Қытайда алғаш рет кибералаяқтар өлім жазасына кесілді
Қытайда Мьянманың солтүстігінде әрекет еткен кибералаяқтық топтарының мүшелері жаппай өлім жазасына кесілді. Қытай билігінің мәліметінше, телекоммуникациялық алаяқтық схемаларға қатысы бар қылмыстық топтардың 11 мүшесі өлім жазасына тартылған. Бұл – Қытайда осындай сипаттағы іс бойынша шығарылған әрі орындалған алғашқы өлім жазасы.
Үкім 2025 жылдың қыркүйегінде Қытайдың шығысындағы Чжэцзян провинциясының Вэньчжоу қалалық сотында шығарылған. BBC дерегінше, «Мин» синдикаты деп аталатын қылмыстық топтың негізгі тұлғалары 2023 жылдың қарашасында Қытай шекарасына жақын орналасқан Мьянма аумағында ұсталған.
Сот оларды қасақана кісі өлтіру, қасақана ауыр дене жарақатын салу, адамдарды заңсыз ұстау, алаяқтық және заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру баптары бойынша кінәлі деп таныды. Сот шешіміне сәйкес, бұл қылмыстық топтың әрекеттері Қытайдың кемінде 14 азаматының өліміне себеп болған.
Сотталғандар үкімге шағым түсіргенімен, 2025 жылдың қарашасында Чжэцзян провинциясының Жоғарғы халық соты төменгі соттың шешімін күшінде қалдырып, істі заң талаптарына сай қайта қарау үшін Қытайдың Жоғарғы халық сотына жолдаған. Қайта қарау нәтижесінде жоғарғы сот 2015 жылдан бері бұл қылмыстық топ Мьянма аумағында телекоммуникациялық алаяқтықпен айналысу, заңсыз казино ұйымдастыру және басқа да қылмыстар жасау үшін бірнеше база құрғанын растады.
Қытайдың Жоғарғы халық сотының дерегіне сүйенсек, алаяқтық пен заңсыз құмар ойындар арқылы айналымға түскен қаржы көлемі 10 миллиард юаньнан асқан, бұл шамамен 1,4 миллиард АҚШ долларына тең. Сонымен қатар топ мүшелері алаяқтыққа тартылған адамдарды өлтіріп, соққыға жығып, заңсыз қамауда ұстағаны анықталған.
Өлім жазасына кесілген үкімдер Қытайдың Жоғарғы халық сотының мақұлдауынан кейін Вэньчжоу қалалық сотының шешімімен орындалған.