Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:20

Қытай Иранға үш жүк ұшағын жіберді

Қытай
Фото: zhasalash.kz

Әскери жүк жеткізуі мүмкін бе?

Қытай Иранға кем дегенде үш Boeing 747 жүк ұшағын жөнелтті. Бұл жөнінде The Telegraph басылымы хабарлады. Алғашқы рейс Израильдің әскери операциясынан кейін, 14 маусымда жіберілген. 

Әуе кемелері Қытайдың солтүстігінен ұшып шығып, Қазақстанмен шекаралас аумақты, кейін Өзбекстан мен Түрікменстан үстін басып өтіп, Иран шекарасына жақындаған тұста радардан ғайып болған. Бұл – әскери жүктердің тасымалын жасырын жүзеге асырудың бір белгісі болуы мүмкін.

Қызығы, ұшулардың соңғы нүктесі ретінде Люксембург көрсетілгенімен, аталған ұшақтардың ешбірі Еуропа әуе кеңістігіне кірмеген. Бұл жайт күмән туғызып отыр. Батыс басылымдарының мәліметінше, жүк борттарында қару-жарақ немесе әскери техника болуы ықтимал. Бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталмағанымен, бағыт пен әрекет сипаты күмәнді жеткізу операциясына ұқсайды.

Экзетер университетінің Қытайдың Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкамен байланысына маманданған оқытушысы Андреа Гизелли бұл жүктерге қатысты пікір білдіріп, былай деді:

«Қытай тарапынан Иранға қандай да бір көмек көрсетілуі мүмкін деген үміт бар. Сондықтан бұл жүктер үлкен қызығушылық тудырмай қоймайды».

Оның айтуынша, «Ирандағы қазіргі режимнің күйреуі Таяу Шығыста елеулі соққы болып, үлкен тұрақсыздыққа әкеледі». Бұл түптеп келгенде Пекиннің экономикалық және энергетикалық мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін. Қытай мен Таяу Шығыс мәселелері бойынша Израильдің Ұлттық қауіпсіздік зерттеу институтының маманы Тувия Геринг Пекин Тегеранға әскери мақсаттағы материалдар жіберіп жатқан болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.

Иран
Фото: Sepahnews / AP

Айта кетейік, Қытай бұған дейін Израильдің Иранға қарсы әскери іс-қимылдарын сынға алып, оның ауыр салдарына алаңдаушылық білдірген болатын. Сарапшылардың пікірінше, Бейжің Таяу Шығыстағы ықпалын арттырып, Иранмен стратегиялық байланысын нығайтып жатыр.

Қазіргі жағдайда бұл ұшулар халықаралық қауіпсіздік пен дипломатиялық қатынастар тұрғысынан жаңа шиеленістерге себеп болуы мүмкін.

Тегтер: