Кітапханадағы шуды аудан әкімі баса алмай отыр
Ұлытау облысына қарасты Жаңаарқа ауданында орын алған кітапханашылар наразылығының соңы үлкен дауға ұласқан сыңайлы.
Айтуларынша кітапханашыларға бұрынғы аудан әкімінің туысы болып келетін кітапхана бастығы күн көрсетпей жүрген көрінеді. Кітапханашылар ақиқатты қаузар деген үмітпен «Жас Алаш» газетіне ұжым болып хат жазып, мәселеге араласуды өтінген. Әрине, біздің мақсат, мәселеге араласу емес, олардың базынасын биліктің құлағына жеткізу екені белгілі.
Жаңаарқа ауданындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Шынар Үскенбаеваға сол ұжымның мамандары қарсы шығып, наразылықтарын білдірді. Кітапханашылардың айтуынша директор үнемі мамандардың ар-намысына тиетін сөздер айтып, қоқан-лоққы көрсетеді екен. Ауылдық жерде кітапханашы болып жүргендердің жалақысы есебінен кітапхана ішін безендіруді, әктеп-сырлауды талап етеді. Бұл онсыз да аз жалақы алып, әзер жан бағып отырған ауылдағы мамандарға қиын тиері сөзсіз.
«Ай сайын өткізілетін ауылдық кітапханашыларға арналған семинарда кітапханалық жұмыс бойынша айтатын ескертулерінің өзі дөрекі. Ешқандай да сыйластығы жоқ. Бір семинарда мүгедек баласы (ДЦП) қатты ауырып қалған ауылдық кітапханашы А.Амансарина семинар соңында жалынып сұранса да ешқандай аяушылық көрсетпей, жібермей қойған.
Шынар Түлкібайқызы жалпы кітапхана жұмысын жүргізуден, есеп қабылдау тәртібінен бейхабар бола тұра тоқсан сайын, жыл сайын жоспар, есеп қабылдайды. Семинардан кейін кітапханашыларды жеке қабылдап, кітапханашылардың жұмыс уақыты аяқталғанға қарамай, кабинетін тексеріп көп ұстайды, содан кейін кешкі уақытқа қалған кітапханашылар үйлеріне қайтуға көлік іздеп, әуреге түседі. Шынар Түлкібайқызы кітапханашылардың әлеуметтік жағдайының төмендігін біле тұра, әр іс-шараға ақша жинатады, жоқ деп айтса, ізіне түсіп, мазаларын алады. Ұжым болған соң түрлі жағдай болады дейтін шығарсыздар, бірақ мұндай директордың шектен шығып, кітапхана абыройына нұқсан келтіргені үшін ешқандай да түсіністік танытуға болмайды. Соңғы сұмдық жағдай әріптесімізге 2 күн қатарынан қысым көрсетіп, бір бөлімде отырған әріптесі екеуінің ортасына іріткі салып, соның салдарынан қан қысымы көтеріліп, есін жоғалтып, жедел жәрдеммен ауруханаға дереу жеткізілді. Осы жағдай ұжымның ашуын келтірді», – деп жазады кітапхана мамандары хаттарында.
Басшылыққа наразы кітапханашылар әлеуметтік желіге бейнеүндеу жариялап, биліктен көмек сұрауға дейін барған. Олар директордың жұмыстан кетуін талап етеді. Ал Жаңаарқа ауданы әкімдігіне хабарласқанымызда, мұндағылар бұл даулы мәселе назарымызда, нақты шешім шыққанда хабардар етеміз деген жауаптан арыға аспады. Аудан әкімі бұл мәселеге қатысты нақты шешімді әлі қабылдай алмай отырған тәрізді. Осылайша, бұл істің ақ қарасы анықталмай тұр. Ал кітапханашылар болса, өздеріне басшылық тарапынан қысым жасалып жатқанын айтып, биліктен араша сұрап отыр.