Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:14

Қытай да Ресей мұнайынан бас тартты: санкциялар әсері күшейді

Мұнай Ресей
Фото: ЖИ

Қытайдың мемлекеттік мұнай компаниялары АҚШ енгізген жаңа санкциялардан кейін Ресейден мұнай сатып алуды уақытша тоқтатты. 

Бұл шешім Ресей экономикасы үшін ауыр соққы болды, себебі бұған дейін дәл осындай қадамды Үндістан да жасаған еді.

Санкциялар және олардың салдары

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Қытайдың төрт ірі мемлекеттік мұнай алпауыты — PetroChina, Sinopec, CNOOC және Zhenhua Oil — Ресейден жаңа мұнай партияларын сатып алу бойынша келісімдерді уақытша тоқтатқан.

Мұндай шешімге АҚШ санкциялары себеп болды. 22 қазан күні АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің екі ірі мұнай алыбы — «Роснефть» пен «Лукойл» компанияларына қарсы жаңа шектеулер енгізгенін жариялады.

Санкциялар Ресейдің мұнай экспортын айтарлықтай қиындатпақ, себебі бұл екі компания елдің жалпы мұнай экспортының жартысына жуығын қамтамасыз етіп келген.

Қытай экспортының үштен бірі тоқтайды

Vortexa және Energy Aspects зерттеу компанияларының бағалауынша, Қытай Ресейден тәулігіне 250–500 мың баррель мұнай сатып алады. Бұл Қытайға теңіз арқылы жеткізілетін ресейлік мұнай экспортының үштен бір бөлігіне тең.

Қазір Ресей мұнайының негізгі бөлігі Қытайдағы тәуелсіз жеке зауыттарға ("teapot refineries") бағытталған. Сарапшылардың айтуынша, бұл зауыттар да импортты уақытша тоқтатып, жағдай тұрақталған соң қайта жандандыруды жоспарлап отыр.

Үндістан да Ресей мұнайынан бас тартатынын мәлімдеді 

Бұған дейін Bloomberg агенттігі Үндістанның ірі мұнай өңдеу зауыттары да Ресеймен сауда байланысын қысқартып жатқанын хабарлаған.

Reliance Industries — Ресей мұнайының Үндістандағы ең ірі сатып алушысы — енді импорт көлемін едәуір қысқартады немесе толық тоқтатады.

Сонымен қатар Indian Oil Corp, Bharat Petroleum Corp, Hindustan Petroleum Corp және Mangalore Refinery компаниялары да келісімшарттарын қайта қарап жатыр.

Жаңа бағыттар — Таяу Шығыс, Африка және Латын Америкасы

Қытай мен Үндістандағы зауыттар ресейлік баррельдерді Таяу Шығыс, Африка және Латын Америкасынан келетін мұнаймен алмастырмақ.

Қазіргі таңда дәл осы екі мемлекет Ресейдің теңіз арқылы экспорттайтын мұнайының 90 пайызын тұтынады.

2025 жылдың қазан айында бұл көрсеткіш тәулігіне 3 миллион баррельге жеткен, деп хабарлайды Bloomberg.

Сондай-ақ Ресей мұнайын теңіз жолымен Түркия (300 мың баррель) және Сирия (70 мың баррель) сатып алады. Ал құбыр арқылы мұнай Венгрияға, Словакияға және Қытайға жеткізіледі.

Трамп пен Путин саммиті өтпей қалды

Трамп 22 қазандағы мәлімдемесінде Путинмен Будапештте өтуі тиіс саммитті де тоқтатқанын айтты. Кездесу екі апта ішінде жоспарланған болатын.

Reuters дерегінше, Кремль келіссөз алдында тым көп талап қойған:

Донбастың толықтай Ресей бақылауына өтуі,

Украинаға НАТО-ға кіруден бас тарту,

және украин қарулы күштерін айтарлықтай қысқарту.

 «Орыстар тым көп талап қойды. АҚШ үшін Будапештте ешқандай мәміле болмайтыны анық болды», — деді Reuters агенттігіне сұхбат берген еуропалық дипломат.

 

Басқа дереккөздің айтуынша, Путиннің ұстанымы бұған дейінгі Анкоридж кездесуінен бері өзгеріссіз қалған.

Тегтер: