Қытай туы мен Си Цзиньпиннің портретін өртеген акцияға қатысқан 13 адамға қылмыстық іс қозғалды
Алматы облысында Қытайдың мемлекеттік туы мен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртеген акцияға қатысушылардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, 18 адамға бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қатысушылардың барлығы – Қытайдың Шыңжаң аймағындағы этникалық қазақтар мен өзге де түркі халықтарының қысымын көтеріп жүрген тіркелмеген «Атажұрт» қозғалысының белсенділері, – деп жазады Азаттық.
Акциядан кейін олар әкімшілік жауапкершілікке тартылған еді, ал енді оларға «алауыздық қоздыру» бабы бойынша айып тағылып отыр. Бұл бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
13 адам түрмеге, 5 адам үйқамаққа жіберілді
Алматы облысы Ұйғыр аудандық соты 21 қарашада тергеу органдарының өтінішін қанағаттандырып, 18 белсендінің бұлтартпау шарасын қарады.
Нәтижесінде:
- 13 адам – 10 тәулікке абақтыға қамалды,
- 5 адам – үйқамаққа жіберілді.
Полиция Қылмыстық кодекстің 174-бабы 2-бөлігі — «алауыздық қоздыру» бойынша іс қозғағанын хабарлады.
Акция 14 қарашада жол бойында өткен. Белсенділер Қытайда ұсталған этникалық қазақ Әлімнұр Тұрғанбайды Қазақстанға қайтаруды талап еткен. Ол жазда Қытайға жұмыс бабымен барып, сол жерде ұсталған. Қазақстанда қалған отбасы оған тағылған айыптардан хабарсыз.
ҚР СІМ оны Қытай азаматы деп мәлімдеді, алайда туыстары 2017 жылдан бастап оның қазақ паспорты барын айтады.