Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:49

Қытайдың әскери университеттері Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесіп жатыр

Путин
Фото: ЖИ

Азаттық радиосы Аустралияның стратегиялық саясат институты (ASPI) жүргізген зерттеуге сүйене отырып, Қытайдың қорғанысқа тікелей қатысы бар университеттері Ресеймен ғылыми әріптестікті күшейтіп жатқанын жазады.

 

Бұл байланыстар Мәскеуге Батыстың санкциясымен жабылған технологияларға жол ашып, сонымен қатар Қытайдың аэрокосмос пен әскери зерттеулер саласын дамытуына ықпал етіп отыр.

ASPI дерегіне қарағанда, 2019 жылдан бері Қытайдың қорғаныс жүйесіне кіретін немесе қорғаныс министрлігіне бағынатын 68 университеттің барлығы Ресеймен ғылыми-зерттеу байланысын  айтарлықтай тереңдеткен.

Зерттеу авторларының айтуынша, мұндай әріптестік Ресейге әскери қолданысы бар стратегиялық технологияларға жол ашса, Қытайға авиациялық қозғалтқыш өндірісіндегі ресейлік тәжірибе пайдасын тигізеді. ASPI сарапшысы Бетани Аллен мұны «Батыс санкциялары мен экспорттық шектеулерін айналып өтудің тетігі» деп сипаттады.

«Украинаға қарсы соғыс басталғаннан кейін Ресей Батыс ғылымынан оқшауланды. АҚШ Қытай институттарына да шектеу қойды. Осы жағдайда қос тарап бір-бірін таңдады», – дейді Аллен.

Негізгі бағыттар – дрондар мен авиациялық қозғалтқыштар

Зерттеуге сәйкес, ең көп бірлескен жобалар дрондар мен авиациялық қозғалтқыштарға байланысты.

  • Мәскеу авиация институты (МАИ) мен Бейжіңнің Beihang университеті 2017 жылдан бері авиациялық қозғалтқыштар бойынша бірлескен магистратура жүргізіп келеді. Beihang – дрон өндірісі мен ройлық басқару технологияларына маманданған.

  • Сиань технологиялық университеті Санкт-Петербург политехникалық университетімен қарым-қатынас орнатқан. Бұл ресейлік оқу орны «Орлан-10» дронын әзірлеген және АҚШ пен ЕО санкциясына ілінген.

  • Харбин политехникалық университеті (HIT) – Қытайдың ең ірі әскери университеттерінің бірі. Ол 2020 жылдан бері АҚШ санкциясында болса да, ресейлік оқу орындарымен ынтымақтастықты кеңейтіп отыр. Путин 2024 жылы Қытайға сапарында дәл осы университетті аралап, «Ресеймен ажырамас байланысы бар» деп бағалаған.

Қауіп пен геосаяси салдар

ASPI сарапшылары бұл байланыстардың әскери саланың болашағына ықпалы зор екенін айтады. Ресейдің Украинадағы соғысы жағдайында Қытайдың технологиялық қолдауы Мәскеуге санкциялық қысымды азайтуға мүмкіндік береді. Ал Қытай үшін Ресей тәжірибесі – авиация мен қару-жарақ өндірісінде дербестікке жетудің құралы.

Батыс елдері Қытай мен Ресей арасындағы осындай академиялық серіктестікті шектеуге тырысса да, қос елдегі университеттердің байланысы керісінше нығайып келеді.