Қытай Орталық Азиядағы ықпалын күшейту үшін Қазақстанды пайдаланып жатыр - Bloomberg

Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары – Бейжіңнің Орталық Азиядағы ықпалын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлап отыр, деп жазады NewTimes.kz.
Аналитиктердің пікірінше, сапардың басты мақсаттарының бірі – АҚШ-пен қарым-қатынастың ушығу ықтималдығы жағдайында Қытайдың аймақтағы ұстанымдарын нығайту. Лондондағы PRISM Strategic Intelligence Ltd. консалтингтік компаниясының серіктесі Кейт Маллинсон былай дейді:
«Соңғы үш жылда Қытай Орталық Азияда өз позициясын едәуір күшейтті. Батыстың 2022 жылдан бері Ресейді оқшаулау әрекеттерін бақылаған Пекин болашақта АҚШ-пен қақтығыстар бола қалса, өзінің экономикасын және жеткізу тізбегін қорғауға дайындалуда», - дейді ол.
Сапар барысында Дональд Трамп әкімшілігінің сауда шектеулері мен тарифтік саясаты да талқылануы мүмкін.
Bloomberg атап өткендей, жаһандық геосаяси бәсекелестік күшейіп жатқан тұста Қытай Орталық Азияда альянстарын дамытуды көздейді. Бұл аймақта табиғи ресурстарға және геосаяси ықпалға қол жеткізу үшін күрес барған сайын шиеленісіп келеді.
Сол себепті Батыс елдері де аймаққа белсенді араласа бастады: жуырда Қазақстанға Италия премьер-министрі Джорджия Мелони мен Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен келді.
Қазақстан Қытай үшін маңызды стратегиялық серіктес саналады. Елде уран, мұнай және сирек кездесетін металдардың мол қоры бар, сонымен қатар Қытай тауарларын Еуропаға шығаратын негізгі құрлық жолдары да Қазақстан арқылы өтеді.
Украинадағы соғыс салдарынан Ресейдің бұрынғы совет елдеріне ықпалы әлсіреп, Қытай үшін аймақтағы экономикалық экспансияны күшейтуге жол ашылды. Орталық Азия елдерінің жалпы ішкі өнімі шамамен 500 млрд долларды құрайды, бұл Қытай үшін үлкен нарық.
Bloomberg мәліметінше, Си Цзиньпиннің бұл сапары 2020 жылдан бергі үшінші сапар болмақ. Бұл Қазақстанның Қытай сыртқы саясатындағы ерекше орнын білдіреді. 2023 жылдан бастап Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне айналды, Ресейдің орнын басып озды. Бұл – Қазақстан мен Қырғызстанның Мәскеу жетекшілік ететін Кеден одағы құрамында қалғанына қарамастан орын алған өзгеріс.
2022–2023 жылдары Қытайдың Орталық Азия елдеріне экспорты 40 пайыздан астам өсті. Huawei мен BYD сынды ірі қытайлық компаниялар аймақтағы нарықтағы үлесін арттырды. 2025 жылдың алғашқы төрт айында Қытай экспорты 2021 жылмен салыстырғанда үш есеге жуық өсті.
Сапар аясында бірқатар ірі бизнес-жобаларға қол қойылады деп күтілуде. Атап айтқанда, Қытайдың East Hope Group корпорациясы Қазақстанда жылына 1 млн тонна алюминий өндіретін ірі зауыт салуды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны – 12 миллиард доллардан асады, оны «Kazakh Invest» мемлекеттік инвестициялық компаниясы іске асырады.