Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 31 Наурыз 2026

Қызыл жасымық: Қазақстан агроөнеркәсібіндегі жаңа стратегиялық бағыт

агроөнеркәсіп
Фото: agrotv.bg

Кез келген мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің өзегін құрайтын стратегиялық сала агроөнеркәсіп кешені екені анық.

 Әсіресе Қазақстан сияқты табиғи ресурстарға бай, кең алқапты ел үшін ауыл және егін шаруашылығы тек экономикалық табыс көзі ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік тұрақтылықтың, өңірлік дамудың және экологиялық тепе-теңдіктің кепілі саналатыны рас. Қазіргі жаһандық жағдайда климаттың өзгеруі, топырақтың тозуы, бір дақылға тәуелділік сияқты факторлар аграрлық саясатқа үлкен ықпалын тигізіп отыр.

Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – 2025 жылдан бастап «Продкорпорация» қолға алған қызыл жасымық өндірісін ұзақмерзімді форвардтық қаржыландыру бағдарламасы. Бұл жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен бірлесе жүзеге асырылып, Солтүстік Қазақстанның экожүйесін сақтау және тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту бастамасының аясында іске қосылған-ды. Бағдарламаның пилоттық кезеңі Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарының аграршыларын қамтыған еді. Қазіргі таңда қатысушыларды іріктеу жүріп жатыр.

Атап айтқанда, жобаға қатысу үшін шаруашылықтар ауыспалы егіс қағидаларын сақтауға, заманауи техникамен қамтамасыз етілуге және білікті агрономдарға ие болуға тиіс. Бұл талаптардың өзі бағдарламаның ұзақмерзімді тұрақтылықты көздейтінін аңғартса керек. Өйткені ауыспалы егіс – топырақ құнарлылығын сақтаудың, ал ғылыми негізделген агротехнологиялар – өнімділікті арттырудың негізгі кепілі десек, бағдарламаның қаржылық тетігі де ерекше назар аударуға тұрарлық. Форвардтық қаржыландыру аясында фермерлерге егіс науқанына алдын ала қаражат беріледі, оның көлемі әр тонна жасымық үшін 90 мың теңге мөлшерінде есептелген. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне айналым қаражатының тапшылығын жоюға, тәуекелдерді азайтуға және өндіріс көлемін ұлғайтуға зор мүмкіндік. Ең бастысы, бұл механизм өнім өткізудің кепілді нарығын қалыптастырып, фермердің болашаққа деген сенімін нығайтары анық.

Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанның солтүстік өңірлері әлі күнге бидай дақылына тәуелді болып отыр. Кейбір облыстарда оның үлесі жалпы егістік алқаптарының 75-87 пайызына дейін жетеді. Мұндай біржақты құрылым аграрлық секторды нарықтық және климаттық тәуекелдерге осал ететіні тағы бар. Ал бұршақ тұқымдас дақылдардың әлеуеті, әсіресе Солтүстік Қазақстан облысында әлі толық пайдаланылмай отыр. Жасымық – осы тұрғыда тиімді балама ретінде қарастырылатын жалғыз дақыл.

Соңғы жылдары аграршылардың табысы көп, өнімі мол әрі қаржыны аз талап ететін дақылдарға деген қызығушылығы артып жүргенін байқадық. Бұл үрдісті нақты көрсеткіштер арқылы байқасақ та болады. Соңғы бес жылда бұршақ тұқымдас дақылдардың егістік көлемі төрт еседен астам өсіп, 781 мың гектарға жеткен екен. 2025 жылы бұл секторда рекордтық өнім жиналып, шамамен 1 млн тоннаға жуық көрсеткішке қол жеткізген. Оның ішінде жасымықтың үлесі 78 пайызды құрайды. Мұндай нәтижелер Қазақстанның экспорттық әлеуетін де айтарлықтай арттырды. Мәселен, кептірілген бұршақ өнімдерінің экспорты 570 мың тоннадан асып, бір жыл ішінде бір жарым есеге жуық өсті. Биолог зерттеуші Аяужан Тұрсынбаеваның айтуынша, өсімдік текті ақуыздың аса бай көзі тек жасымықта кездеседі екен.

«Құрамындағы ақуыз мөлшері кейбір дәнді дақылдардан әлдеқайда жоғары, бұл оны ет өнімдерін толық немесе ішінара алмастыра алатын тағам қатарына қосады. Әсіресе ағзаға жеңіл сіңетін аминқышқылдарының болуы жасымықты биологиялық құндылығы жоғары өнім етеді. Сонымен қатар оның құрамында темір, магний, калий, фолий қышқылы сияқты микроэлементтер мол. Бұл элементтер қан түзу процесін жақсартып, жүйке жүйесінің қалыпты қызметін қолдайды және жүрек-қан тамырлары жүйесіне оң әсер етеді. Жасымықтың тағы бір маңызды қасиеті – оның гликемиялық индексінің төмен болуы. Бұл дегеніміз, ол қандағы қант деңгейін күрт көтермейді, сол арқылы зат алмасу процестерін тұрақтандырады. Осы себепті жасымық диабетке бейім немесе дұрыс тамақтануға мән беретін адамдар үшін ерекше ұсынылады.

Ал енді экологиялық және топырақтық тұрғыдан қарағанда жасымықтың рөлі одан да терең. Ол бұршақ тұқымдас өсімдік болғандықтан, тамыр жүйесінде азот фиксациялайтын бактериялармен симбиоз құрады. Бұл құбылыс биологиялық азот фиксациясы деп аталады. Осы процесс арқылы атмосферадағы бос азот өсімдікке сіңімді формаға айналып, топыраққа жиналады. Нәтижесінде, жасымық өсірілген алқаптар табиғи түрде құнарланады, ал кейін егілетін дақылдар қосымша тыңайтқышсыз-ақ жоғары өнім бере алады. Бұл қасиет әсіресе қазіргі уақытта маңызды, себебі химиялық тыңайтқыштарды шамадан тыс қолдану топырақтың құрылымын бұзып, экожүйеге кері әсерін тигізіп отыр. Сонымен қатар ол топырақ эрозиясын азайтып, ылғал сақталуына да оң ықпал етеді. Жасымықтың тағы бір экологиялық артықшылығы – оның салыстырмалы түрде суға талабы төмен. Бұл оны климат өзгерісі жағдайында, әсіресе құрғақшылыққа бейім аймақтар үшін тиімді дақылдардың біріне айналдырады», – дейді маман.

Жасымықтың қасиеті тек агротехникалық артықшылықтармен ғана шектелмесе керек. Әлемдік нарықта оған деген сұраныс артып жатыр, өзінің деңгейін бір өзгертпей сақтап тұр, ал бағасы көбіне-көп бидайдан тиімдірек болып келеді. БҰҰ Даму бағдарламасының сарапшылары мұндай қаржылық құралдардың маңызын ерекше атап өтеді. Олардың пікірінше, форвардтық қаржыландыру фермерлерді жаңа дақылдарды игеруге ынталандырып қана қоймай, аграрлық секторды тәуекелдерден қорғайтын тұрақты модель қалыптастырады. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы өндірісі біржақты бағыттан арылып, көпсалалы, икемді әрі бәсекеге қабілетті жүйеге айналады. Жалпы алғанда, мұндай бастамалар ұзақ мерзімде елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, Қазақстанды аграрлық инновациялар орталығына айналдыруға негіз бола алады.

С.Бақберген