Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 13:50

Қытай АҚШ-ты сауда келісімдерін бұзды деп айыптады

Қытай
Фото: reuters.com

Қытай мен АҚШ арасындағы сауда шиеленісі қайта күшейді. 

Қытайдың Сауда министрлігі АҚШ-ты екіжақты сауда келісімдерін бұзды деп айыптап, елдің заңды мүдделерін қорғау үшін қатаң және шешімді шаралар қабылдайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Financial Times басылымы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Министрліктің мәлімдеуінше, Вашингтон тарапынан қабылданған дискриминациялық және шектеуші шаралар Женевада жасалған халықаралық келісімдерге қайшы келеді және Қытайдың заңды құқықтарына елеулі нұқсан келтіруде.

«Егер АҚШ өз әрекетін жалғастырып, Қытайдың ұлттық мүддесіне зиян келтіретін қадамдар жасай берсе, біз батыл түрде заң аясында жауап қайырамыз», – деп мәлімдеді ҚХР Сауда министрлігі.

Сонымен қатар Қытай тарапы АҚШ-ты сауда саласындағы жаңа қайшылықтарды әдейі арандатып отыр деп айыптады. Бұл мәлімдеме екі ел арасындағы ұзаққа созылған экономикалық тартыстың жаңа кезеңге өткенін аңғартады.

Айта кетейік, бұған дейін, 30 мамырда АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп Қытайды «екіжақты сауда келісімдерін бұзды» деп айыптаған болатын. Оның пікірінше, Қытаймен «жылдам мәміле» жасау арқылы АҚШ Пекинді экономикалық күйзелістен құтқарып қалған.

Еске салсақ, 12 мамыр күні қос тарап 90 күнге сауда тарифтерін тоқтату жөнінде уағдаласып, осы уақыт аралығында 10 пайыздық кедендік баж салығын сақтау туралы келісімге келген. Бірақ тараптар арасындағы келіссөздер нәтиже бермей, сауда қақтығысы қайта ушыға бастаған.

Сарапшылардың айтуынша, бұл шиеленістің салдары жаһандық нарықтарға да әсер етуі мүмкін. Әсіресе, жоғары технологиялар мен өндірістік жабдықтар саласындағы шектеулер халықаралық жеткізу тізбектеріне кері әсер етеді.

Тегтер: