Қытай бізге жау да емес, дос та емес
Еліміз егемендiктің алғашқы жылдарынан бастап көпвекторлы сыртқы саясат ұстануға тырысып келеді. Бірақ қос көршіміз – Ресей жəне Қытаймен дұрыс байланыс орнатудың маңызы зор.
Кейінгі жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас жиілей түсті. Екі ел арасында визасыз режим орнады. 20 миллион ғана халқы бар шағын ел мен 1,5 миллиард жұрты бар алып ел арасындағы мұндай тығыз қатынасқа қауіптене қарайтын адам көп. Қытаймен қазіргі байланысымыз қандай, Бейжіңнен келер қауіп бар ма, Қазақстан неден сақтанғаны жөн? Саясаттанушы Омарəлі Əділбекұлына осы сұрақтарды қойып, шағын сұхбат құрдық.
– Омарəлі мырза, қазіргі Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы жайлы не айтасыз?
– Біздің ел тəуелсіздік алған кезде Қытай алғашқылардың бірі болып мойындады. Ол кезде біз Бейжіңде тұрамыз, Қазақстан қашан бөлек шаңырақ тігеді деп елеңдеп отырдық.
Тəуелсіздік алған соң көпвекторлы саясат ұстандық. Бұл бізге тиімді болды. Қазір Қытаймен стратегиялық əріптеспіз. Өткен ғасырдың 90-жылдары біздің елдің басшылары Қытайға барғанда «егер Қытай халқының 30%-ы машина мінсе, біздің мұнай саласындағы саудамыз қызар еді» деген екен. Бұл да екі ел арасындағы сауданың маңызды екенін білдіреді. Жақында президент Қытайға барғанда биылғы жыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы деп белгіленді. Бұл шараның тұсауы 28-29 наурызда Бейжіңде кесілді, алда Ши-ан, Шанхай, Ханчжоу, Чунцин, Үрімжі сияқты қалаларында іс-шара өтеді. Туризм жылында экология, медицина бағытында, агротуризм, қала туризмі жəне ғарыш туризмі бағытында тəжірибе алмасу болады. Біздің жасыл өнімдерімізге Қытай қызығып отыр. Ол елде Қазақстанның ұны, бидайы, соясы, бұршағы үлкен сұранысқа ие. Қытайдың Шанхай, Ханчжоу сияқты қалаларына шықсақ, біз үшін үлкен нарық болар еді.
Сыртқы саясаттағы табысты жұмыс ел экономикасының өсіп, халық тұрмысының жақсаруына мүмкіндік береді. Мысалы, Түркіменстанның газы біз арқылы Қытайға барады, бұл да бізге пайда. Сондай-ақ үшінші кеден бекеті ашылғалы жатыр. Бақты мен Аягөзді жалғайтын темір жол іске қосылса, Еуропаға жолымыз ашылар еді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы ашылса, Қытайдан шыққан тауар Амстердамға 18-22 күнде барады. Ал теңіз жолы арқылы 52 күнде жетеді. Оның үстіне теңіздегі жол қыста тоқтап қалады. Жаңа жыл жəне рождество мерекесі кезінде сауда қызатынын ескерсек, Қазақстан арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы соның орнын басар еді. Ол бізге тиімді, тауар тасығандар мемлекетке салық
төлейді, жергілікті халы жол бойында сервис орталықтарын ашып, кəсіп жасайды.
– Қытай билігі Қазақстанмен байланысқа қалай қарайды?
– Біздің географиялық орнымыз маңызды. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолы Қазақстанды оңтүстік жағынан да, солтүстік жағынан да басып өтеді. Осы жол іске қосылса, Ақтау порты ашылса, Қытайдан шыққан тауарлар Еуропаға оңай жетеді. Сол үшін олар Қазақстанмен серіктес болуға ынталы. Оның үстіне қазір Бейжің мен батыс елдерінің арасы жақсы емес. Теңіз жолдардың көбі Батыстың қолында, олар ірі мұхиттарды бақылауда ұстап отыр. Соғыс сияқты жағдайлар бола қалса, Ресейді де, Қытайды да Батыс елдері қоршап отыр. Сол үшін Бейжің Ақтау арқылы Иранға, одан əрі Орта Шығысқа өтуге ниетті. Қытай қазір Грузия мен Əзербайжанға өте көп қаржы құйып отыр.
Əр елдің өзінің мүддесі болады, Бейжің де өз мүддесін ойлайды. Оларға сауда-саттықтан бөлек, ішкі тыныштық та маңызды. Қазір Шынжаң мен Тибет мəселесі олар үшін өте өзекті болып тұр. Сондықтан Қытайға батыс өңіріне көп қаржы бөліп, сол аймақтың тыныштығын сақтауға күш салып жатыр. Сондай-ақ Қытай халқының 20-25%-ы қарттар. Енді бірнеше он жылдан кейін Қытайдың жан саны күрт азайып, 600 миллионға түседі деген болжам бар. Билік оған дейін территориясын, тілі мен дəстүрін біріктіріп алмақ. Сол үшін оларға Орталық Азияның, Қазақстанның тұрақтылығы мен тыныштығы керек. Орталық Азия тыныш болса, Шынжаң да тыныш болады деп ойлауы мүмкін.
Қытайға бидайдың көбі Канада мен АҚШ-тан келеді. Қазақстанның солтүстігінде, шығысында жаңбыр суымен өсетін бидай əлемнің үш елінде ғана бар, ол өте құнды өнім. Бірақ тəуелсіздіктен кейін біздің елде бірінші дəрежелі бидай өспей қалды, негізінен 2-3 дəрежелі өнімдер ғана бар. Қытайдың солтүстік жағы көп ұн тұтынады, бидайға сұраныс жоғары. АҚШ жəне Канадамен қатынасы бұзылса, біздің бидайға сұраныс тіптен артады. Қазіргі əлемдік саясатта Бейжің ырықсыз орында қалып отыр, олар сол тығырықтан шығатын жол іздейді. Сол үшін олар Қазақстанмен қарым-қатынасқа жай қарамайды деп ойлаймын.
– Қазақстанмен қарым-қатынас жайлы Қытай баспасөзі не жазып жатыр?
– Қытайлық БАҚ Қазақстанмен байланысты өте жақсы бағалап отыр. Біздің президент барғанда жоғары деңгейде қарсы алды. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданынның бірінші хатшысы біздің елге бірнеше рет келіп кетті. Қазақстанның геосаяси орны өте жақсы, Қытай үшін батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстік тұтасып тұрған ел. Мұны Бейжің де жақсы түсініп отыр.
Қытайлық БАҚ туристерге Қазақстанға баруды ұсынып жатыр. 20 жылдың алдындағы қытай мен кейінгі 5 жылдағы қытайды салыстыруға келмейді. Бұрын әлемдегі ең көп саяхаттайтын ел Жапония мен Оңтүстік Корея болатын, қазір қытай ең көп саяхатқа шығатын халық атанып отыр. Қытайдың екі үлкен мемлекеттік мерекесі бар, сол кезде халық жаппай саяхатқа шығады. Осы кезде Жапония, Тайланд сияқты елдер Қытайдан келетін туристерді күтіп алуға арнайы дайындық көреді екен. Бұл ол елдердің экономикасына пайдалы. Қазір әлемнің әр түкпірінде қытайлық туристер қаптап жүр. Біздің елде туристік сервис дұрыс жолға қойылмаған. Бұл саланы дамыту үшін сервисті дұрыстау қажет, бүгінгі таңда туризм мемлекетке пайда әкелетін үлкен күшке айналғаны белгілі.
Бірақ әр ел ұлттық қауіпсіздікке көңіл бөлгені жөн. Шетелден келген туристерді назарда ұстау керек. Бұл бағытта да Қазақстан барынша жұмыс істеп жатыр. Цифрлық жүйе бұған тиімді болды. Бұрын Қытайдан жұмысшылар келіп біздің елде тығылып жұмыс істеп жүретін. Қазір бұл мүмкін емес, Қытайдан бір адам келсе, ол құқық қорғау органдарының бақылауында болады. Шекарадан өткен сәттен бастап, қайда барды, қай қонақ үйге түсті бәрі назарда болады.
– Қытаймен қарым-қатынас барысында Қазақстан неден сақ болғаны жөн?
– Атақты Уинстон Черчилльдің «Ұлыбританияның мəңгілік досы да, мəңгілік дұшпаны да жоқ, оның мəңгілік мүдделері ғана бар» деген сөзі бар. Бізге де осы сөзді қайталап айтуға болады. Қытай бізге мəңгілік дос та емес, жау да емес. Екі ел арасындағы қарым-қатынаста біздің де, олардың да мүддесі бар. Қытай да осындай көзқараста деп ойлаймын. Қытайдың империя ретінде өзіндік амбициясы бар, ықпал көлемін кеңейте бергісі келеді. Əрине, бұрынғыдай əскер бастап келмес, бірақ экономикалық жолмен, мəдениетпен əсер етуге тырысады. Оған қарсы тұру үшін ұлттық иммунитет қажет. Ұлттық иммунитет, патриоттық ұстаным болу үшін елде əділдік болуы керек. КСРО кезіндегідей адам капиталын дұрыс пайдалануымыз қажет. Мысалы, ауылдың бір баласы өз күшімен оқып, өз күшімен жұмысқа орналаса алатын жағдайға жетуіміз керек. Азаматтар өз еңбегіне сай жоғары жалақы алуы қажет. Ол үшін саяси реформа керек, бірақ саяси реформа бір күнде орнамайды. Кеңес одағынан кейін капитализмге өттік дедік, бірақ біз жабайы капитализмге аяқ бастық. Өндіріс орындарын, зауыттарды сатып, шағып, құрттық. Мектеп, мəдениет үйі жəне кітапханаларды ат қораға, казиноға айналдырып жібердік. Одан кейін бюрократиялық капитализм орнады. Бұл тамыр-таныстық деген сөз. Билік пен бизнес астасып алды. Олар алдымен жерге, сосын қазба байлыққа, ең соңында мемлекеттік құрылымдарға ие болды. Банк жүйесін қолға алып, халықты кредитке байлады. Қытай, Ресей секілді сырт елдерден келетін қауіптен сақтану үшін өз ішіміздегі осы проблемаларды шешуіміз қажет. Қазір сол бағытта жұмыстар жүріп жатыр деп ойлаймын.
Қуаныш Қаппас