Қытай АҚШ-ты Мадуро мен оның жұбайын дереу босатуға шақырды
Қытай АҚШ-ты Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флоресті шұғыл түрде босатуға үндеді.
Бұл туралы Қытай Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде айтылды. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Мадуро мен оның жұбайы ұсталып, елден әкетілгенін мәлімдеген еді.
«Қытай АҚШ-ты президент Мадуро мен оның жұбайының жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оларды дереу босатуға, Венесуэлада саяси билікті әлсіретуге бағытталған әрекеттерді тоқтатуға және мәселелерді диалог пен келіссөздер арқылы шешуге шақырады», - делінген ҚХР СІМ мәлімдемесінде.
Ведомство АҚШ-тың Венесуэла президенті мен оның жұбайын күштеп ұстауына Қытайдың алаңдаушылық білдіретінін атап өтті. Сондай-ақ Қытай СІМ мұндай әрекеттердің халықаралық құқық пен халықаралық қатынастардың негізгі қағидаларын бұзатынын және БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен принциптеріне қайшы келетінін мәлімдеді.