Қытай Орталық телевизиясы Си мен Путиннің «мәңгі өмір» туралы әңгімесін өшіруді талап етті

Reuters халықаралық агенттігі Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путиннің ұзақ өмір сүру мүмкіндігі туралы сөйлескенін көрсететін төрт минуттық бейнероликті жоюға мәжбүр болды.
Бұл талапты бейнематериалды қолдану құқығын қайтарып алған Қытай Орталық телевизиясы (CCTV) қойды.
Бейнежазба Си мен Путин Бейжіңде Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуына арналған әскери парадқа бара жатқан сәтте түсірілген. Әңгіме барысында Си бұрын адамдар сирек жағдайда 70 жасқа дейін өмір сүретінін айтып, «қазір сол жаста болсаң да, әлі жас баласың» деген. Бұған жауап ретінде Путин болашақта биотехнологиялардың дамуы мен ағза ауыстыру адамды «мәңгі өмірге» жақындата алатынын айтқан. Ал Си «150 жасқа дейін өмір сүру мүмкіндігі осы ғасырда бар» екенін атап өткен.
CCTV наразылығы
Reuters роликті CCTV түсірген материалдар негізінде дайындап, оны мыңдаған жазылушысына таратқан. Осыдан кейін CCTV-дің заң бөлімі агенттікті «пайдалану шарттарын бұзды» деп айыптап, бейнені өшіруді талап еткен.
Reuters ұстанымы
Бейнежазба жойылғанымен, агенттік өз әрекетін дұрыс деп санайды.
«Біз жарияланған материалдарды мұқият зерттедік және Reuters-тің ұзақ жылдар бойы дәл әрі бейтарап журналистикаға адалдығы күмән тудыруға негіз таппадық», — делінген редакция мәлімдемесінде.