Қытайда Бирма мафиясының тағы төрт мүшесі өлім жазасына кесілді
Қытайда Бай мафиясы әулетінің төрт мүшесі өлім жазасына кесілді. Бұл әулет Мьянма аумағындағы онлайн-алаяқтық орталықтарын басқарған ең танымал қылмыстық клан ретінде белгілі.
Аталған үкімдер соңғы бір апта ішінде синдикат мүшелеріне қатысты шығарылған екінші өлім жазасы болды. Бұл туралы ВВС жазды.
Бай әулетінің мүшелері мен олардың серіктестерінен құралған 21 адамнан тұратын топ Гуандун провинциясындағы сотта алаяқтық, адам өлтіру, дене жарақатын келтіру және өзге де қылмыстар үшін кінәлі деп танылды.
Өткен жылдың қараша айында сот бес адамды, соның ішінде клан басшысы Бай Суочэнді өлім жазасына кескен еді. Алайда ол үкім жарияланғаннан кейін көп ұзамай ауру салдарынан қайтыс болды.
Бұған дейін, өткен аптада, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы алаяқтық схемаларға қарсы кең ауқымды күрес аясында Мин мафиясының 11 мүшесі де өлім жазасына кесілген. Бұл топтардың әрекеттерінен мыңдаған қытай азаматы жапа шеккен, көптеген адамдар мәжбүрлі түрде құлдық еңбекке тартылған.
Онлайн-алаяқтық орталықтары Оңтүстік-Шығыс Азия үшін күрделі проблемаға айналып отыр. Мұндай схемалардың құрбандарының басым бөлігін қытай азаматтары құрайды.
Көп жылдар бойы Бай, Мин және өзге де бірнеше клан Мьянманың Қытаймен шекаралас Лауккай қаласын бақылауда ұстаған. Бұл өңірде олар казиноларды, жезөкшелік орындарды және кибералаяқтық орталықтарын басқарған. Осы кландардың ішінде Бай әулеті «ең ықпалдысы» саналған.
Ресми деректерге сәйкес, қарулы құрылымы болған Бай Суочэн 41 жабық кешен салдырған. Бұл кешендерде алаяқтық колл-орталықтары мен казинолар орналасқан. Аталған орындарда зорлық-зомбылық мәдениеті қалыптасып, ұрып-соғу мен қорлау үйреншікті жағдайға айналған.
Сот үкімінде Бай әулетінің қылмыстық әрекеттері Қытайдың алты азаматының өліміне, бір адамның өз-өзіне қол жұмсауына, сондай-ақ ондаған адамның мүгедек болып қалуына себеп болғаны айтылған.