Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:57

Қытай ядролық қару сынағына дайындалу үшін жаңа полигон салып жатыр

1
Фото: ЖИ / Жас Алаш

Қытай Шыңжаңның батыс бөлігінде орналасқан ядролық сынақ полигонын кеңейтіп, заманауи инфрақұрылыммен жабдықтай бастады.

 Бұл туралы The Washington Post басылымы спутниктік суреттер мен сарапшылар талдауына сүйеніп хабарлады.

Басылым дерегінше, полигон аумағында соңғы жылдары ауқымды құрылыс жүріп жатыр. Жаңа тоннельдер мен жолдар салынған, шөлді аймақта жоғары қуатты ядролық жарылыстарға арналған вертикалды шахталар болуы мүмкін екі ірі ұңғыма қазылған, қосымша техникалық ғимараттар және электр инфрақұрылымы жүргізілген.

Бұл аймақ Қытай 1964 жылы алғашқы атом бомбасын сынаған тарихи орын болып саналады. Алғашқы құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталған. Биыл жұмыс қарқыны күшейген.

Қытай АҚШ пен Ресейден ядролық бағдарламада артта келеді

The Washington Post сарапшыларының пікірінше, Қытайдың ядролық сынақ алаңын жаңартуы елдің ядролық бағдарламасында АҚШ пен Ресейден көп қалып қойғанына байланысты болуы мүмкін.

Бұл дайындық Вашингтон мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас ушығып тұрған кезеңде жасалып отыр. Жақында Владимир Путин ядролық қозғалтқышы бар «Буревестник» зымыраны мен «Посейдон» ядролық торпедосын таныстырған. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп Пентагонға ядролық сынақтарды қайта бастауға тапсырма берген.

Қытайдың ядролық арсеналы жылдам өсіп жатыр

Америка ғалымдары федерациясының мәліметі бойынша, АҚШ-та – 5117 ядролық оқтұмсық, Ресейде – 5459, Қытайда – 600 қару бар.

Солтүстік Кореяда шамамен 50 ядролық оқтұмсық бар.

Стокгольм халықаралық бейбітшілік зерттеулері институты (SIPRI) Қытайдың арсеналы 2030 жылға қарай 1000 оқтұмсыққа жетуі мүмкін дейді.

Қытайды ешқандай шектеу тежемейді

АҚШ пен Ресей стратегиялық шабуыл қаруларын шектеу жөніндегі келісімге бағынғанымен, Қытай мұндай шарттарға қатыспайды.

Екі держава үшін биылғы шектеулер әлі күшінде, бірақ, келісімнің мерзімі 2026 жылы аяқталады. 2023 жылы Путин оның орындалуын тоқтататынын мәлімдеген еді. Пекин кез келген келіссөзден бас тартуда, өйткені өз арсеналы АҚШ пен Ресей деңгейіне жетпеген.