің қызметкерлеріне қоңырау шалдық. Тоғызбұлақтықтар ауылға екі күн бойы шақырып келтіре алмаған ауданның атқамінерлері бізге шағын ақпарат беру үшін күнібойы күттірді. «Жазып жатырмыз» деген жауаптары бет қатталып жатқанда әрең келді. Аудан әкімінің баспасөз хатшысы Жақсылық Ибрайымбай әкімінің міндетін атқарушы Кеңес Қабылбековтің мәселеден хабары барын айтып, бізге мынадай хабарлама жолдады. Үтір-нүктесін өзгертпей бердік.
«26.05.2023 жылы Орта баз учаскесі, Жалаңаш ауылдық округі жерінде «Дархан-А» шаруа қожалық төрағасы Ә.Сыбанбаев 1987 жылғы егістікке салынған, ескі су жүйесінің 150 метр жердің трубаларын қаздырып алып жатқанда, Жалаңаш және Тоғызбұлақ ауылдарының тұрғындары 26 адам жиналып наразылық көрсетіп, арызданып трубаларды қайта көмдіруді талап етті. Акт толтырылды. Арыздары мен актысы тиісті орындарға жіберілді. Халықтың наразылығы су жүйесін қайта қалпына келтіру болған. «Дархан-А» шаруа қожалық төрағасы Ә.Сыбанбаев трубаларды орнына салып көмуді, сол күні қазып алып жатқан адамдарға тапсырып, ертесі 27.05.2023 жылы халықтың көзінше көмдірді. Сонымен наразылық білдірушілер тарады».
Кеген ауданы әкімдігі жіберген хабарламадан ешқандай шешім немесе даудың түйінің көре алмадық. Болған жайды баяндап берген. Ал тоғызбұлақтықтардың айтуынша, құбыр дауының артында қордаланған біраз мәселе бар көрінеді. Ол үшін Тоғызбұлаққа барып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, екі тараппен де сөйлесіп, мәселені зерттеу керек. Құбыр дауының артында сыбайласқан парақорлықтың да құлағы қылтияды.