Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:00

Қызылды-жасылды киім, жиһазы жоқ бөлме немесе Калмыковтың жұмбағы

Сергей Калмыков
Фото: ашық дереккөз

Оның жаратылысы өзгеше еді... Ешкімге ұқсамайтын. Қан көшеде келе жатса жұрттың назарын өзіне бірден аударатын. Оның көзге бірден түсетін барқыт береті, ұзын камзолы, жалпақ балақты шалбары, иығынан түспейтін үшбұрыш сөмкесі – оны Алматының «ерекше адамына» айналдырған-ды.

 Калмыков киетін киімдерін ескі театр декорациясынан құрап, кенеппен жамап-тігіп алатын болған. Сырт көзге ол қызыл-сары, жасыл-көк түстерге оранған біртүрлі адам болып көрінгендіктен, оны біреулер «ессіз екен» деп те жататын. Бірақ суретшінің өзі мұндай сөздерге жай ғана: «Жоқ, мен ессіз емеспін. Мен өзгеше әлемдерді көремін. Маған табиғаттың құпиясы ашылған. Мен шөптің өскенін естимін», – деп жауап қататын. Сырт көзге бөлек болғанмен, шын мәнінде Калмыков өнерді өмірінің өзегіне айналдырған, қиялы мен қалыбы бөлек жан еді.

Сергей Иванович Калмыков 1891 жылы 6 қазанда Самарқанда дүниеге келді. Әкесі Иван Емельянович – Ресей қоғамының Транспорт конторасының меңгерушісі, Чугуев қаласының ұсақ буржуазия өкілі, ал анасы Анна орынборлық. Кейіннен оның отбасы Орынборға қоныс аударып, жас Сергей гимназияда білім алды.

Суретке деген ынтасы туралы ол өз жазбаларында: «Ес білгелі, бәлкім, үш-төрт жасымнан тартып сурет сала бастадым», – дейді. Сол себепті де ол өзінің болашағын өнермен байланыстыруды жөн көрді. 1909–1910 жылдары ол Мәскеуде тұрып, атақты К.Ф.Юонның көркемсурет мектебінде дәріс алды. Сондай-ақ Мәскеу кескіндеме, мүсін және сәулет училищесінің дайындық курсына қатысып, кәсіби суреткерлік жолына алғашқы қадам жасады.

1910 жылы Сергей Калмыков өнер ордасына айналған Петерборға жол тартып, Е.Н.Званцева мектебіне қабылданады. Мұнда ол атақты М.В.Добужинский мен «Қызыл атты шомылдыру» атты әйгілі туындысымен орыс мәдениетінің культтік бейнесіне айналған және «сферикалық перспектива» тәсілін ұсынған К.С.Петров-Водкиннің шәкірті болды. Қайталанбас көркемдік дәстүр қалыптасқан осы мектепте өткізген төрт жыл оның дүниетанымын түбегейлі өзгертіп, болашақ шығармашылығының негізін қалады. Бұл туралы ол күнделігінде: «Қандай ұлы есімдер! Бұған дейін армандауға да дәтім бармаған. Енді мен нағыз Добужинскийді көремін, бәлкім, Бакстпен де жолығармын. Ал Африкадан енді ғана оралған, сырға толы Петров-Водкинді ше! Міне, шынайы өнер деген осы! Бұдан артық не тілей аламын?!», – деп жазды.

1916–1917 жылдары Калмыков қатардағы жауынгер ретінде запастағы полкта әскери қызмет атқарды. Алайда кейіннен оң қолының сүйек қабынуына (туберкулез надкостницы) байланысты әскери қызметтен босатылып, Орынборға қайтарылды. Бұл ауыр кезең де оның шығармашылығына із қалдырғанымен, оны өнер жолынан тайдыра алмады.

«Шыбын орденді адам», 1961 ж
«Шыбын орденді адам», 1961 ж

ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтары Орынбор үшін аса күрделі кезең еді. Қала бірде ақ гвардия генералы А.И.Дутовтың, бірде Қызыл Армия бөлімдерінің қолында қалып отырды. Ал 1920 жылы Қырғыз (Қазақ) өлкесінің Кеңестерінің Құрылтай съезі ашылып, соның нәтижесінде Қазақ АКСР-і құрылды. 1920–1925 жылдары Орынбор жас республиканың алғашқы астанасы қызметін атқарды.

Дәл осындай тарихи кезеңде жас суретші өз шығармашылық жолын жалғастырды. Архивтерде сақталған өмірбаянында ол: «Театрға келгенге дейін Главполитпросвет студиясында жұмыс істедім. Басқа әріптестермен бірге Орынборда өткен Қазақ ССР Кеңестерінің алғашқы съезін безендірдім. Түрлі тапсырыстарды орындадым. Екі жыл бойы «Оренбургский рабочий» газетінде линолеумға клише ойдым және басқа да жұмыстар атқардым», – деп еске алады.

1924 жылдан бастап Калмыков театр сахнасына бет бұрды. Сахна әлемі оны барған сайын баурап, оның қиялшыл табиғатына жаңа өріс ашты. Әр қойылымға арнап ойластырылған декорациялар, кәстөмдер мен бейнелік шешімдер оның ерекше қолтаңбасын танытты. 1932–1935 жылдары ол Орта Еділ аймағының көшпелі опера труппасымен бірге ұзақ гастрольдік сапарларға шықты. Сол кезеңдегі Ақтөбедегі гастрольдердің бірінде ол белгілі қазақстандық композитор Е.Г.Брусиловскиймен танысады. Бұл кездесу Калмыков тағдырын түбегейлі өзгертті. Брусиловскийдің шақыруымен ол Алматыға жол тартуға шешім қабылдады.

Суретшімен кездесуі жайлы композитор кейін: «Қаржы мен уақытты үнемдеу үшін театр суретшісі, өзі де бір ерекше адам, бір декорацияның екі нұсқасын жасайтын. Мәселен, бір жағы «Кармен» болса, кенепті аударсаңыз, «Щелкунчик» балетінің сахнасы дайын тұратын. Барлық декорациялары жұмсақ әрі өте ықшам болатын. Бұл тәсіл тек тапқырлық қана емес, сонымен бірге суретшінің шексіз қиялының айғағы еді», – деп еске алған.

Осылайша, Ақтөбедегі таныстық пен өнер сапарларының нәтижесінде Калмыковтың тағдыры Алматыға байланды. 1935 жылдың көктемінде ол жаңадан құрылған Музыкалық театрға (қазіргі Абай атындағы опера және балет академиялық театры) суретші-қойылымшы ретінде шақырылды. Сәуір айында Алматыға ат басын тіреген ол осы қаладан біржола орын тепті.

Театрдағы алғашқы жұмыстары – «Аида», «Князь Игорь», «Тоска», «Фауст» сияқты әлемдік классикалық опералардың сахналық безендірілуі болды. Әр қойылымға ол өзінің шешімдерін енгізіп, декорацияны дербес көркем туынды ретінде қарастырды. Бұл жөнінде өнертанушы Елизавета Ким былай дейді: «Театрдағы тәжірибе оның станоктық кескіндемесіне де ықпал етті. Қайталанбас сюжеттер мен батыл композициялық шешімдер дәл осы сахналық жұмыстың ықпалынан туған».

Дегенмен оның тұрмысы өзгеше болды. Театр атынан оған қаланың бір ықшам ауданынан пәтер берілгенімен, суретші өмірінің соңына дейін үйіне бірде-бір жиһаз сатып алмаған екен. Ол төсекте емес, еденге газет төсеп ұйықтағанды жөн көрген. Бұл сырт көзге ерсі көрінгенмен, оның дүниеге деген көзқарасына еш қайшы емес еді. Себебі Калмыков өзіне қажетсіз нәрсені жинаудан гөрі уақытын, күшін және бар жан дүниесін өнерге арнауды жөн көрген.

Калмыков кескіндемемен де, графиканың түрлерімен де айналысуды ешқашан тоқтатпады, үнемі тәжірибе жасап жүрді. Ол ешбір оқулықта кездеспейтін «сызықты-ғылыми және көпқырлы-дөңгелек теориясы», «бұрмалау заңы», «сызықты-нүктелік теория» немесе «космометрия» сынды өзіндік көркемдік теориялар ойлап тапты.

Көшеде ол ерекшеленіп жүргенді ұнатқан. Оның қызылды-жасылды киімдері, ерекше кәстөмдері, барқыт береттері қала тұрғындары үшін жат, тосын көрініс болды. Алайда суретші үшін бұл қалыпты дүние. Себебі ол: «Жоғарыда, ғарышта миллиондаған көздер жерге қарап отыр. Оларды көшедегі адамдардың сұрқай, біркелкі бейнесі қатты жалықтырып жібереді. Соларға түрлі-түсті рең сыйлау керек», – дегенге сенді.

"Отырған әйел" картинасы, 1947 жыл

Ал жеке өмірде суретші жалғыз қалды. Әйелдермен қарым-қатынасы болмады десе де болады. Өз күнделіктерінде ол мұңая: «Әйелдерді мүлде көрмеймін десем де болады. Үйленсем бе екен, бала сүйсем бе екен деп армандаймын. Бірақ қорқамын: отбасы – үлкен жауапкершілік, оған ақша керек. Ал мен кедеймін. Оның үстіне мен бүгінгі күнмен емес, болашақпен өмір сүремін», – деп жазды.

Суретшінің өмірі жайлы болды деп айту қиын. Әсіресе 1960 жылдары оның тұрмысы тіпті ауырлап кетті. Оның қолына дұрыс кенеп те, қағаз да түспеген кездері болды. Бірақ суретші ешқашан шығармашылығын тоқтатпады. Қолына не түссе – соған сурет салды. Сол себепті біз оның жұмыстарын түрлі орам қақпақтарынан, ескі қағаздардың шетінен, тіпті газет-журнал беттерінен де кездестіреміз.

Өмірін өнерге арнаған суретші тірісінде тек өнер сүйер қауым арасында ғана танылды. Қоғамнан оқшауланып, отбасы да, жақын досы да болмаған ол өмірден жалғыз кетті. Ауруханаға қарттық психоз бен қатты әлсіреу диагнозымен түскен суретші 1967 жылдың 27 сәуірі көз жұмды. Өмірден өткен соң оған параноидтық шизофрения деген ресми медициналық диагноз қойды. Ал оның жерленген жері бүгінге дейін белгісіз қалды.

Бүгінгі күні Сергей Калмыковтың мұрасы жан-жақты зерттеле бастады. 1991 және 2005 жылдары суретші турасында альбом жарық көрді. 2003 жылы Санкт-Петербургтегі Мемлекеттік Ресей музейінде «Сергей Калмыков және 1920–30 жылдардағы орыс авангарды» атты ірі көрмелер өтті. Ал 2006 жылы Мәскеудегі А.С.Пушкин атындағы Мемлекеттік бейнелеу өнері музейінде «Сергей Калмыков – менің планетам» атты көрме ұйымдастырылды. АҚШ-та суретші атындағы арнайы қор құрылып, оның президенті Давид Маркиш суретшінің өміріне арналған «Белый круг» романын жазды. 2003 жылы Қазақстан Орталық мемлекеттік архивінің қызметкерлерінің еңбегімен суретшінің күнделіктері «Өмір, шығармашылық, тағдыр» деген атпен жарық көрді. Оның шығармашылығы О.Батурина, Р.Ерғалиева, С.Кобжанова, Д.Шарипова сияқты ғалымдардың монографияларында кеңінен талданды.

Калмыковтың тұлғасы Алматының мәдени кеңістігінің дамуына да ерекше ықпал етті. Ол туралы алғашқылардың бірі болып жазушы Юрий Домбровский қалам тербесе, кейінірек ақын Олжас Сүлейменов те пікір білдірді. Оның бейнесі «Солнцев» есімімен К.Салықовтың «Балкон» көркем фильміне енді (сценарий авторы – Ш.Құсаинов). Ал режиссер И.Гонопольский суретшіге арнап «Бұл мен көшеге шықтым» атты деректі трилогия түсірді.

Иесіз картиналар

Сергей Калмыков дүние салған соң, оның өнер мұрасының болашағы үлкен сұрақ тудырды. Қоғамнан оқшауланып өткен суретшінің шығармалары сатылмаған күйі түгелдей өз пәтерінде сақталып қалған еді. 1967 жылы осы қазынаға кім ие болатыны, қалай қорғалатыны туралы мәселе туындады.

Бұл оқиғада ерекше рөл атқарған тұлға – Т.Г.Шевченко атындағы Қазақ мемлекеттік көркемсурет галереясының (қазіргі Ә.Қастеев ат.ҰӨМ) директоры Любовь Георгиевна Плахотная болды. Ол суретшінің мұрасын шашыратпай, біртұтас күйінде сақтап қалуды қолға алды. Галерея атынан оның пәтеріне ғылыми қызметкерлер – М.Н.Меллер, Б.К.Барманқұлова және музей қараушысы Л.Г.Поданева жіберілді. Оларға әрбір туындыға, тіпті қарапайым эскизге дейін аса ұқыппен қарау жөнінде нақты тапсырма берілді.

Мұндағы басты мәселелердің бірі – үйде сақталған кенептер мен қағаздардың көпшілігі ылғал мен уақыттың салдарынан зақымданғандығында еді. Сол себепті жұмыстардың кейбірі бірден Орталық мемлекеттік архивтің дезокамерасына жіберілді. Ал суретшінің күнделіктері мен әдеби жазбалары суреттерімен бірге архивке тапсырылды. Туындылардың негізгі бөлігі, яғни оның картиналары мен графикалық еңбектері галерея қорында шоғырланып, кейінгі зерттеулер мен көрмелерге мүмкіндік берді. Бүгінде Ә.Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінің қорындағы Калмыков коллекциясы тек көлемімен ғана емес, тарихи маңызы жоғары мәдени қазына.

«Иесіз қалған мүлікті қабылдау және 1967 жылғы 27 сәуірде қайтыс болған азамат Калмыков Сергей Ивановичтің мүлкін мемлекет кірісіне өткізу жөніндегі 1967 жылғы 27 маусымдағы түгендеу актісіне сәйкес» галерея қызметкерлерінің ауқымды жұмыс атқарғанын көруге болады. Олар шамамен 3 000-ға жуық кескіндемелік және графикалық еңбектерді, суретшінің әдеби күнделіктерін, кітаптарын қарап, реттеп шыққан. Бай мұра пәтердің барлық бұрышына шашылып, бума-бума, рулон түрінде сақталған еді. Бірақ комиссия бұл мұраны ұқыппен жинап, келешек ұрпаққа аманат етті.

Құжаттарға сәйкес, кітаптар Қазақстан Суретшілер одағына берілсе, суреттер келесідей бөлінген: Орынбор бейнелеу өнері музейіне – 165 жұмыс (суретшінің шығармашылық жолы басталған қалаға); Мемлекеттік Ресей музейінің гравюра кабинеті – 5 графикалық жұмыс; А.С.Пушкин атындағы Мемлекеттік бейнелеу өнері музейінің гравюра кабинеті – 5 жұмыс; Павлодар облыстық кеңес өнері музейіне – 130 жұмыс; Қазақстан ССР Орталық мемлекеттік архивіне – 1 467 нобай мен эскиз; Қазақстан ССР Денсаулық сақтау министрлігінің өтінішімен Республикалық психиатрия тарихы музейіне – 107 жұмыс өткен. Психиатрия институтының бұл туындыларды ғылыми-медициналық зерттеу мақсатында өз қорына алуға өтініш жасауы қызық жайт. Неге десеңіздер, сол коллекцияның қазіргі тағдыры, өкінішке қарай, беймәлім күйінде қалып отыр.

«Қызыл аттар». Ресей, Петербург, 1911 ж.
«Қызыл аттар». Ресей, Петербург, 1911 ж.

Әдеби жазбалар

Өнертанушы С.Кобжанованың айтуынша, Сергей Калмыковтың шығармашылық қиялдары оның әдеби жазбаларымен синтезделе отырып, сызықтар мен бейнелердің, түстердің жұмбақ әлемін түзеді. Бұл әлемді автор орасан зор эмоционалдық ширығумен жазды. Өмірге ерекше сезімталдықпен қараған оның шығармашылық даралығы мен егеменді көркемдік тәжірибесі Қазақстан мәдениеті үшін айрықша құндылық болып табылады.

Суретшінің әдебиетке де ынтасы болған. Оның жазып қалдырған романдары мен альбомдарының атаулары да соны көрсетеді: «Фабрика бумов» – 93 дәптер, «Роман нашей эпохи» – 163 дәптер, «Приятная усталость» – 103 дәптер, сондай-ақ «Тайна отеля Сюли», «Тысяча композиций с атомонистическими отражателями», «Проблема джинов», либреттосы «Лунный джаз» опереттасы, «Зеленый альбом», «Зеленая книга», «Голубиная книга».

Калмыковтың қолжазбалары ХХ ғасырдың басындағы орыс өнерінің үздік дәстүрінде жасалған. Ол үшін сөздің жазылу сызбасы, шрифті, бояуы – бәрі маңызды еді. Ол парақтарды мұқият түптеп, дәптерлер мен альбомдарға біріктірді. Сол себепті бұл еңбектер тек мәтін ретінде ғана емес, қолмен жасалған бірегей, қайталанбас туындылар ретінде де ерекше құнды.

1920 жылдардан бастап Калмыковтың күнделік жүргізгені мәлім. Кейде ол әр күнінің ұсақ-түйегіне дейін, тіпті қашан тұрғанын, не істегенін, не сатып алғанына дейін жазатын. Әрине, мұндай беттерді оқу жалықтырып жіберуі мүмкін, дегенмен ол жазбаларына өнер жайлы, кескіндеме жайлы жарқын, тың және сезімге толы ерекше ойларды қосып отырған.

Қалай десек те, жүрегінің тұңғиығындағы толғаныстарын Калмыков тек қағазға сеніп тапсырған. Тіпті жіберілген және жіберілмеген хаттарын да қайта көшіріп, дәптерлеріне енгізген. Ауыр салмақты бұл дәптерлердің бәрін ол ұрпаққа аманат ретінде сақтағаны байқалады. Айтпақшы, Сергей Иванович өзін Стендаль не Толстойдан кем емеспін деп есептеген және болашақта дәл сол Толстойдың айтқандарын мысалға келтіретін адамдар суретшінің де сөздерін мысалға келтіріп отыратынына сенген. (Қазақстан Орталық мемлекеттік архиві директорының орынбасары Галина Воротынцева).

Суретшінің шығармашылығы туралы өнертанушы В.Бучинская «Калмыков тек қана кескіндемемен шектелген жоқ: ол кескіндеме теориясына қатысты ой-толғаныстарын, өлеңдерін, көркем прозасын, оперетта мен романдарға арналған мәтіндерін жазып отырды. Күнделіктерін ол ғажайып суреттермен және акварельдермен толықтырып отырды. Жазбаларын тушьпен немесе қарындашпен, өзіндік ырғақты әдемі қолтаңбамен жүргізді. Қалың мұқабалар жасап, оларды майлы бояумен безендірді. Осылайша ол көне қолжазба дәстүрін жалғастырып қана қоймай, ХХ ғасырдың 1910 жылдарында орыс футуристері қалыптастырған «авторлық кітап» тәжірибесін өзінше дамытты», – дейді.

Мақаламызды Калмыков жайлы алғашқылардың бірі болып қалам тербеген жазушы Ю.Домбровскийдің сөзімен аяқтағымыз келеді: «Егер бір күні музейде Калмыковтың көрмесін қойса, міндетті түрде барып көріңіздер. Көп дүние сізге ғажайып немесе түсініксіз болып көрінуі мүмкін. Бірақ суретшіні асығыс айыптамаңыздар. Калмыков бекер ештеңе салған жоқ. Оның әрбір нобайында өзіндік мағына, өзіндік идея бар, тек оған жету оңай емес. Амал нешік? Өйткені бұл әлемде арман, қиял және дүниені өзгеше көру сияқты бізге бағынбайтын құдіретті күштер бар».

Санжар Сырғабаев

суретші-өнертанушы

Тегтер: