Қытай ғалымдары құрғаған Арал теңізінің түбіне жасанды орман егу бойынша ынтымақтасуға дайын
Арал проблемасы қазіргі замандағы ең өткір экологиялық апаттардың бірі болып табылады. Кеуіп қалған теңіз түбі қазіргі күнде тұзды батпақтарға айналып, күрделі әлеуметтік-экономикалық және экологиялық проблемаларға әкелді.
Арал мәселесін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жеке бақылап отыр. Былтыр мелекет басшысы Бакуде өткен саммитте Арал теңізін құтқару бойынша бірқатар ұсынысын айтқан болатын.
"Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын есепке алу, мониторингтеу, басқару және бөлудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша жұмыс жоспарын әзірлеу қажет. Бұл бастаманы жүзеге асыру аймақтағы суды пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етіп, Орталық Азия елдері арасындағы диалог пен достықтың нығаюына септігін тигізеді. Тағы бір маңызды бастама – Орталық Азия елдері үшін климат мәселелері бойынша жобалық кеңсе құру. Бұл қадам бізге климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын жеңілдету бойынша тиімді шараларды әзірлеуді бастауға мүмкіндік береді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондықтан бүгінде құрғаған арал теңізінің түбін ретке келтіру қоршаған ортаны қорғау және елімізді экологиялық апаттардың алдын алу бойынша негізгі мәселелерді бірі саналады.
Арал теңізінің құрғау мәселесін шешу – күрделі де сан қырлы міндет. Әртүрлі әдістер мен технологияларды жан-жақты қолдану, сондай-ақ белсенді халықаралық ынтымақтастық қажет. Арал экожүйесін қалпына келтіру айтарлықтай күш пен шыдамдылықты қажет ететін ұзақ мерзімді процесс. Арал теңізінің құрғатылған табанында жасанды ормандарды құру – келешегі зор бағыт, бірақ кешенді тәсілді және бірқатар мәселелерді шешуді талап етеді. Егжей-тегжейлі зерттеулер жүргізіп, ұзақ мерзімді жоспарлар жасап, халықаралық көмекті тарту қажет. Сондықтан Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі жасанды орман егу бойынша әлемде алға осып кеткен және рекорлшы саналатын Қытай ғалымдарымен ынтымақтастықта Аралды құтқару бойынша жұмыс істеуді көздеп отыр. Экология министрлігінің басшысы Ерлан Нысанбаев Қытай ғылым академиясының Шыңжаң экология және география институтының ғалымдарымен кездесті.
«Талқылау барысында аймақтың экологиясына тигізетін кері әсерді азайту үшін Арал теңізінің құрғаған түбіне (ҚҚТҚ) орман отырғызу мәселелері қаралды», - деп жазады ведомство.
Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік орман және дала шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, қазір Қытайдағы жасанды орман екпелерінің ауданы 87,6 миллион гектарды құрайды. Бұл ел жайылымдық көлемі бойынша да әлемде көш бастап тұр – 264,5 миллион гектар. Қытай шөлді аймақтарды қысқарту бойынша ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруда. Мысалы, «Үш солтүстік қорғаныс белдеуі» негізгі жобасының арқасында 20,3 миллион гектар аумақта шөлейттенуді тоқтатуға мүмкіндік туды. Енді қытай ғалымдары алдағы уақытта құрғаған Арал түбіне орман егу бойынша өз тәжірибесімен бөлісетін болады.
Астана өткен бірлескен отырыста министрлік өкілдері мен Қытай ғалымдары құрғап қалған Арал теңізінің түбінде жасанды орман өсіру бойынша бірқатар мәселелрді талқылады. Сонымен бірге Арпал теңізінің тбін абаттандыру үшін Қазақстан-Қытай бірлестігін құру да ұсынылды. Қытай ғалымдары Арал теңізіндегі абаттандырумен танысу, оны көхбен көру үшін арнайы Қызылорда облысына барды.
Жасанды орманның табиғатты құтқарудағы рөлі қандай?
Жасанды орманның көптеген жылдар бойы өздігінен қалыптасатын табиғи ормандардан айырмашылығы, олар адамдардың мақсатты әрекеттерінен пайда болады. Жасанды ормандар зақымдалған экожүйелерді қалпына келтіруге және топырақты эрозиядан қорғауға септігін тигізеді. Сонымен бірге бұрын орман болмаған жерлерде жасанды екпелер климатты жақсартуға, демалыс аймақтарын құруға және ағаш өндіруге көмектеседі.Бұдан бөлек, өзен жағаларында немесе шөлді жерлерде ағаш отырғызу топырақ эрозиясының алдын алуға және егінді қорғауғда да маңызы зор. Жасанды ормандар қоршаған ортаны сақтауда және адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Олардың мақсатты бағытталғандығы мен бұзылған экожүйелерді тез қалпына келтіру қабілетінің арқасында олар адам қолындағы құнды құрал болып табылады. Дегенмен, жасанды ормандарды құру кезінде олардың ерекшеліктерін ескеріп, қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерлерін барынша азайту шараларын қолдану қажет.
Айта кетейік, бұған дейінде арал түбіне жасанды орман өсіру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Соның бірі биыл көктемде өткен «Syr qorǵany - sekseýil» акциясы. Бұл акция қазіргі заманның өзекті экологиялық мәселелерінің бірі – Аралды құтқаруға бағытталған еріктілер қозғалысының жарқын мысалдарының біріне айналды. Қазақстанда жүзеге асырылған бастама ғалымдардың, экологтардың, волонтерлердің және мемлекеттік қызметкерлердің аймақтың бірегей экожүйесін қалпына келтіруге күш-жігерін біріктірді. Бқ акцияға 60-тан астам адам қатысты. Шара барысында бірнеше мың сексеуіл көшеті отырғызылды. Бұл Арал теңізінің құрғақ түбінде алғашқы «өмір аралдарын» құруға мүмкіндік берді. «Syr qorǵany – sekseýil» жобасы Арал экожүйесін қалпына келтірудің алғашқы қадамы ғана. Алдағы уақытта көгалдандыру ауқымын кеңейту, жаңа орман белдеулерін құру және өңірді қалпына келтірудің кешенді бағдарламаларын әзірлеу жоспарлануда. Соның бірегейі біз жоғарыда жазып кеткен Қытай ғалымдарымен бірлескен жоба.
Демек, жасанды орман егу арқылы жаһандық экологиялық проблемаларды шешуде аз ғана күш-жігердің арқасында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге болатынын көрсетеді. Аралды қалпына келтіру – кешенді көзқарас пен халықаралық ынтымақтастықты талап ететін ұзақ және күрделі процесс.