Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:20, 08 Сәуір 2025

Қытай Трамптың ультиматумын «шантаж» деп бағалады

Трамп
Трамп конгрессте сөйлеп тұр. Фото: Kevin Lamarque/REUTERS

 АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытайға жаңа экономикалық санкциялар енгізу туралы мәлімдемесіне ҚХР билігі жедел әрі қатаң жауап қайтарды. Пекин Вашингтонның әрекетін «шантаж» деп бағалап, қысымға көнбейтінін ресми түрде мәлімдеді.

Еске сала кетсек, Дональд Трамп 2025 жылдың 7 сәуірінде Қытайдың АҚШ тауарларына енгізген 34 пайыздық кедендік баж салығын 8 сәуірге дейін алып тастауын талап еткен. Әйтпесе, 9 сәуірден бастап Қытай импортына қосымша 50 пайыздық тариф енгізетінін айтқан. Бұл шешім жүзеге асса, жалпы баж салығы 104 пайызға дейін жетуі мүмкін.

Қытайдың Сауда министрлігі Трамптың мәлімдемесіне былай деп жауап берді:

«Қытайға қарсы тарифтерді көтеру туралы қауіп — аса үлкен қателік және бұл АҚШ тарапынан шантаждың айқын көрінісі. Егер Құрама Штаттар осындай бағытты ұстанатын болса, Қытай соңына дейін күреседі».

Бұл мәлімдеме Қытайдың сауда саласындағы қатаң позициясын білдіреді және екі ел арасындағы текетірестің ушығуын көрсетеді.

Қытай ғана емес, Еуропа елдері де Трамптың экономикалық саясатына қарсы әрекетке дайын. Еурокомиссия АҚШ-тан келетін бірқатар тауарларға — соя бұршақтары, жаңғақтар мен шұжық өнімдеріне 25 пайыздық баж салығын енгізуді ұсынып отыр. Айта кету керек, америкалық бурбон бұл тізімге енбеген.

Мұның алдында Трамп әкімшілігі Еуроодақтан келетін көліктер мен металл өнімдеріне де тарифтер енгізген болатын. Сонымен қатар, 9 сәуірден бастап АҚШ тағы бірқатар еуропалық тауарларға 20 пайыздық кеден салығын енгізбек. Бұған қоса, америкалық президент еуропалық алкогольге де тарифтерді арттыруы мүмкін екенін ескерткен.

АҚШ-тың өз ішінде де Трамптың сауда саясатына қатысты алаңдаушылық байқалады. Президенттің кейбір жақтастары да бұл қадамдардың жағымсыз салдарларға алып келуі мүмкін екенін айтып отыр. Мәселен, белгілі инвестор және Трампты қолдайтын Билл Экман мұндай саясат «экономикалық ядролық қысқа» әкелуі мүмкін деп ескертті.

Ал миллиардер Илон Маск өз кезегінде АҚШ пен Еуроодақ арасында өзара баж салығын алып тастау идеясын ұсынды және Трамптан тарифтерді арттыру шешімінен бас тартуын сұрады.