Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:41

Қытай «этникалық бірлік» туралы даулы заң қабылдады

Қытайдағы ұйғырлар
Фото: Getty images

Қытай парламенті құқық қорғаушылар тарапынан сынға ұшыраған, елде «этникалық бірлікті» нығайтуға бағытталған заңды қабылдады. Жаңа заң қоғамдық өмірде, соның ішінде білім беру саласында қытай тілінің мандарин диалектісіне басымдық береді.

12 наурыз күні Қытайдың жоғарғы заң шығарушы органы – Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы «Этникалық бірлік пен дамуға жәрдемдесу туралы» заңды мақұлдады. Құжат «қытай ұлты құрамындағы барлық этникалық топтар арасындағы ортақтық сезімін нығайтуға» бағытталған. Бұл мақсатқа жету міндеті қоғамдық ұйымдарға, коммерциялық компанияларға және елдің қарулы күштеріне де жүктеледі.

Атап айтқанда, заңда қытай тілінің мандарин диалектісі мен ұлттық азшылықтардың тілдері қатар қолданылатын қоғамдық орындарда мандарин тіліне басымдық беру талабы енгізілген. Құқық қорғаушылар Қытайда өз тілі мен диалектісі бар 55 этникалық азшылық бар екенін еске салады. Ал Тибет пен Ішкі Моңғолия сияқты этникалық азшылықтар көп тұратын өңірлерде мектептерде қытай тілін қолдану бұрыннан міндетті болып келген.

AFP агенттігі америкалық PEN-клубының белсендісі Эрика Нгуеннің пікірін келтіреді. Ол Бейжің билігін «балалардың өз тарихы мен мәдениетімен байланысын үзуге тырысып отыр» деп айыптады.

Құқық қорғаушылар әсіресе жаңа заң мұсылман ұйғырларға қысымды күшейтуі мүмкін деп алаңдаулы. Бұған дейін Бейжің билігі этникалық азшылықтардың құқықтарын бұзды деген айыптар бірнеше рет, соның ішінде БҰҰ тарапынан да айтылған болатын.

Жаңа заңның ықпалы Қытай аумағынан тыс жерлерге де таралуы мүмкін. Құжатта шетелдегі қытай қауымдастықтарымен байланыстарды нығайту қарастырылған. Сонымен бірге Қытайдан тыс жерде тұрып, елдің «этникалық бірлігіне нұқсан келтіруге» немесе «этникалық сепаратизмге» шақыруға қатысқан тұлғаларды заңды жауапкершілікке тарту мүмкіндігі де көзделген.

Бұл заң Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы мен Қытай басшылығы жанындағы кеңесші орган — Халықтық саяси консультативтік кеңестің дәстүрлі жыл сайынғы «екі сессиясының» соңғы күні қабылданды. Сарапшылар бұл жиындарды Қытай саясатының алдағы бағытын көрсететін маңызды индикатор деп санайды.

Биылғы «екі сессия» 15-бесжылдық жоспардың басталуымен тұспа-тұс келді. Бұл – 2026–2030 жылдарға арналған елдің экономикалық және саяси даму жол картасы.

Қытай Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цян биылғы жылға ЖІӨ өсімін 4,5–5 пайыз деңгейінде болатынын мәлімдеді. Бұл – 1991 жылдан бергі ең төмен көрсеткіштердің бірі.

Сарапшылар мұны Қытай экономикасының ондаған жыл бойы әлемдік өсімнің негізгі драйвері болған қарқынды даму кезеңінен кейінгі елеулі бетбұрыс деп бағалап отыр.

Жаңа бесжылдық жоспардың негізгі бағыты — жасанды интеллект. Қытай басшылығы оны АҚШ-пен технологиялық бәсекеде елдің дамуы үшін аса маңызды құрал деп санайды.

Сонымен қатар Бейжің жоғары технологияларға басымдық бере отырып, экономиканы ішкі тұтынуға негізделген өсім жолына қайта бағыттауды көздеп отыр. Ал сыртқы саясатта Қытай Еуропалық одақ пен АҚШ-пен қарым-қатынасты жақсартуға ұмтылып жатқанымен, Тайвань мәселесіне байланысты Жапониямен қатынастарда шиеленіс күшейіп отыр.