Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:49, 09 Ақпан 2021

Кітапқа кіріптар еткен қоғам

None
None

         Жақында Қуандық Шамахайұлының аудармасында америкалық жазушы Айн Рэндтің «Менің сатып алған күйеуім» атты әңгімесін оқыдым.

Жазушы есімі, шығармалары маған беймәлім болса да, осы әңгімесі арқылы-ақ  құрметке бөленді. Жиырма жылдай бала-шағаны асыраумен күнелтіп жүріп,  кітапқұмарлығымды сөндіріп алып едім, алдымнан көмескі болса да, шырақ жанғандай әсерде болып, өзімді-өзім іштей кінәладым: күн сайын бір сағаттық уақыт бөліп, көркем әдебиетті оқығанда осы күнге шейін  20 кітап оқып қояр едім-ау деп.  Сосын «біссіміллә» деп, шетел жазушыларының кітаптарын іздей бастадым. Барар жеріміз, әрине,  аудандық кітапхана ғой. Бірақ аудандық кітапханадан кітап ала алмайтынымды осыдан 20 жыл бұрын білгенмін.

       Оқырманға бейімделген  шығар десем, сол талап әлі өзгермепті. Үйіңе кітап алып оқу үшін өзіңнің яки әйеліңнің жеке куәлігін немесе балаларыңның туу туралы куәлігін кітапхана сейфіне аманат етіп қалдыруың керек. Мақұл дейік, бірақ ол құжат жоғалса кітапхана заңды түрде жауап бермейді. Ондай тәртіп Қазақстан  заңында жоқ.  Десек те, мына Қазақстанда жеке куәліксіз жүре аласың ба?! Банк, коммуналдық төлем, «Қазпошта», салық, полиция, сот, прокуратура т.б. жұмыс орындары қит етсе жеке куәлігіңді сұрайды. Кім кітап оқу үшін жеке куәлігін кітапханаға тастап, ақымақ болып жүреді?! Үйге кітап алып оқу  мәселесі орталықтандырылған аты дардай кітапханаларда мың рет модернизация жасалынса да, оқырманға қызмет саласында  заманауи қалыпқа түсірілмепті. Ал оқу залында отырып кітап оқуға адамның ары да, зары да жібермейді. Сен кітап оқып отырсаң, бала-шағаңды кім асырайды? Бұл – арың. Зарың – коронавирус індеті өршігенде үйірленіп сол залда кітап оқып отырасың ба?

         «Мұны қойшы» деп, кітапхананың кітап қорын зерттесем, «сол баяғы Есентайдың таяғы» демекші, сөрелер «айналайын» советтік дәуірдің кітаптарына сықап тұр.  Дегенмен Габриэль Гарсианың, Марк Твеннің, Борхестің, Эрнест Хэмингуэйдің және бірнеше шетелдік жазушының бірен-саран  кітаптарын біздің аудармашы ағалар кезінде аударып үлгеріпті. Оларды сүйсіне оқыдық қой. Бірақ заман, оған ілесе көркем әдебиет те әрленіп, түрленіп жатыр емес пе? Шындығын айтайын, әлем тамсанып оқып жатқан Жан Поль Сартрдың, Ролан Барттың, Адам Смикстің, Карл Поппердің, Хайектің, Ортеганың, Гассеттің, Раймонд Аронның, Исайя Берлиннің, Жан Франсуа Ревельдің, Хавьер Серкадестің, Кортесардың, Монтеньнің, Прусстың, Марио Варгас Ллосаның, Харуки Муракамидың, Кадзуо Исигуроның  т.б. жазушылардың көркем шығармаларын біздің өлкедегі кітапханалардан шырақ алып іздесең де, таба алмайды екенсің. Бұл сауапты һәм жауапты тірлікпен кім айналысуы керек?! Мемлекет құрғанымызға бақандай 30 жыл  толды ғой.

        «Кітапты қандай қоғам оқымайды? Кедей қоғам оқымайды. Кедейге кітап оқығаннан гөрі тамақ тапқан әлдеқайда  маңызды. Надандық, әсіредіншілдік, фанатизм дегендер кітап оқымайтын кедей қоғамнан шығады. Ал кітап оқитын саналы  қоғам мұндайға жол бермейді. Сондықтан да бізде  кітап оқу  мәдениетін қалыптастыру керек», – дейді әдебиеттанушы Тілек Ырысбек «Абай жолы» пропагандалық дүние болғандықтан, КСРО-ның барлық марапатын  алды» атты сұхбатында («Тұран – Түркістан» журналы, №1, 2021 ж).

         Бір жылдары шетел әдебиетін аударатын бюро ма, әйтеуір, бір орын ашылды деген дабыралы, жарнамалы хабарды баспасөзден оқып, қуанып  едім. Шетел жауһарларына жататын кітаптарды таппағанымда бұл іс те «қу келді, қу кетті» тәмсіліне сайған екен ғой  деп өкіндім.

        Озат  тәжірибені өзіне сіңіріп алатын қасиетті біз айналамыздағы қытайдан, өзбектен, әсіресе орыстан үйренуіміз керек. Қазақстанның кез  келген кітап дүкендерінен Ресейде басылған әдемі мұқабалы, аудармасы да құптарлық кітаптарды көптеп табасыз. Бірақ әрқайсысы 4-5мың теңге тұратын  кітаптарды сатып ала беруге көпшіліктің қалтасы  көтермейді. Бұл ел әлем әдебиеті  түгіл, бизнес, өндіріс, қорғаныс, қаржыгерлік  саласындағы кітаптарға дейін саралап, сараптап, зерделеп, оқырман  кәдесіне жаратуға асығып, сапалы аударма жасап, баспаларынан тартымды етіп шығара қояды. Ал біздің осы тұрпаттағы  ісімізге  келгенде «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» дегенге тіреліп, өз тіліңді өзің жұтасың.

      Президент Қ.Тоқаев «2021 жыл – балалар әдебиеті жылы» деп жариялады. Жақсы бастама. Бірақ бастадың ба,  істі аяғына жеткіз, тастама дейтін ешкім жоқ. Өйткені балалар әдебиеті де жетісіп тұрған жоқ. «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Егемен Қазақстан» сынды республикалық газеттер балаларға арналған көркем шығарма көптігін, бірақ басылымы жоқтығын айтып шырылдап, дөңгелек үстелдер, сыр-сұхбат, сыни, проблемалық мақалалар жазып, көпшілік назарына ұсынып жатыр. Дегенмен үндері тау төбесіне жетпейтіндей.

      Мектеп  кітапханалары да бас-аяғы жоқ жұрым-жұрым үзінділерден тұратын кітаптарға толы. Оның өзі де советтік дүние. Сонда біз тәуелсіз Қазақстанда кімдерді, қай формацияға тәрбиелеп жатырмыз, осы?! Коронавирус індеті өршіген тұста мектеп кітапханалары  не бітірді? Бұл сауалға да жауап  жоқ. Онлайнмен көркем шығарма оқытып жатырмыз деп, өзімізді өзіміз алдап қойдық. Осылай өз қолымызды өзіміз кестік.  

       Рас, мектеп кітапханалары тәуелсіз Қазақстан тұсында мемлекеттік тапсырыспен шығарылған бағасы қымбат рәміздер, жан-жануарлар, тарих  туралы көркем, фотосуретті кітаптарға толды. Мән-мағынасы насихаттық болғанымен, салмағы ауыр ол кітаптар оқушы сөмкесіне сыймайды, қолтығына қысып  жүре алмайды. Қандай  кітап  болсын   бала сөмкесіне, көтеруіне, ұстауына ыңғайлы етіп шығарылуы керек. Ал бала өз үйінде бос уақытында сол кітапты отырып, жата-жастанып оқуы керек емес пе? Мектеп кітапханасына да өзгеріс керек. Кітапханашылар қауымы  оқушыны  кітапқұмарлыққа баулу мақсатында жұмыстың   әдіс-тәсілдерін ойлап табуы керек. Дәл бүгінгідей  онлайн кездесу, онлайн оқу өткіздім деп, есеп үшін жұмыс істеле берсе, кітапханашының кәсібі  түбі құрдымға кетеді. 

       Білім және ғылым министрі Аймағамбетов былтыр «мұғалімдерді мәжбүрлеп газетке жаздырмау керек» деді. Мына сөзге мұғалімдер жабыса қалды, «жазылмаймыз, бізде интернет бар» деді.  Есесіне осының көлеңкесінде оқушылар өздерінің сүйікті  газет-журналдарына жазылудан қағылды. Баланы мәжбүрлеп емес, «Балдырған», «Айгөлек», «Ертегілер елінде», «Ертегілер әлемінде», «Жыл он екі ай», «Ұлан», «Дружные ребята» секілді  газет-журналдарға жаздырып, қосымша сабақ ретінде пайдаланып отыратын бастауыш сынып мұғалімдері  бұл сауапты жұмысты тоқтатып тастады. Ал бала ертегі, тақпақ, жаңылтпаш, өлең оқымаса, оларды жаттап, зердесіне құймаса,  көркем әдебиетке қалайша қадам басады? Министр Аймағамбетов тағы да 55 жасқа жеткендердің көбі көркем әдебиетті оқымайтынын айтты. Дәл мынандай жағдайда осы министр тәрбиелеп жатқан оқушылар да  55 жасқа жеткенше көркем әдебиет ауласына  аттап қадам баспайды. Әйтпесе мына заманда ата-ана баласының газет-журналы  үшін 1500-2000 теңге таба алмайды дейсіз бе? Түсіне білген ата-анаға бұл баланың болашағы үшін құйылған алғашқы инвестиция емес пе?! Қысқасы, баланы кітапқұмарлыққа тәрбиелейтін, баулитын концепцияны  білім және ғылым министрлігінің жұмыс стилінен қазірше көрмей тұрмын.

      Әлемнің озық ойлы адамдары қай салада болсын жаңа технологияға ұялы телефон арқылы жетісіп жатқан жоқ. Құнды кітаптарды ақтарып, ғылым-білім іздеп, тапқанын кәдеге жаратып, өзін, елін, әлемді байытып жатыр. Олардың да баратын жері көпшілік кітапханасы. Бірақ дамыған елдердегі кітапханалар адамдарға қызмет етсе, біздегі  кітапханалар тек өзіне ғана қызмет ететін секілді. Тыныс-тіршілігіне  сан миллиондаған  қаржы жұмсалып жатса да,  оқырманнан күннен-күнге алыстап бара жатқан кітапханалардың күретамырына кім, қашан, қайтіп қан жүгірте алады  екен?!     

Тегтер: