Қытай компаниясы Алматыда тау-кен саласына арналған ғылыми-зерттеу институтын ашпақ
Алматыда өтіп жатқан «Алматы – Шанхай» бизнес форумы аясында Beijing Fuxing Yihua Technology Co., Ltd. компаниясының инвестициялық жобасы таныстырылды. Бастама аясында қалада тау-кен өнеркәсібіне бағытталған ғылыми-зерттеу институтын ашу жоспарланып отыр.
Жоба минералдық шикізаттың құрамын талдауға, байыту сынақтарын жобалауға және металлургиялық үдерістерді әзірлеуге маманданбақ.

Бейжіңдегі Fuxing Yihua компаниясының вице-президенті, инвестор өкілінің айтуынша Қазақстан тау-кен саласында айтарлықтай әлеуетке ие. Алайда бірқатар бағыттарда ғылыми-технологиялық сараптама тапшылығы сақталып отыр.

«Қазақстан – тау-кен өндірісі қарқынды дамыған ірі елдердің бірі. Минералдық шикізатты талдау, байыту сынақтарын жүргізу және металлургиялық үдерістерді әзірлеу бағыттарында әлі де сұраныс бар. Біз бұл нарықтың мүмкіндігін жоғары бағалаймыз», – деді компания өкілі.
Сондай-ақ, инвестор Алматы әкімдігіне жобаны қолдағаны және оны жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасағаны үшін алғыс білдірді.

Айта кетейік, Алматыда екі қала арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты нығайтуға арналған «Алматы – Шанхай» бизнес форумы өтіп жатыр. Аталған алаң мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдерінің және сарапшылардың басын қосып, бірлескен жобалар мен жаңа әріптестік бағыттарын талқылауға мүмкіндік береді.