Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:41

Қытай Тайвань маңында ауқымды әскери жаттығу бастады

1
Фото: X/China Military Bugle

Дүйсенбі күні Қытай әскері Тайвань айналасында «Әділет миссиясы-2025» деп аталған ірі әскери жаттығуды бастады.

 Жаттығу барысында құрлық, теңіз, әуе және зымыран бөлімшелері жұмылдырылып, аралды теңіз және әуе кеңістігі арқылы блокадаға алу сценарийі сыналуда.

Қытайдың Шығыс әскери округінің мәліметінше, Тайваньды қоршаған бес теңіз және әуе аймағында нақты оқ-дәрімен атыс жаттығулары өтеді. Оған эсминецтер, фрегаттар, жойғыш ұшақтар мен бомбалаушы авиация қатысады. Сондай-ақ теңіз нысандарына соққы беру, әуеде үстемдік орнату және сүңгуір қайықтарға қарсы операциялар қарастырылған.

Шығыс әскери округінің өкілі Ши И бұл жаттығуларды «Тайвань тәуелсіздігін қолдайтын күштерге және сыртқы араласуға қатаң ескерту» деп атады. Оның айтуынша, бұл Қытайдың ұлттық егемендігі мен бірлігін қорғауға бағытталған «заңды қадам».

Ал Тайвань билігі Пекин әрекетін әскери қысым деп бағалап, аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіреді деп мәлімдеді. Reuters агенттігінің дерегінше, Қытайдың ондаған әскери кемесі мен ұшағы Тайвань жағалауына жақын маңда маневр жасап жүр, кейбірі аралдың 24 теңіз миліне дейін жақындаған.

Жауап ретінде Тайвань Қорғаныс министрлігі АҚШ-та жасалған HIMARS зымыран жүйелері мен басқа да қару түрлері бейнеленген видеоларды жариялады. Сонымен қатар жағалау күзеті қытай кемелеріне қарсы ірі кемелерін жібергенін хабарлады.

Сарапшылардың пікірінше, Қытайдың бұл жаттығулары әдеттегі дайындықтан ықтимал әскери шабуылға дайындыққа жақындай түскенін аңғартады. Соңғы жылдары Пекин Тайваньға қысымды күшейтіп, арал маңында әскери ұшулар мен теңіз операцияларын жиілетіп келеді.