Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:40, 13 Қыркүйек 2024

Қиюын таппаған қисынсыз сөздер: өзбектің атын орысша жазғаннан не таптық?

1
Фото: ашық дереккөз

Шет тілден аударылған, БАҚ-та қолданылып жүрген тілімізге жат, қиюын таппаған қисынсыз сөздер күннен күнге көбеймесе, азаймай тұр.

 Қазақ тілінің қадір-қасиетін жете түсініп жетпегендігімізден болар, шет тілден аударылған жер-су аттары мен адамның аты-жөні, т.б атауларда қателіктердің көптігі сонша, санап тауыса алмайсың.

Ұзақ жылдар бойы қазақ-қытый тілі аудармашылығымен айналысып жүргендігімнен болар, қытай тілінен аударылған жер-су аттары, әсіресе адамның аты-жөні мүлдем ойға қонымсыз. Ақпарат саласында «Бас» деген атаудың аудармасы «Құлақ» болып өзгеріп кеткенін аңғармай жүрген аудармашыларымыз баршылық. Осындай ағаттықтардың басты себебі, қазақ тілінің қадіріне жетпей, өзге тілдің жетегімен кеткен «жетістігіміз» екенін мойындамасқа шарасызбыз.

Мәселен, кеше ғана елімізге сапарлай келген Шаңхай ынтымақтастық ұйымының бұрынғы бас хатшысы Жаң Мің (Zhang Ming)-ның аты-жөнін журналистер Жан Мін деп жарыса жариялап жатты. Алайда оның аты мен тегі мүлдем басқаша болып өзгеріп кеткенін, тек қытай тілін білетін адам ғана аңғара алар еді. Қытайда Жаң (Zhang) фамилия саны 80 миллионнан, ал Ваң (Wang) фамилиялар саны 100 миллионнан астам. Біз қытай тілінен орыс тіліне аударылған Жан фамилиясын Жаң деп, Ван фамилиясын Ваң деп дұрыстап атамасақ, онда бұл өзге ұлтқа ғана емес, өз ұлтымызға құрметсіздік. Орыстарда -ң әрпі жоқ, сол себепті олар кейде -н, кейде -нг деп береді. Біз соны тура көшіре саламыз. Құдай-ау, дайын тұрған ң-ымыз бар емес пе?!.

Ал жер-су атауларындағы қателіктер өз алдына бір төбе. Қытайдағы Бей жің, Шаң хай, Гуаң жоу сынды ірі қалалардың біз қолданып жүрген орыс тілінен енген атаулары мәнісін түсініп тұрған естір құлаққа өзге қала атауы болып естіледі. Осы тектес атаулардың бәрін жіпке тізгендей қылып айта берсек, бітпейтін ұзын-сонар әңгіме...

Көңіл аудармай жүрген бір жайт, қазақ тілінің орыс тілінен артықшылығы, бізде «ң, е, і, қ, ө» сынды әріптеріміз болғаны себепті, қытай және басқа шет тілінің атау-терминдерін дұрыс жазып, дұрыс сөйлей алатындығымызда. Өкініштісі, бай тіліміз барлық өзге тілге жетесінен жетіп тұрса да, орыс тілінің бұғауынан құтыла алмай, өз тілімізді өгейсітіп қойғанымыз өзегіңді өртейді.

Ең сорақысы, түрік тілдес елдерден енген атаулар да орыс тілі аудармасынан келгендіктен, құрамындағы кірме дыбыстар жатық айтылуға илікпей, қазақ сөздерімен үндесе алмай, ұйқасқа көнбей тұрады. Мәселен, орыс тілінен аударылып келген «Мурод, Улугбек, Эльшод, Джелал» қатарлы адам аттарын «Мұрат, Ұлықбек, Елшат, Жәлел» деп тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп тұратын қазақы есімге аударуға болар еді ғой. Өйткені бұл есімдер түрік халықтары ғана емес, барлық мұсылман қауымына ортақ есім.

Ұлы ғалым, жазушы Мұхтар Әуезов: «Орыс тілінен қазақтың тілі әлдеқайда бай, икемді, ырғақты, мағыналы, әсем, ықшам, әуезді. Екі тілді салыстыруға болмайды, қай жағынан алғанда да біздің тіліміз артық!» деп қазақ тіліне жоғары баға берген. Бүгінгі күні көп тілді меңгерген жастарымыз да шет тілін үйренуде. Қазақ тілінің артықшылығы – құрылымы мен грамматикасы жағынан шығыс азиялық тілдермен өте ұқсастығы. Сәйкесінше, сол тілдерді оңай үйрену мүмкіндігі жоғары екенін айтады. Ал түрік, арап және парсы тілдерін үйрену тіптен қиындық тудырмайтыны баршаға мәлім. Сондықтан қазақ тілінің бұндай асыл қасиетін алдымен өзіміз зерттеп білуіміз, насихаттауымыз керек.

Қысқасы, қиюын таппаған қисынсыз сөздерді түзету үшін тек ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары ғана емес, бүкіл ақпарат саласындағылар жауапкершілік арқалауға міндетті. Қазақ тіліне деген талапты күшейтіп, ортақ атсалысуы керек деп ойлаймын. Өйткені тіл – ұлттың тұғыры, рухы мен намысы, халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұрамыз.

Ескерту:

1. Шаңхай ынтымақтастық ұйымының бұрынғы бас хатшысы Жан Мин туралы ақпарат Inform.kz сайтының 2024 жыл 21 мамыр күнгі жарияланымнан;

2. Қытай фамилиясы туралы санды мәліметтер Massaget.kz сайтының 2013 жылғы 5 ақпанда жарияланған материалдан алынды. 

Шайқас Төлеубайұлы

Астана қаласы

PANDA аударма орталығы

Тегтер: