Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:45, 28 Наурыз 2025

Қызыл ту қымбатқа түсіп тұр

Әскери парад
Фото: Жас Алаш коллаж

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толады. Өркениетті елдер мұндай датаны сұрқай соғыстан сабақ алу үшін, жаһандық қақтығыстың қайталанбауы үшін еске алады.

 Ал Қазақстан, Ресей сияқты посткеңестік елдер оны үлкен мереке ретінде қабылдап, жыл сайын дүбірлі той жасап жатады. Қаншама ақша шығындап...

80 жылдықты, әсіресе Ресей президенті Владимир Путин асыға күтіп жүр. Украинаны «үш күнде басып алу» қолынан келмеген оған ескі жеңіспен елді алдау аса қажет болып тұр. Былтырдан бері бұл жайлы бірнеше рет айтты. Астанада өткен ҰҚШҰ саммитінде де осы сөзді бірнеше рет қайталап, жеңістің 80 жылдығын бірлесіп мерекелеуді ұсынған. Әрі ҰҚШҰ-ға мүше елдердің президенттерін 9 мамырда Қызыл алаңда өтетін үлкен әскери шеруге шақырды.

Мәскеуге қарап бой түзейтін мемлекеттер мұндайда үнсіз қалмайтыны анық. Сол қатарда Қазақстан да 80 жылдықты жақсылап тойлауға кірісіп кетті. Астана мерейтойға орай жалпы 94 іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Ең басты оқиға – 7 мамырда Астанада өтетін үлкен әскери шеру болмақ. ҚР қорғаныс министрлігінің есебінше, парадты өткізуге 2,5 миллиард теңге жұмсалады.

Ең қызығы, бұл қаражат министрліктің 2025 жылға арналған жауынгерлік дайындық бюджетінен алынады екен. Аймақта геосаяси жағдай ушығып, көршілеріміз ашық соғысып жатқан қиын кезде әскери дайындыққа арналған қыруар қаржыны бір күндік парадқа жұмсау қаншалық орынды?

Шынын айтқанда, Қазақстан армиясының қуаты мен қару-жарағының деңгейіне қатысты сұрақ көп. Әдетте министрліктің есебі мен сарапшылардың пікірі үйлеспей жатады. Шенділер сарбаздарымыз кез келген сынға сақадай сай, технологиямыз тас-түйін дайын дейді, ал мамандар қорғаныс қабілетіміз мәз емес екенін айтады. Тіпті кей экс-әскери қызметкер армиядағы жағдай мүлде нашар, заманауи техника жоқтың қасы дегенді айтып жүр.

Әскери шеру қашан, қалай өтеді?

Қорғаныс министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, әскери парад 2025 жылы 7 мамыр күні Астанадағы Тәуелсіздік алаңында, «Қазақ Елі» монументінің алдында өтеді. Шеру үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – тарихи және заманауи бөлімдерден құралған жаяу әскер сап түзейді. Екінші кезең – механикаландырылған колонна шеруі, ол да тарихи және заманауи бөлімнен тұрады. Үшінші кезең – авиацияның әуе шеруі.

Бұл жерде ешқандай жаңалық жоқ. Жаяу әскердің, әскери техниканың және әуе күштерінің парадына көз үйренген. Бізді таңғалдырғаны – биылғы шеруде «Ұлы Отан соғысы» кезіндегі әскери форманы киген сарбаздар сап түзейді. Оны аз десеңіз, Қазақстан аумағында құрылған әскери бөлімдердің жауынгерлік тулары алғаш рет алаңға шығады. Сондай-ақ мұражайда сақталған Жеңіс туының көшірмесін Т-34 танкіне қадап, оны да жұртқа көрсетеді.

Егемен елдің аспанында келмеске кеткен Кеңес өкіметінің туы желбіреп, ұраны асқақтайды! Тәуелсіз Қазақстан сарбаздары Совет одағының армиясының формасын киіп, сап түзейді! Бұл идеологиялық әрі саяси қателік емес пе?

КСРО кезінде еңбек еткен, коммунистік жүйеге көзі үйренген адамға Совет әскерінің сарала формасы да, қып-қызыл туы да оғаш көрінбеуі мүмкін. Бірақ егемен елде туған жас өренге елорда төріндегі бөтен елдің атрибуттары ұнай қоймасы анық. Соғыс туралы арнайы көрініс қоюға болады (театрда, фильмде, т.б.), бірақ мемлекеттік әскери шеруде қазақ тарихындағы бодан жылдардың атрибуттарын асқақтату... Қалай десеңіз де ақылға сия қоймайды. Бірақ бұл қадам бұрынғы отар елдерді шылауынан шығарғысы келмейтін, тіпті реті келсе, Кеңес одағын қайта тірілтуді армандайтын Кремльге ұнайтыны анық. Осы тұста ел билігі идеологиялық тұрғыда ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін Мәскеуге қарап бағамдай ма деген де сұрақ туындайды.

Мәскеу Екінші дүниежүзілік соғыстағы Кеңес одағының бар жеңісін өзіне ғана меншіктеп алған. Сол үшін 9 мамырды жеке мерекесі санайды. Сондықтан 1945 жылдан тұрақты түрде әскери парад өткізіп келеді. Тіпті коронавирус індеті тараған 2020 жылы әдеттегідей әскери шеру өткізе алмаса да, елдің 47 қаласында авиапарад ұйымдастырған.

Ал Қазақстанда соңғы жеңіс шеруі 2019 жылы өтті. 2020 және 2021 жылы коронавирусқа байланысты әскери парад болған жоқ. 2022, 2023 және 2024 жылдары билік бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында шеруден бас тартқан. Бірақ биыл қаржы тапшылығына да, халықтың көп бөлігінің қарсылығына да қарамай, салтанатты әскери шеру өткізгелі отыр. Оған 4,5 мың адам қатысады деген жоспар бар.

5 млн доллардың жалпылама есебі

Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев парад көзі тірі 120 соғыс ардагеріне құрмет көрсету үшін әрі Қазақстан армиясының күш-қуатын паш ету үшін өткелі жатқанын айтады. Сондай-ақ ол журналистердің әскери шеруге бөлінген 2,5 млрд теңге қайда жұмсалады деген сұрағына жауап берді.

«Бұл ақша жанар-жағармай алуға, шеруге қатысатын әскери қызметкерлерді тасуға, олардың тамағына, жаңа форма тігуге жұмсалады. Парад өтпей, әскерилер тұрақты орнында тұрған күннің өзінде бұл қаржы жауынгерлік даярлыққа жұмсалар еді», – деді вице-министр.

Бізге министр орынбасарының логикасы қызық көрініп отыр. Оның сөзінде «бұл – парад өтсе де, өтпесе де жұмсалатын қаржы, сол үшін ақшаны аямай шеру өткізгелі жатырмыз» деген мән бар сияқты. Бірақ ол қаржыны Кеңес әскерінің формасын тіктіріп, әскерилерді әрі-бері тасығанға жұмсағаннан гөрі жүйелі дайындыққа, қару-жарақ сатып алуға жұмсаған әлдеқайда тиімді екенін ескермей отыр.

Оның үстіне вице-министр 5 млн доллардың есебін нақты көрсеткен жоқ. Әскерилердің жүріп-тұруына, тамағына, техниканың жанармайына жұмсалады деп жүре жауап берді. Министрлік ақпан айында таратқан ақпаратта да осы сөз айтылған. Бұл жауап көпшілікті қанағаттандырмай отыр. Сол үшін қорғаныс министрлігіне ресми сауал жолдап, бюджеттен бөлінген 2,5 млрд доллардың нақты есебін беруді сұрадық. Әлі жауап келген жоқ.

Қорғаныс министрлігі жеңістің 80 жылдық мерейтойына қызу дайындалып жатқан тұста министр Руслан Жақсылықовтың аты мүлде аталған жоқ. Ол 2022 жылы ол қаржы тапшылығын алға тартып, парад өткізгеннен жаттығу жасаған тиімді екенін айтқан. «Бізге оқу-жаттығу өткізіп, жауынгерлік қабілетімізді тексеру маңызды ма, әлде шеру жасау ма? Жоғарғы бас қолбасшының тапсырмаларын ескеріп, қарулы күштердің жауынгерлік дайындығымен айналысқан орынды деп санаймыз», – деген министр. Ендігі істеп отырғаны мынау. Соған қарағанда, жауынгерлердің дайындығы, оқу-жаттығу маңызды деген сүйкімді аргументтері 80 жылдыққа жарамай қалған сияқты. Аузын ашса, «мақал-мәтел» төгілетін Жақсылықов осы ұстанымында берік тұра алмағанына қысылып жүр ме екен, әйтеуір тым-тырыс. Әскерде сарбаз өлімі тыйылмай, жұрттың сынына ұшырап жүрген министр мол қаржы бөлінген шеруді қалай өткізер екен?..

Әскери шеру – посткеңестік елдердің ермегі

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстан 1 млн 200 мыңдай адам аттандырған. Оның 420 мыңдайы майдан даласынан мүлде қайтпай қалды. Бұл соғыс біздің елге ғана емес, жалпы адамзат үшін аса ауыр қасірет болды. Сондықтан соғысты, соғысқа қатысқан батырлар ерлігін есте сақтау парыз. Бірақ ресейлік үлгіде емес, қазаққа тән, өркениетті жол табуымыз қажет еді. Ал біз әлі КСРО салған жолмен әскери парад өткізіп жүрміз.

Сұрапыл соғысқа қатысқан, майдан даласында мерт болған батырлар мен боздақтарды есте сақтаудың, ұлықтаудың бұдан да жақсы жолдары бар. Ол үшін Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан батырларды одан бұрынғы тұлғаларымыздан бөлмей, ал Кеңес кезіндегі тарихты ежелгі тарихымыздан ерекшелемей, біртұтас қарау қажет. Яғни КСРО кезеңін ұлттың тұтас тарихының бір бөлігі ретінде қарастыратын кез келді. Әйтпесе ХХ ғасырдағы тарихымыз Кеңес одағының меншігінде, Ресейдің жетегінде кете беретін сияқты.

Мысалы, біздің елде Екінші дүниежүзілік соғыс әлі күнге дейін Ресейдегідей «Ұлы Отан соғысы» деп аталады. Ресми билік осылай атап жүр. Қорғаныс министрлігінің 27 наурыздағы ақпаратында «Ұлы отан соғысы» деп жазылған. Ал Өзбекстан әлдеқашан бұл атаудан бас тартқан, олар соғысты «Екінші жаһан ұрысы» деп атайды. Ал 9 мамырға жеңіс күні емес, «Еске алу және құрметтеу күні» деп ат берген.

Жыл сайын әскери шеру өткізу де КСРО мен Ресейден жұққан әдет. Ресей әр жылы 9 мамырда тұрақты түрде парад өткізетінін айттық. Беларусь те Мәскеуден қалыспайды. Тіпті 2020 жылы коронавирус өршіп тұрғанда Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының ескертуін елемей, жеңістің 75 жылдығын дабыралы түрде тойлаған. Бірақ осыдан 5 жыл бұрынғы мерейтойды посткеңестік мемлекеттер жоғары деңгейде атап өте алмады. Орта Азия елдері мен Украина президенттері соғыс ескерткішіне гүл шоғын қоюмен шектелген. Ал өзге елдер Екінші дүниежүзілік соғыстың құрметіне әскери парад өткізбейді. Тіпті әлемнің көп елінде шеру тәуелсіздік күнінде немесе арнайы мереке-мейрамда ұйымдастырылады.

2022 жылы Қазақстанның жеңіс күніне орай әскери шеру өткізуден бас тартқаны Мәскеуге мүлде ұнаған жоқ. Пропагандист сарапшылар мен саясаткерлері Астана тарихқа тас атты деп, ыңыршағын бауырына алып тулаған. Ал биыл Ақорда Кремльді ренжітпейтін сияқты. 7 мамырда өзіміз парад өткіземіз, 9 мамырда қорғаныс министрлігінің арнайы бөлімі Мәскеуде өтетін шеруге қатысады. Сол күні президенттер де Мәскеуге жиналуы мүмкін. Демек біздің билік парадты 7 мамырға Отан қорғаушылар күнінің құрметіне емес, көршінің көлеңкесінен қорқып белгілеген сияқты.

Қуаныш Қаппас 

Тегтер: