Қытайда беделді генералдарға қатысты тергеу басталды
Қытай Халық-азаттық армиясында (ХХАА) ауқымды коррупциялық дау туындады. Оның ортасында Орталық әскери кеңестің төраға орынбасары Чжан Юся мен штаб басшысы генерал Лю Чжэнли тұр.
Егер Чжан Юся қызметінен босатылса, бұл 1989 жылғы Тяньаньмэнь алаңындағы көтерілісті басу оқиғасынан бергі Қытай армиясындағы ең ірі кадрлық ауыс-түйістердің бірі болады деп жазады The Washington Post.
Әскери билік бір қолда шоғырланып жатыр
Чжан Қытайдағы ең жоғары шенді генерал және Қытай Коммунистік партиясы Саяси бюросының 24 мүшесінің бірі. Егер ол қызметтен кетсе, бұл Си Цзиньпиннің қолында әскери биліктің бұрын-соңды болмаған деңгейде шоғырлануы деген сөз болады, деп атап өтеді басылым.
Financial Times басылымы да Қытайдың Қарулы күштерін басқаратын Орталық әскери кеңесте тек екі адам ғана қалғанын, олардың біреуі – Қытай басшысы Си Цзиньпин екенін жазады. Бұл жағдай әскери кеңес үшін бұрын-соңды болмаған жағдай екені айтылуда.
Ресми тергеу басталды
Бір күн бұрын Пекиндегі Қорғаныс министрлігі Чжан Юся мен Лю Чжэнлиге қатысты «тәртіп пен заңды өрескел бұзу» фактілері бойынша тергеу басталғанын растады. AFP агенттігі бұл терминнің Қытайда көбінесе жемқорлықты сипаттау үшін қолданылатынын атап өтеді.
75 жастағы Чжан Юся – Қытайдың ең ықпалды әскери басшысы. Ол бұл лауазымды ракеталық күштердің генералы Чжан Шэнминмен бірге атқарып келген.
Си Цзиньпин және жемқорлықпен күрес
Си Цзиньпин 2012 жылдан бері Орталық әскери кеңесті басқарып келеді және жемқорлықты Қытайға төнген ең үлкен қауіп деп есептейді. Ол 2013 жылы ҚХР төрағасы қызметіне кіріскеннен кейін мемлекеттік және әскери басқару құрылымдарындағы жемқорлыққа қарсы күресті күшейтті.
Алайда сыншылар Сидің бұл кампанияны саяси қарсыластарды жою құралы ретінде пайдаланып отырғанын айтады.
Бұған дейін де генералдар тергелген
2023 жылдың қазан айында Қытай үкіметі армияның тоғыз өкіліне қатысты коррупциялық тергеу басталғанын хабарлаған. Екі жоғары лауазымды генерал қызметінен босатылған, олардың арасында Чжан Шэнминнің алдында бұл қызметті атқарған Хэ Вэйдун да бар.