Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:45, 15 Қаңтар 2024

Қытайға сегіз жылдан кейін барған қазақтың әңгімесі

Қытай
Фото: из открытых источников

Осыдан он бес жыл бұрын. Алматыға аттанғалы жаттым. «Совет» кезіндегі дүрбелеңді көзімен көрген әжем «шекара тағы жабылып қалса, далада қаласың ғой» деген күдігін айтып, жібергісі келмеді. Сонда «ХХІ ғасырда көрші екі ел шекарасын жабуы мүмкін емес» деп марқұм әжемнің «саяси сауатсыздығына» күлгенім есімде. Бірақ әжем біліп айтқан екен. Қызыл көз қытайға ХХІ ғасыр да, екі ел арасындағы тығыз экономикалық байланыс та қызық емес екен. Қаласа шекараны да жаба салады, қаласа біреуді соттап, біреуді қамай салады.

Шекара тарс бекіп, ауылға барар жолды қар мен шаң басқан қиын күндерде марқұм әжемнің әр жолы мен Қазақстанға кетерде дарбаза алдына дейін шығарып салып, кемсеңдеп қалатыны көз алдыма келетін. Ол кісі осындай алмағайып заман туатынын да, «қаңғыбас» баласын көре алмай келмеске кететінін де сезген сияқты. Шекара жабық кезде арғы беттегі жақынынан айырылған адам аз емес. Торқалы той, топырақты өлім де қытайдың қатқан жүрегін жібіткен жоқ. Қаншама қазақ қоршауға қамалған құлындай шекара торын жағалап жүгіріп жүріп, жылдарды өткізді...

Сөйтіп жүргенде шекара ашылып, көппен бірге біз де ауылға ат басын бұрдық. Қытайда орнаған темір тәртіптің лебі кеден бекетінде-ақ сезілді. Өзіміз жақтан бір терезеге көк паспортымызды көрсетіп өте шыққанымызбен, Қытай жағында төрт рет тексерістен өттік. Оны аз десеңіз, он саусағымыздың табы мен бет-бейнемізді жазып алды. Қытайда биометриялық дерек тапсыру міндетті. Кімнің-кім екенін көшедегі камера арқылы анықтай салады. Бұған шекарадан өтіп, Қытай топырағына табанымыз тигенде көз жеткіздік. Әр аудан, ауыл шетінде орналасқан бақылау бекетіне жеткенде машина терезесін түсіріп, төрт жақта төніп тұрған камераға қарайсыз, ал ол сізді танып, бәрі дұрыс болса, жүруге рұқсат береді.

Қытайлар өз елінен кеткен адам Қазақстан азаматтығын әлдеқашан алған болса да, әлі баса билегісі келіп тұрады. Шекарашылар көзінен «кіндігің бізге байланған» деген менмендікті аңғарасыз. Шекара асамын десеңіз, Қытай тіркеуінен шыққаныңыз жайлы анықтама қалтаңызда болсын. Ол болмаса, түксиген шекарашылар түтіп жеуге дайын. Жолсерігім Қазақстанға осыдан 23 жыл бұрын көшіп келіпті, соның өзінен жаңағы анықтаманы сұрап, жіті тексеріп жатты. Паспортты алып, жабық бөлмеге кетіп қалады екен, соған қарағанда, бұрын сіз тұрған ауданға хабарласып, анықтаманың шын-жалғанын тексеретін сияқты. Қазақстан азаматтығына заңды жолмен өткенімізге көз жеткізген соң, өтуге рұқсат берді, мұнда жарты сағаттай аялдадық.

Қорғас шекарасынан өткен соң алдын ала келісіп қойған жеке көлікке отырып, ауылға бет алдық. Көкдала, Кеңсай, Сайрам, Алатау. Жол бойы кілең қазақша жер аттары. Қанша қатал саясат жүрсе де, байырғы жер атауын қытайшаға өзгерте алмапты. Осының өзі бұл жерлер қазақтың атақонысы екенін аңғартып тұр. Қала, ауыл, жол аттары тақтайшаға қытай және ұйғыр тілінде жазылған. Өйткені біз барған аумақ Шынжаң-Ұйғыр автономды облысы деп аталады. Ресми іс-қағазда қытай және ұйғыр тілі қатар қолданылады. Бірақ кейінгі кезде ұйғыр тілі ұмытыла бастаған сияқты. Жол бойындағы көптеген дүкен мен мекеме атауы тек қытайша жазылғанын байқадық.

Темірдей тәртіп жол бойында да байқалып тұрды. Тіпті кейбір ереже адамды шаршатып жібереді. Машинаға артық адам отырғызуға мүлде болмайды, жаңа туған сәбидің өзі бір адам болып есептеледі. Егер үш баласы бар ерлі-зайыпты жолға шықса, екі жеңіл көлік шақыруға тура келеді. Артқы қатарда отырған жолаушылар да қауіпсіздік белдігін тағуға міндетті. Көлік жылдамдығын кең трассаның өзінде сағатына 100 км-ден асыруға болмайды. Бізге дәл осы жылдамдық шектеу жөніндегі ереже ұнады. Елімізде жылына жол апатынан 2 мыңнан аса адам көз жұмады. Халық саны 20 миллионға жаңа жеткен халық үшін бұл өте ауыр көрсеткіш. Ресми есеп бойынша, кісі өлімімен аяқталған жол апатының 80%-ына үлкен жылдамдық себеп болады екен. Қытайда адам да, машина да бізден әлдеқайда көп, ал жол апатынан қаза болатындар саны салыстырмалы түрде аз – былтыр 63 мың адам өлген. Жан-жағымызда баяу жылжып келе жатқан көліктерге қарап, осыны ойладым.

Әр елді мекен шекарасында полиция күтіп тұрып, құжат тексереді. Тіпті жүргізуші жанармай құю бекетіне де жеке куәлігін көрсетіп кіреді екен. Мұның бәрі біз сияқты еркін өмірге үйренген адамға бос әурешілік сияқты көрінгені рас. Бірақ бірнеше жыл бұрын ғана репрессия деңгейінде саясат жүрген ел үшін бұл үйреншікті жағдай шығар. Жергілікті халықтың өзі қазір тексеріс жеңілдегенін айтып қуанып жүр. Қазір тексеру бекетінде 5 минут қана аялдайсыз, ал бұрын сағаттап кезек күткен кездер көп екен. Бірақ құжат тексеретін орын өте көп. Қорғастан әрі 300 шақырым шамасында жол жүрдік, сол аралықта кемі 5-6 рет полицейлер паспортымызды алып, компьютерге тіркеді. Бір байқағанымыз, жол тосқан сақшылардың көбі ұйғыр ұлтының өкілдері екен. «Тасты тасқа ұру» үшін әдейі соларды қойды ма, әлде Іле өңірінде ұйғырлар көп болғандықтан көбіне солар тұр ма, ол жағы бізге белгісіз.

Кеш бата сағынған туған жерге жетіп, сағынысқан туыстармен кездестік. Тәртіп пен қысым қос бүйірден қысып, саясат соққыға алса да халықтың пейілі тарылмапты. Үлкендер жөпелдемеде кейбір ырым-жырым мен салт-дәстүрді орындап жатқанын байқап қалдық. Бірақ көбінің шаруасы шатқаяқтап қалыпты. Үш жылға созылған коронавирус пен карантин жұртты әбден шаршатыпты. Оның алдындағы саяси қуғын-сүргін жанына жара салса, кейінгі карантин тұрмыс-тіршілігіне кері әсер еткен.

Ертеңінде ерте тұрып, зират басына бардық. Қар жауғалы мұнда ешкім келмеген сияқты, не адамның, не машинаның ізі жоқ. Соған қарағанда, халық зиратқа барып, аруақтарға Құран бағыштауға сәл қорқатын сияқты. Бірнеше жыл бұрын жаназа шығаруға, Құран оқуға тыйым салып, діни рәсім жасағандарды сотқа тартқанын ескерсек, жергілікті жұрттың бұл қорқынышына түсіністікпен қарауға тура келеді. Ауыл молдасын жаназа шығарғаны үшін 8 жылға соттап жібергенін көзбен көрген тұрғындар діннен қорықпай қайтсін?! Зиратты аралап көрдім, көбінің төбесіне ай белгіні қайта орнатыпты. «2017-18 жылдары зиратты қиратып, төбесіндегі айды жұлды, тастағы арабша жазуларды өшірді» деген ақпарат рас екен. Халықаралық қысымнан кейін зираттарға ай белгіні билік өзі қайта қойыпты.

Репрессия сылтауы Оңтүстік Шыңжаңда дін мен терроризм болса, солтүстікте «екіжүзділерге соққы беру» деп аталды. Негізі «екіжүзді» деген атау «Мәдениет төңкерісі» кезінде партия ішіндегі сенімсіз шенділерге қаратылған. Сол қалпақты жаңа ғасырда Қазақстанға келіп-кетіп жүрген қазақтарға кигізген көрінеді. Көп адам үйіндегі Қазақстанның туы бар киімдерін, оюлы ыдыс-аяқтарын өртеуге мәжбүр болыпты. Мұны шенділер арнайы талап еткен. Тіпті үйге белгісіз аппарат алып келіп, «қазір мынаны қосамыз, үйде діни атрибут бар болса, шиқылдап сигнал береді» деп қорқытқан көрінеді. Осы айғай-шу кезінде әр үйдің төрінде тұратын жайнамаз, Құран кітап, арабша жазуы бар кілем сияқты заттардың күлі көкке ұшыпты.

Ең ауыры, билік өзі басып шығарған, 2010 жылға дейін оқушыларға оқытқан төте жазудағы қазақша кітаптарға қырғидай тиген. Бұрынғы қазақ мектептерінің кітапханасында тұрған қазақша кітаптарды қала сыртына алып шығып өртеп жіберіпті. Тілге қысым әлі жоғары деңгейде жүріп жатыр. Мектепте, балабақшада оқушы-оқытушылардан тек қытай тілінде сөйлеуді талап етеді. Бұл жағдай әсіресе үлкен қалаларда ушығып тұр. Балалар өз тілінде сөйлегені үшін кінәлі болып, қытай мұғалімдерге ұнамай қалады екен. Үрімжі маңындағы ірі аудандардың бірінде білім бөлімінде жұмыс істеген жігітпен сөйлестім. Ол білім бөлімі аудандағы мектептерге арнайы бақылау жүргізіп, қазақ тілінде сөйлеген ұстаздарға айыппұл салады дейді.

Бұл саясат жемісін бергені көрініп тұр. Ана тілін білмейтін балалар көбейіп кетіпті. Өз туыстарымның арасында да бір ауыз қазақша сөйлей алмайтын бүлдіршіндер аз емес екен. Үлкендер «осы баламның тілі қазақша шығып еді, балабақшаға барғалы ана тілін ұмытып, тек қытайша сөйлейтін болды» деп қамығып отыр. 3 жасқа дейін өз тілінде сөйлеп жүрген сәбилер балабақшаға барған соң қытайша сөйлеп кетеді екен. Ал 5 жасқа толған кез келген бала қытай тілін таза сөйлеп жүр. Тіпті 15-18 жастағы жеткіншектер арасында да ана тілін білмейтіндер кездеседі. Осыдан 15 жыл бұрын қытайша білмейтін қазақ көп болса, қазір қазақша білмейтіндер көбейген. Соған қарағанда, Чэнь Цюаньго жүргізген саясаттың тоқпағы шынымен қатты болған сияқты. Балалар ғана емес, ересектерге де қытай тілін мәжбүрлі түрде үйретіпті. Жасы алпыстан асқан ақсақалдар мен әжелер де «нихао» деп тіл сындырған көрінеді.

Чэнь Цюаньго 2016 жылы Шыңжаң-Ұйғыр автономды облысы коммунистік партиясының хатшысы қызметіне тағайындалды. 2017 жылдан бастап өңірде аз санды ұлттарды қуғындау белең алды. Чэнь қуғын-сүргін жасау және жазалаумен аты шыққан шенді. Шыңжаңға дейін Тибет автономды облысын басқарған. Тибет те Қытай билігінің басты бас ауруы еді. 2008 жылы наурызда ірі көтеріліс болып, 150 адам көз жұмған. 2011 жылы осы өлкенің тізгінін Чэнь ұстады. Ол бірден қатал саясат ұстанып, тұтас өңірде бейнекамера мен бақылау бекетін қаптатты. Тексерісті күшейтіп, қарсы шыққандарды аяусыз жазалады. Оның Тибеттегі саясаты әлем елдерінің сынына ұшыраған.

«Темір Чэнь» Тибетті тыныштандырған соң Шыңжаңға келді. Ол Тибет пен Шыңжаңға бірдей басшы болған Қытай тарихындағы алғашқы адам. Чэнь 2016 жылы тамыздан 2017 жылы шілдеге дейін қосымша 90 866 көмекші полиция қабылдапты (2009 жылы бұдан 12 есе аз болған). Олар өңірдегі қатал тексеріс пен жазалауға атсалысты. Халықаралық үйымдардың есебінше, Шыңжаңда 1 миллионнан аса адам лагерьге қамалған. 2019 жылы бұл лагерьлер жабылып, қамалғандардың көбі бостандыққа шықты. Біршамасына діни және басқа да айыптар тағып, ұзақ жылға соттап жіберді. Чэнь Цюаньго 2019 жылы АҚШ Конгресі мақұлдаған заң аясында санкцияға ілікті. Ал Шыңжаңдағы қызметінен 2021 жылы 25 желтоқсанда кетті.

Шығыс Түркістаннан Чэнь кеткенімен, ол жүргізген саясаттың салқыны, репрессияның қорқынышты елесі қалды. Ендігіде жұрт қарқылдап күліп, жарқылдап жүруден жасқанады. Көлеңкесінен күдіктеніп, күбірлеп сөйлеуге үйренген. Баяғыда әкелеріміз мал бағатын жеріне қытайларды жолатпайтын, ұрланып, дәрі шөп теруге келгендерін ат бауырына алып, қуып тастаушы еді. Қазір олай істеу мүмкін емес, қит етсе ұлтаралық мәселе шығып кетуі мүмкін.

Мен сөйлескен ауылдастарым өткен бес жылдағы көрген құқайын ашына еске алады. Әр үйдегі пышақты тізімдеп, асүйге бір ғана пышақты «арқандап» қалдырып, қалғанын жинап әкеткенін айтқанда көздерінде ызалы күлкі ойнайды. Бірақ қазір бұл күлкілі ереже өзгерген сияқты, ерлер қайтадан қынына пышақ салып жүретін болыпты. Менің байқауымша, ел көңілі алай-дүлей. Кешегі сұрапыл күннен шын құтылдық па деген күдік бар. Бала-шағаның ана тілін ұмытып жатқанына да қатты күйінеді. Өзара күңкілдесіп, баласына ұрысқан болады. Бірақ билікке қылар қайран жоқ. Оқушыны мектептен алып қайтуға барғанда, өз балаңмен қазақша сөйлессең де сынға қаласың. Қытай мұғалімнің зілді жүзіне өзі тіке қарай алмай тұрған ата-ана баласынан қалай қазақ тілін талап етеді. Амал жоқ ауыр күрсінеді де, қояды.

Осының бәріне қолын бір сілтеп, Қазақстанға кетіп қалса қайтер екен? Жоқ, оның да жөні келмейді. Алдымен қатал саясат, кейін карантин қосылып, жиған-тергенін тауысып, қамбасын ортайтып алған. Кейінгі бірнеше жылда қуаңшылық болып, егінші-малшылар да қиналып қалды. Мал арзан, өнім аз. Мұндайда өзге ел түгіл, көрші ауылға көшудің өзі қиын. Қазақстан да құшақ жайып күтіп отырған жоқ, қалтаңдағы аз ақшаң қырық түрлі құжат пен жүріп-тұрғаныңнан артылмайды. Енді Қазақстанға көшу – қалтасы қалың аз тұрғын мен жағдайы жақсы жастардың ғана қолынан келмек. Ал айлық санаған ағайын мен аз малына қараған ауыл жұртының ауа көшуге күйі келмейтін сияқты.

«Темір Чэньнен» кейін Шыңжаңға Ма Синжуй деген «ғарышкер» келді. Ол Қытай билігіндегі көп шендіге ұқсамайды, ғылым-техникаға жақын. Кезінде Қытай аэроғарыш корпорациясын басқарған. Оның үстіне бұған дейін елдегі сауда-өнеркәсіп саласы ең жақсы дамыған Гуандун облысын басқарды. Осыған қарап кей жұрт үлкен үміт күтіп жүр, жоқ дегенде өңірдің экономикасы жақсарады деген болжам бар. Өйткені өткен 5 жылдағы қуғын-сүргін мен карантин аймақтың экономикалық әлеуетін едәуір әлсіретіп кетті. Қаржының көбі қорғаныс, қауіпсіздік бағытында жұмсалған. Жоғарыда халық табысы төмендегенін айттық, оған аймақ экономикасының әлсіреуі тікелей әсер етіп отыр.

Жастардың ойы да екіұдай. Үлкендерге қарағанда жастар Қазақстанға көшуге асық. Бәрі жоғары оқу орнын бітірген, бірақ бәріне бірдей мемлекеттік жұмыс табыла бермейді, бәсеке көп, бизнес жасау орайы аз. Сол үшін Қазақстанға барып дамысақ деген ой әрбірінің басында жүр. Сөйлесе қалсаң «Қазақстанда не жоқ, қандай жұмыс бастауға болады?» деп сұрап жатады. Кішкентай балаларының тілі қытайша шыққанына қынжылатын жастар да көп. Дегенмен көбіне көш басын бері бұруға тәуекел мен қаржы қолбайлау. Оның үстіне билік көбін қарызға батырып қойған. Алғашқы төлем мен пайызы аз болғандықтан жастар бірден қарызға үй мен машина алып алады. Ұзақ мерзімді қарыз да біршама адамды жіпсіз байлап отыр.

Туыс-туғанның жақсылығын көріп қуанып, кем-кетігін көріп күйініп жүргенде он күн өте шықты. Сегіз жылдан кейін барғанда туған жерден алған әсерімді бір сөзбен «сүреңсіздік» деп суреттер едім. Далада шөп жоқ, мал аз, қалада адам аз. Халықтың бәрі онлайн саудаға көшіп, базарлар бос қалыпты. Өңірде саяси қуғын-сүргін мен карантин күшейген тұста ішкі Қытайдан келген таза қытайлардың өзі Шыңжаңнан қайтып кетіпті. Мысалы, 2016 жылға дейін Үрімжі халқының саны 5 миллионға жуықтаса, кейінгі кезде бұл көрсеткіш 3 миллионға түсті деген ақпарат бар. Бұл үрдіс шағын қалаларда да байқалып отыр. Біз барған Бортала-Моңғол автономды облысындағы кей қалада зәулім үйлер көп, бірақ онда тұратын халық аз. Қысқасы, Қытайдың қытымыр саясаты өзіне қылыш болып тиіп отыр. Шыңжаңды тыныштандырғанымен, өңірдің құтын қашырып алған сияқты. Ал ондағы қазақтың тағдыры қалай болатынын болжау қиын. Тілі қытайша шыққан балалар біз туралы ойлай ма екен...

Асылхан Жұмабай