Қытай 2026 жылы Тайваньға басып кіруі мүмкін — БАҚ
Батыс барлау қызметі АҚШ-тағы саяси дағдарыс Қытайға соғыс бастауға түрткі болуы ықтимал деп ескертті.
Германияның Bild басылымы Батыс барлау құрылымдарындағы дереккөздерге сүйене отырып, Қытай 2026 жылдың қарашасында Тайваньға әскери шабуыл жасауы мүмкін деп хабарлады.
Болжам: АҚШ-тағы саяси дағдарыс Қытайға мүмкіндік беруі ықтимал
Ақпарат көздерінің айтуынша, 2026 жылғы қарашада АҚШ-та өтетін аралық парламенттік сайлау ел ішінде саяси дағдарыс пен тәртіпсіздікке ұласуы мүмкін. Пекин осындай тұрақсыздық жағдайын әскери операция бастауға ыңғайлы сәт ретінде қарастырып отыр.
«Қытай билігі Америкадағы саяси партиялардың бірі сайлау нәтижелеріне наразылық танытқан жағдайда туындауы ықтимал хаосты өз мүддесіне пайдалануы мүмкін», — делінген хабарламада.
70 жаңа паром – ықтимал соғысқа дайындық
Bild мәліметінше, Қытай әскери мақсатта пайдаланылатын азаматтық паром флотын жаңартып, 2026 жылдың соңына дейін 70-тен астам ірі паром салуды жоспарлап отыр.
Әскери сарапшы Май-Бритт Штумбаумның айтуынша:
«Егер Си Цзиньпин Тайваньды бейбіт жолмен біріктіру мүмкін емес деп шешсе, ол әскери басып кіру нұсқасын таңдайды».
Тайвань: «Қытайдың гибридті соғысы күшейіп келеді»
Тайваньның Германиядағы өкілі Клемент Гу Қытай тарапынан келетін қауіптің жыл сайын артып отырғанын айтты.
«Қытай демократияға және өңірлік тұрақтылыққа қарсы гибридті соғыс жүргізіп отыр. Сондықтан Тайвань АҚШ және басқа да серіктес елдермен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі», — деді ол Bild-ке берген сұхбатында.
Соңғы жылдары Қытай Тайвань маңында әскери белсенділікті арттырды — арал маңында әскери жаттығулар, дрондар мен зымыран сынақтары жиілеген. Пекин Тайваньды өз аумағының ажырамас бөлігі деп санайды, ал арал халқы өз тәуелсіздігін қорғауға бел байлап отыр.