Кітапханамыздағы келеңсіз жағдайлар жалғаса бере ме?

XXI ғасырда білімсіз өмір сүру мүмкін емес. Қазіргі таңда елімізде оқушы жастардың кітап оқымайтыны туралы да жиі айтылып жүр.
Біз «кітап – білім бұлағы» немесе «білімсіз күнің жоқ» деген тәмсілдермен болашағымызды тек білім қуумен байланыстырып өскен ұрпақ едік, ал қазіргі уақытта жастар түгілі біздің қатарымызда да қолына кітап ұстамайтындар көбейіп кетті. Ұлтымыздың ұлы перзенті Шоқан Уәлиханов: «Халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін, ең алдымен азаттық пен білім қажет», – деген тағлымды ой қалдырса, ұлы Абай «Халқым надан болған соң, қайтіп адам болайын», – деп өмірден түңіле күңіреніп өтуі де тек болмаса керек. Осы орайда, ой толғауымызға себепкер болған «Жас Алаш» газетінің өткен жылдың төртінші қарашасындағы нөмірінде Елордамыздағы Ұлттық академиялық кітапхана басқарушысы Мұңалбаеваның этикалық әдепті білмейтін әпербақан, дарақы мінезі туралы жазған еңбек ардагері С.Байқадамұлының мақаласы мені де қолыма қалам алуға мәжбүр етті. Себебі зиялы қауымның бір сәтке болса да бас қосатын киелі ордасы, оқырмандардың қара шаңырағы Ұлттық академиялық кітапхана біздің де жиі бас сұғатын жеріміз. Кітапхананың оқу залдарында отырып, мен де Мұңалбаеваның базарда жүргендей, бейәдеп қылықтары мен дөрекі мінездеріне талай-талай куә болған едім. Мұнда сырттан алғаш келген адам бірден байқайтын болар, бір қараған адамға бұл мекеме кітапханадан гөрі мұражайға көбірек ұқсайды. Атшаптырым кітапхана ғимараты жеке тұлғаларға, белгілі жазушылар мен ғалымдарға арналған кабинеттерге толы. Оған қарсы емеспіз, бірақ сырты сұлу сол кабинеттердің ішінде жылу жоқ. Себебі, не жабық тұрады немесе ішінде адам болмайды. Ал оқырмандарға арналған жалпы көпшілік оқу залы күңгірт, оқырмандар үстеліне арнайы жарық беретін лампылар жоқ. Ондай құралдар кейбір залдарда болғанымен де олардың көбі пайдалануға жарамсыз. Жалпы, кітапханада оқырмандар көп болмайды себебі қажетті, іздеген кітаптарың табыла бермейді. Кітапхана мұражай емес, керісінше, ол бір жағынан ғылым ордасы, кітапхана қызметкерлері ізденіп, республика көлеміндегі немесе жақын шет елдердегі кітапханалармен байланыс жасап, ондағы қазақ еліне қатысты жәдігерлердің көшірмелерін неге алып келмеске? Себебі бұл кітапхана ұлттық, академиялық деген статусқа ие бірден-бір кітапхана. (… бір кездері елімізде «көпшілік» деп, атының өзі-ақ бұқара көпшілікті кітап оқуға шақырып тұрған кітапханаларда тек ізденушілер ғана емес, онда қарапайым еңбек адамдары да бойларына рухани азық алу үшін де жиі-жиі, дүмеп келіп жататын. Ал қазіргі уақытта олардың ара жігін ұлттық, академиялық деп бөліп тастап, аздаған әлеуметтік топтың ғана бассұғар ордасына айналдырып жіберген жоқпыз ба деген ой туады). Кеңес заманында Алматыдағы Пушкин атындағы кітапханада жақсы бір үрдіс болатын, ол оқырмандар қажет деген кітаптарды Одақ көлеміндегі кітапханалардың қай-қайсысынан болса да абонементтік бөлім арқылы іздеп тауып, екі-үш айға уақытша болса да алып, оқырмандар қажетін өтеп жатушы еді. (Реті келгенде айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Ташкент қаласына іссапар барысымен Ә. Навои атындағы кітапхана қорымен үш аптадай жұмыс істеуімізге тура келді. «Қонақ аз отырып, көп сынайды демекші», біздің бір байқап, сүйсінгеніміз, өзбек жастары кітапханаға өте көп барады екен, тіпті сенбі, жексенбі күндері кітапханада орын болмай, жастар сыртта өз кезегін күтіп тұрғанын үнемі байқап жүрдік. Бұл көріністерді көргенде, маған өзіміздің студенттік жастық шағымыз өткен сексенінші жылдардағы Алматыдағы А.С.Пушкин атындағы кітапхана көзіме елестеп кетті, онда да дәл осындай студенттер қарасы көп болып, ол жылдары бүкіл қала кітапқұмар, кітап оқитын сияқты сезімде болатынбыз. Өзбекстан жастарының білімге, оқуға, құштарлығына қызыға қарадық, демек, ізденуге ұмтылған жастары бар елдің болашағы да зор болмақ). Ал Мұңалбаева ондай игілікті істерді жүзеге асырмақ түгілі, ұлттық кітапханадағы абономенттік бөлімді жауып, ондағы кітаптарды басқа кітапханаларға таратып жатқанға ұқсайды. Есесіне, кітапхананың көрнекті жерінен Кемел Тоқаевтың кісі бойына таяу муляж кітаптары орын алған. Неге Тоқаевтың кітаптарын ерекшелеп алдық, басқа да жазушылар бар емес пе? Жалпы, кітапханада ғылыми басқосулар, түрлі конференциялар жиі болып тұрады. Ондай жиындардың көпшілігінде елдің алдына шығып, көзге түсіп, реті келсе, сөйлеп қалып, өзін-өзі жарнамалап, келген құрметті қонақтарды өз үйінде күтіп жүргендей, дарақылық танытып жүретін мекеме басшысының қылығы кім-кімге болса да артықтау көрінетіні аян. Ондай жиындарда бірінші қабаттағы бір бөлме арнайы қонақтар үшін жабдықталып, үстел үсті жылы жұмсаққа толып, банкетке жалғасып жататыны да жасырын емес. Әсіресе, Мұңалбаева ханым жоғары лауазымды министрлер немесе депутаттар келгенде, ерекше жасанып, (бір кездері министр А.Мұхамедиұлы келгенде, оның жүретін жолына кілемше төсеп, онымен байқаусызда жүріп өткендерді дөрекі түрде итеріп жібергендеріне де куә болғанбыз) құлпырып, жасанды мінез танытып, іскер көрініп қалғысы келген сәттері де ел назарында. Осындайда еріксіз еске түседі, бір кездері халық әртісі, халықтың көзайымына айналған Т.Жаманқұловтың басына іс түсіп, министр А.Мұхамедиұлымен айтысамын деп жүріп, темір торға қамалып қалғанда, елден бұрын үкім айтып, «Тұңғышбайды асу керек», деп желпінген сөздері әлеуметтік желілерді жарып жібере жаздағаны да ел есінде. Десе де халықтың ықыласына бөленген талантты актер мен қарапайым кітапхана қызметкерінің арасында қандай байланыс бар екендігін әлі күнге дейін түсіне алар емеспін. Сондай‑ақ кітапхананың бірінші қабатында орналасқан көпшілік асхана да пандемия деген сылтаумен жабылып тынған. Бір мысал, біз Ташкентте болғанымызда, ондағы асхана ғана емес, буфеттер де кітапхана жұмысымен бірдей уақытта оқырмандарға қызмет етуін бір сәтке болса да тоқтатқан жоқ және бағасы да арзан, оқырмандар үшін қолжетімді болған еді. Ал біздегі оқырмандарды айтпай-ақ қоялық, кітапханадағы жүзден астам қызметкерлер (олардың тоқсан пайыздан астамы қыз-келіншектер) қайдан тамақтанбақ. Мардымсыз жалақымен олар сырттағы кафелерге бара алмайды. Еріксіз өз кабинеттерінде тамақтануға мәжбүр, бұл өртке қарсы қауіпті күшейтіп, антисанитарлық жағдайларға әкеліп соқпай ма? Мұңалбаеваның өзін ұлттық кітапхананың қызметшісі емес, керісінше, кітапхананы өзінің «вотчинасы» есебінде сезінетінін, кітапхана қабырғаларына жапсырылған мына фотосуреттерден де байқауға болады, бір қарағанда, зиялы қауым бассұғар оқырмандар ордасы оның жеке басын насихаттайтын картиналар галереясына ұқсайды.
Бұл фотосуреттер кітапхана қабырғасындағы фотогалереяның бір парасы ғана. Міне, осы әрекеттерінің өзінен-ақ кітапхана басшысының мемлекеттік қызметкерге тән этиканы сақтамай, аяқасты еткендігіне көз жеткіземіз. Қазақта «ақпаған су сасиды» деген қисынды сөз бар. Зейнеткер жасындағы Мұңалбаева ханым бұл жұмыста өзін-өзі творчестволық жағынан тауысып болды деген сенімдеміз. Әйтпесе, рухани ордамыздағы рухани жаңғыруымыз толықтай рухани тоқырауға әкеп соғуы мүмкін. «Жаңа Қазақстанның» жаңа дәуірінде жаңаша ойлайтын, біреулердің қолдауына сүйенбейтін, жоғарыға жалтақтамайтын басшылар болуы керек. Қысқасы, жастарға жол берейік. Бұл өзімнің жеке пікірім, мақсатым басқада оқырмандармен ой бөлісу. Бұл қоғамның рухани дамуы үшін де қажет.