Қытай армиясы басшылығындағы тазалау: бұл нені білдіреді?
The New York Times Қытай Қарулы күштері басшылығындағы соңғы өзгерістерді «елдің жаңа тарихында бұрын-соңды болмаған тазалаулар» деп бағалады.
Басылым Қытайдың мемлекеттік медиасында жарияланған деректер мен ресми мәлімдемелерге сүйене отырып, соңғы үш жылда жоғары лауазымды 30 генерал мен адмиралдың тек жетеуі ғана қызметін сақтап қалғанын хабарлады. Қалғандары қызметтен кеткен, не «жоғалып кеткен».
NYT дерегінше, бұл науқанды ҚХР төрағасы Си Цзиньпин тікелей бақылап отыр. Басылым мұны Қытай армиясы басшылығын бұрын-соңды болмаған деңгейде қайта құру деп сипаттайды.
Соңғы эпизод ретінде Сидің Қытай Қарулы күштерін басқаратын Орталық әскери комиссиядағы бірінші орынбасары Чжан Юся мен ОӘК Біріккен штаб басшысы генерал Лю Чжэньли үстінен тексеру басталды.
BBC мәліметінше, әдетте жеті адамнан тұратын ОӘК құрамында қазір екі-ақ адам қалған: Си Цзиньпиннің өзі және генерал Чжан Шэнмин. Қалған мүшелер бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы науқан аясында қызметтен алынған. NYT жазуынша, енді Чжан Шэнмин саяси тәртіп пен адалдықты қамтамасыз етуге жауап береді, ол карьерасының басым бөлігін коррупциямен күрес саласында өткізген.
Әскерге әсері қандай?
Тазалау зымыран әскерлері мен әскери-теңіз флотын қоса алғанда, Қытай армиясының барлық дерлік тармақтарын қамтыды. Чжан Юся мен Лю Чжэньлидің кетуі әскерді соғысқа дайындаумен айналысатын басқару тетігін «бассыз» қалдырды. NYT бағалауынша, ірі әскери операцияларды жоспарлауға енді төменірек лауазымдағы офицерлер көбірек тартылып жатыр. Бұл Сидің армияның жауынгерлік дайындығына сенімінің әлсірегенін көрсетуі мүмкін. Басылым мұны әскери басшылықтағы вакуум деп атайды.
Тайвань факторы
The Wall Street Journal (31 қаңтар) мұндай жаппай тазалаулар Си Цзиньпинге армияны толық бақылауға алу мүмкіндігін беріп, Тайваньға ықтимал басқыншылықты жеделдетуі мүмкін деп жазады. Бір нұсқаға сәйкес, Си мен Чжан Юся арасында армияның шабуылға дайын болу мерзімі жөнінде келіспеушілік болған: Си 2027 жылды, ал генерал 2035 жылға дейін уақыт сұраған.
Себептері қандай?
Америкалық қазіргі және бұрынғы шенеуніктер NYT-ке берген сұхбаттарында тазалаудың нақты себебі әлі анық емес екенін айтады:
— Си Цзиньпин паранойяға берілуі;
— нақты саяси қатерден қорғануы;
— әлде армиядағы сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жойғысы келуі.
АҚШ барлау талдаушылары соңғы жылдары Сиде паранойя белгілері күшейгенін де атап өткен.
Тыңшылық айыптары
WSJ қаңтардың соңында жоғары лауазымды офицерлерге арналған жабық брифингке сүйеніп, Чжан Юся Қытайдың ядролық бағдарламасы туралы ақпараттың АҚШ-қа берілуіне қатысы бар деп айыпталғанын жазды. Басылым мәліметінше, генерал ядролық қару жөніндегі негізгі техникалық деректерді берген болуы мүмкін. Сонымен қатар, оны сатып алулар жүйесінде пара алған, әрі «саяси топ құру» (партиялық бірлікке нұқсан келтіретін желі қалыптастыру) бойынша да тексеріп жатыр.