Қытайлық дәрігерлер Нипах вирусын жұқтырудың салдары туралы ескертті
Қытайдың медицина мамандары Нипах вирусын жұқтыру ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Олардың айтуынша, ауру комаға түсу, эпилепсия ұстамалары және жүйке жүйесінің зақымдануымен аяқталуы ықтимал. Бұл туралы Қытайдың орталық телеарнасы CCTV хабарлаған.
Қаңтардың ортасында Үндістанның Батыс Бенгалия штатында медициналық қызметкерлер арасында Нипах вирусын жұқтырудың бірнеше дерегі тіркелгені хабарланған. Науқастар өздері жұмыс істейтін Барасат ауруханасында ем қабылдап, жасанды өкпе желдету аппаратына қосылған күйде оқшауланған.
Батыс БАҚ-та науқастар саны артқаны жөнінде ақпараттар тарағанымен, Үндістан билігі вирусты жаңадан жұқтырғандар анықталғанын ресми түрде растаған жоқ.
Қытайдың Шэньчжэнь қаласындағы үшінші халық ауруханасының басшысы Лу Хунчжоу ғылыми еңбегінде аурудың алғашқы белгілері атипиялық пневмонияға ұқсайтынын жазады: тамақтың ауыруы, құсу, қатты ұйқышылдық. Алайда кейін жедел респираторлық дистресс-синдром, ал кейбір жағдайларда сепсис дамуы мүмкін.
Қытайдағы жоғары деңгейлі ауруханалардың бірінде инфекциялық бөлімнің бас дәрігері Юй Кан Нипах вирусының орталық жүйке жүйесін зақымдайтынын, жедел энцефалит пен ми ісінуіне әкелуі ықтимал екенін айтты.
«Жұқтырғаннан кейін 24-48 сағат ішінде науқас комаға түсуі, эпилепсия ұстамалары басталуы немесе жүйке жүйесінде өзгерістер орын алуы мүмкін», - деді ол.
Сонымен бірге қытайлық сарапшылар вирустың Қытай аумағында кең таралу ықтималдығы төмен екенін атап өтті.
Гонконг университеті профессоры Цзинь Дунъянның айтуынша, қазіргі жағдай COVID-19 індетімен салыстыруға келмейді және қоғамда алаңдауға негіз жоқ.
Бұған дейін South China Morning Post Қытай тұрғындары Қытай Жаңа жылы қарсаңында туризмнің артуына байланысты Нипах вирусынан қауіптеніп отырғанын жазған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Нипахты әлемдегі ең қауіпті вирустардың бірі деп атайды. Оған қарсы дәрі-дәрмек те, вакцина да жоқ. Вирус қызба мен энцефалопатияға (ми жасушаларының зақымдануына әкеледі, ал өлім-жітім деңгейі 40-75% аралығында.
Нипах негізінен жарқанаттар арқылы таралады. Адамдар көбіне вирус жұққан жануардың сілекейі түскен жемістерді тұтыну арқылы ауырады. Вирус үй жануарлары арқылы да жұғуы мүмкін. Ол ауа арқылы оңай таралмайды, жұқтыру үшін ағзаның биологиялық сұйықтықтарымен тікелей байланыс қажет.
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі елде Нипах вирусын жұқтыру немесе әкелу жағдайлары тіркелмегенін хабарлады. Алайда індет анықталған өңірлерге баруды жоспарлаған қазақстандықтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға және күмәнді белгілер пайда болған жағдайда дереу дәрігерге қаралуға шақырды.